Әлімхан Әбеуұлы Ермеков
(1891 - 1970) Әлімхан Әбеуұлы Ермеков

Ірі саяси қайраткер, "Алаш" қозғалысы мен "Алаш" партиясының көшбасшыларының бірі, "Алашорда" үкіметінің мүшесі, көрнекті мемлекет қайраткері, қазақ халқынан шыққан тұңғыш математик-профессор, ғұлама ғалым, ұстаз, белгілі ағартушы, Ленин басқарған Бүкілодақтық Халық комиссарлары Кеңесінің мәжілісінде (Мәскеу, 1920 ж. 17-тамыз) қазақ елінің шекарасы туралы тұңғыш баяндама жасаған қазақ, қазақ тіліндегі тұңғыш "Жоғарғы математика курсы" оқулығының иесі Ә.Ә.Ермеков бұрынғы Семей облысы, Қарқаралы уезі, Темірші болысында,Үшқараның Беріктасы деп аталатын жерде, қазіргі әкімшілік аймақтық бөлініс бойынша Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданының Қызыларай елді мекенінде 1891 жылы өмірге келген.
Ә.Ермеков ескіше хат танып, 1899-1905 жылдары Қарқаралы қаласындағы екі сатылы реалдық училищені (бастауыш мектеп) үздік бітіріп, 1905 жылы Семейдегі ерлер гимназиясына оқуға түседі. 1912 жылы 21 жасында Семей гимназиясын алтын медальмен бітіріп, Томск қаласындағы технологиялық институттың тау-кен факультетіне байқаусыз оқуға қабылданады. Оқи жүріп Ш.Уәлихановтың досы Н. Ядринцев, Г. Потанинмен танысады. Томскіде оқи жүріп, Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, Ж.Ақбаев, М.Дулатов сияқты зиялы қауым өкілдерімен, ғалымдармен етене жақын араласып, ұлт азаттығы жолындағы күреске қатысады. 1913-1914 жылдардың қысында Г.Н.Потатинді Қазақстанға шақырып, экспедиция жазбаларын өңдеуге көмектеседі. Қазақ ауыз әдебиеті үлгілері мен жыр-дастандарды жинасып, оларды орыс тіліне аударып, 1914жылдың 10 ақпанында Императордың орыс геогнафиялық қоғамы Батыс Сібір бөлімшесі мүшелерінің жиналысында ғалымдарға жүргізген жұмысының нәтижесін мәлімдейді. 1917 ж. Томскіде 5-курс оқып жүргенінде Қазан социалистік революциясы басталуына байланысты уақытша оқуын шығып, саяси күрес аренасына шығады. 1917 жылы Алаш автономиясы құрылғанда, 26 жасында жаңа үкіметтің жаңа премьер-министрінің орынбасары, әрі ел шаруашылығын жоспарлау комитетінің төрағасы етіп тағайындалады. 1917 ж. II Бүкілқазақтық съезініе Семей облысынан делегат болып қатысып, Алашорда үкіметіне мүшелікке өтеді. 1917-18 жылдары Алаш автономиясы, Уақытша Сібір үкіметі, Комуч, Башқұрт үкіметі, Сібір облыстық думасы, Уфа директориясы атынан Колчактың Омбы үкіметімен келіссөздер жүргізеді.
1918 жылдың сәуір-мамыр айларында Алашорданың облыстық және уездік комитеттері күшпен таратылып, 1919 ж. Алашорда үкіметі таратылады. 1919-1920 жылдар аралығында Қырғыз (қазақ) өлкесін басқару жөніндегі әскери-ревком комитетінің мүшесі, әрі коллегия төрағасы, Семей губревкомының мүшесі болып, Кеңес үкіметінің саяси басқару жүйесінде қызмет істеп, қазақ жерінің тұтастығын сақтау, шекарасын анықтау сияқты маңызды жұмыстар атқарып, қазақ жерлерін Қазақ АКСР-і шеңберінде тұтас дерлік топтастыруда айрықша еңбек сіңіреді. Батыс Қазақстан өңірінің, Каспийдің солтүстік жағалаулары мен Семей, Ақмола облысының жерлерінің, кейіннен Коростелев даласының Қазақстанға қайтарылуына зор үлес қосады. Еліміздің саяси, әлеуметік, экономикалық және мәдени өміріндегі маңызды өзгерістерге басшылық жасап, Қарқаралыда халық ағарту ісімен айналысып, 1921-24 жылдары Семей губерниялық атқару комитеті, губерниялық жоспарлау басқармасы, Қазақ АКСР-і Мемлекеттік жоспарлау комитеті төрағаларының орынбасары, өнеркәсіп секциясының меңгерушісі қызметтерін атқарады. Қазақ АКСР-інің 6-7 шақырылған Орталық Атқару комитетінің мүшесі болып сайланады.
1921 ж. саяси қызметтен кетіп, Қарқаралы, Ұлытау, Балқаш, Баян өлкесінің жастарының білім алуына көмектеседі. Қарқаралыда екі сатылы мектеп пен жанында кітапханасы бар педагогикалық техникум ашуға зор үлсе қосады. 1937 жылы педтехникум педагогикалық училище болып қайта құрылады (1945 ж. бұл педтехникум Абай есімін иеленіп, 1953 ж. Саран қаласына көшіріледі. Бұл қазір Саран педагогикалық колледжі деп аталады). Оқуын жалғастырып, 1923 жылы Томск технологиялық институтын бітіріп, геолог-барлаушы инженері мамандығын алып шығады. 1926 жылы ғылыми-педагогикалық қызметке ауысып, 1926-1928 жылдары Ташкент қаласындағы Қазақтың жоғары тұңғыш педагогикалық институтының жоғарғы математика кафедрасының мұғалімі, әрі жаратылыстану-математика факультетінің деканы міндеттерін атқарады. 1929 жылы Қазақ Педагогикалық институтында (қазіргі Алматы Мемлекеттік университеті) доцент, 1932-1935 жылдары Қазақ мемлекеттік зоотехникалық мал дәрігерлік институтында доцент, профессор міндетін атқарып, кафедра басшысы болады. 1935 жылы мал дәрігерлік институтта кафедра басқарып жүріп, институт ғылыми кеңесінің ұйғарымымен (ВАК шешімі бойынша) тұңғыш рет математика саласынан профессор атағын алады.
Кеңес өкіметіне, коммунистік-репрессиялық жүйеге қарсы қызметі, Алаш партиясын құрысып, Алашорда үкіметіне мүше болғаны үшін 1930 жылдың 22 қыркүйегінде істі болып, М.Әуезовпен бірге 1,7 ай түрмеде отырып, үздіксіз тергеуде болады. 1932 жылдың 20 сәуірінде ОГПУ үштігінің үкімімен алдын ала түрмеде отырған уақыты есепке алынып, босатылып, бақылаушы органдардың бақылауына алынады.
1935 ж. қазақ тілінде "Ұлы математика курсы" кітабын, 1936ж. "Қазақ тілінің математика терминдері" атты түсіндірме сөздігін жарыққа шығарады. 1935-1937 жылдары Алматы Кен-металлургия институтында (қазіргі ҚазҰТУ) математика және теориялық механика кафедрасының меңгерушісі, техникалық факультеттің деканы қызметтерін атқарады. 1932-1936 жылдары ҚазАССР оқу ағарту халық комиссариатының арнаулы тапсырмасымен қазақ тілінде математика терминологиясын жасап шығарады. 1935 жылы жарыққа шыққан "Ұлы математика курсы" деп аталатын жоғары математиканың қазақ тіліндегі тұңғыш оқулығының авторы саналады.
1937 жылы сталиндік озбырлық бұғауына түсіп, Ресейге барып бой тасалап, 1938 жылы шамалы уақыт Куйбышев қаласындағы жоспарлау институтында кафедра меңгерушісі қызметін атқарады.
Қуғын-сүргін жылдары "ұлтшыл", "контрреволюцияшыл", "халық жауы" аталып, қудалауға ұшырағандықтан докторлық жұмысы аяқсыз қалады. 1938 жылы 17 наурызда НКВД абақтысына қамауға алынып, 1939 ж. 28 ақпанда Қазақ ССР НКВД Әскери трибуналы Ресей Қылмысты істер кодексінің 49 және 58-і статьясы бойынша 10 жылға бас бостандығынан айырып, ГУЛАГ-қа айдауға жөнелтеді. Сібір лагерінде Саян тауының етегінде 9 жыл айдауда болып, өзінің халық жауы емес екендігін дәлелдеп, арызданып, 1947 ж. мерзімімен бұрын босатылып, елге оралады. Айдаудан келген соң, 1947 жылдың 15 тамызынан Шымкент технология институтында математика кафедрасын басқарып, ұстаздық етеді. 1948 жылы қызмет істеп жүрген жерінде қайта қамауға алынып, 1955 жылға дейін Ішкі Істер Министрлігінің түрмесінде отырады.
1954 ж. ісі қайта қаралып, 1955 жылдың 7 наурызында КСРО Мемлекеттік Қауіпсіздік Министрлігінің ерекше кеңесінде, Орталық Комиссиясының шешіміне сәйкес "Ермековтің 1949 жылы 9 наурызда қозғалған № 269834 ісіндегі үкім тоқтатылсын және Ә.Ермеков тұтқыннан босатылсын" деген Қаулы қабылданып, осы құжат негізінде 1955 жылы 20 сәуірде № 3671 анықтамасымен мерзімінен бұрын қамаудан босап, Қарағанды қаласына оралады.
1955-1958 ж. Қарағанды тау-кен институтында (қазіргі ҚарМТУ) аға оқытушы қызметін атқарып, ықтималдық теориясы, математикалық статистика, теориялық механика, математикалық терминология мәселелері төңірегінде ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысады. 1958 жылдан кейін ғылыми-педагогтік қызметтен біржолата шеттетіледі.
1958 ж. 2 ақпанында Н.С.Хрущевтің атына ақталуын өтініп, шағым-арыз жазады. Бұл өтініші аяқсыз қалса да, 1957 жылдың 26 қарашасында КСРО Жоғарғы сотының әскери коллегиясының № 00990/39 анықтамасы бойынша "ешқандай қылмыстың болмағандығынан үкім күші жойылды" деп толық ақталады.
Ә.Ермеков 1970 жылы 23 маусымда 79 жасында ауыр науқастан Қарағандыда қайтыс болып, Михайловка зиратына жерленді.
1998 жылы Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданында Алаш көсемдері Ә.Бөкейханов, Ж.Ақбаев, Ә.Ермековтің құрметіне еңселі ескерткіш орнатылды.
Бүгінде Қарағанды, Қарқаралы қалаларының екі орталық көшесіне, Ағадыр стансасының № 131 орта мектебі мен Ақтоғай ауданы Қаратал ауылындағы орта мектепке Ә.Ермеков есімі берілген. Қарағанды қаласындағы Ә.Ермеков көшесінде "Әлімхан Ермеков" атты үлкен кітап дүкені ашылған. 2000 жылдан бастап Президенттік мәдени орталығындағы мұражайжа Ә.Ермековке байланысты құжаттар мен суреттер жинақталып, алаш алыбына құрмет көрсетіліп келеді.

Әдебиеттер

 
 
 
 
  © Карагандинская ОУНБ им. Н.В.Гоголя, 2007