Нұркен Әбдіров
(1919-1942)

Нұркен Әбдіров

Әбдіров Нұркен 1919 жылы Қарқаралы өңірінде бұрынғы 5-ші ауыл, қазіргі Нұркен атындағы шаруашылық аумағында шаруаның отбасында дүниеге келген. Кейін ата–анасымен бірге Қарағандыға қоныс аударып, осы қалада әуе клубында ұшқыш мамандығын игерген. Соғыс басталғанда Нұркен Орынбор әуе училищесінде оқитын. Ол майданға аттануға ұмытыла берді, сондықтанда оны алдымен Ташкенттегі, одан кейін Сібір қалаларының біріндегі шабуылшы әскери ұшқыш дайындайтын курстарға жіберді.
Оқуды тәмамдағаннан кейін ол 267 әуе дивизиясының 808-ші шабуылшы полкы құрамында майданға аттанды.
Н.Әбдіров талай әуе шайқасына қатысып, ерлік пен өжеттік, әскери шеберлік танытты, әр тапсырманы мұқият орындап отырды.
Қазанның 23 күні тұңғыш рет әуе шайқасына аттанар алдында Нұркен былай деп жазған екен: "Егер біз фашистерді құртпасақ, олар біздің түбімізге жетеді. Сөйтіп қуанышты, бақытты өмірмен қоштасамыз..."
Барлығы 17 рет әуе шайқасына қатысқан Нұркен жаудың 18 танкісін, 46 жүк машинасы мен көлігін, оның ішінде оқ дәрі тасыған 18 керуенді, жанар май құйған 3 цистернаны талқандап, зенит қондырғыларының бесеуін, бірнеше жабық атыс ұясын, талай жау әскерін құртты.
1942 жылы желтоқсанның І9-да біздің батыр жерлесіміз өзінің серігі, атқыш әрі байланысшы Саша Комиссаров екеуі соғыс аспанына соңғы рет самғап шыққан еді. Боков - Пономорев станциясы маңайында олар тас құрсанған жаудың үлкен алты танкін, бірнеше атыс ұясын, зенит артиллериясының екі қондырғысын жойып жіберді.
Жау оғы самолетке дөп тиіп, өртене бастады. "Өзекті жанға бір өлім" деген ой шарпып өткен ұшқыш, отқа оранған күміс қанат сұңқарды фашист танктері шоғырланған тұсқа қарай бұрды. Осылайша құлдилай құлаған самолет ішіндегі Нұркен мен оның қандыкөйлек серігі Александр Комиссаров екеуі ақырғы рет қаншама жауды қырып, жастықтарын бірге ала кетті.
Осынау теңдесі жоқ ерлігі үшін Нұркен Әбдіровке 1943 жылғы наурыздың 31-де еліміздегі ең мәртебелі атақ – Кеңес Одағының Батыры атағы берілген еді.
Сарыарқа сұңқары осылай мерт болды. Оның қаһармандығы бүкіл елге жайылды. Қарағанды енбеккерлері, олардың ішінде кеншілер Нұркен Әбдіров атындағы самолетке қаржы жинап, жауға аттандырды. Бұл самолет кейін Жеңіске дейін қатарда болды.
Ростов облысындағы Боков станциясының іргесіндегі Конек ауылында жерленген Нұркеннің басында қызыл тастан қашалған ескерткіш бар. Қарағандының қақ ортасында батыр Нұркен бейнесі мәңгілікке орнықты, Нұркен ауылында да ескерткіш орнатылды. Кеншілер астанасының әсем спорт сарайы батыр жерлесіміздің есімін иеленген. Қазақ батырының ерлігі қанша жыр - хикаяға, ән мен әңгімеге арқау болды.
Боков орта мектебіндегі отрядтардың бірі Нұркен атында. Батырдың анасы Бағжан бәйбіше Боков станциясының құрметті азаматы болып табылады. Вешенскаядағы мекенінде М.А.Шолохов Нұркеннің анасын мейман еткенін білеміз.
Қарапайым қазақ баласы Н.Әбдіровтың өмірі мен ерлігі қаһарман, қаншыл қазақ ұлтының бойындағы игі қасиеттердің айнасындай әлемге шұғыла шашып тұр.