Құрметті сайт қонақтары!

Көрнекті әдебиеттанушы, сөз киесі қонған қаламгер, халқымыздың өр рухының, өнегелі салтын, өрелі қалпының аса көрнекті өкілі, өнертануға өлшеусіз үлес қосқан ұлылықтың үлгісіндей болған тарихшы, журналист, этнограф ғалымдарымыздың бірі - Ақселеу Сланұлы Сейдімбек. Ақселеу – ұлан - ғайыр сахарамызды түгел шолып, қат-қабат тарихымызды терең қаузап ділмар тілмен толғайтын ғұлама ғалым, үлкен парасат иесі екені мәлім. Ғасырларда есесі кеткен еліміздің өнерін өрнектеп, тарихын түгендеп, дәстүрін дәуірлеткен ағамыздың туғанына биыл 70 жыл толып отыр. Тіліменен бал емізген ғалым ағамыздың мерейтойы қарсаңында Н. В. Гоголь атындағы Қарағанды облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында мерейтойлық іс-шаралар жоспарланды.

Солардың бірі А. Сейдімбектің өлмес мұрасын жас ұрпаққа дәріптеу, көпшіліктің қазақтың ұлттық мәдениеті мен өнеріне, әдебиеті мен тіліне деген ықыласын арттыру, дарынды жастарға қолдау көрсету және отансүйгіштік сезімді тәрбиелеу, жастар арасында кітап оқу мәдениетін дамыту мақсатында құрастырылған "Арқаның алтын сандығы" атты виртуалды кітап көрмесі.

Бұл виртуалды кітап көрме Қарағанды облысы жас кітапханашыларының "Еліміздің зияткерлік әлеуетін дамыту – жастардың қолында" атты І Форумы аясында өткізілген "Ақпараттық технологиялар мен шығармашылық" номинациясы бойынша ұсынылып, жүлделі ІІ орынға ие болды. Жобаның авторы кітапхананың жас кітапханашы Ақбаян Баянова.

Сіздердің назарларыңызға ұсынылып отырған виртуалды кітап көрмесі ірі-ірі 5 бөлімнен тұрады.

Көрменің "Өмірдерек" бөлімінде ұлт жанашыры, қазақтың әдебиеті мен мәдениетіне еңбегі сіңген қайраткер, қарапайымдылығы мен кісілігі ерекше біртуар тұлға Ақселеу Сейдімбектің өмірбаяны туралы шағын очерк қойылған.

"Қазақтану ілімінің қара нары" бөлімінде ғалым ағаның кітапхана қорындағы барлық еңбектері ұсынылып, кітаптың мұқабасы, суреттері, аннотациясы, мазмұны мен бірнеше мерзімді баспа беттерінде шыққан мақалалардың көшірмесі беріледі.

"Алаштың арда ұлы" бөлімі "Еңбектері" мен "Естеліктер" атты екі топтан құралады. Мұнда ұлт рухының жанашыры, қазіргі заманғы қазақтану ғылымының негізін салушылардың бірі А.Сейдімбек туралы зерделі оймен кестелі сөздің ең жарқын өкілдерінің естеліктерімен есте қалатын дүниелері туралы мақалалар, зерттеулер, арнаулар, очерктер топтастырылады. Бұлардың да библиографиялық әдебиеттер тізімімен қоса толық мәтіні беріледі.

Ақпараттық ресурс құрылымы "Ақселеу мұрасы" бөлімімен толықтырылды, онда таудай алып, нардай шоқтығы биік тұлғамыз Ақселеу Сланұлының фотосуреттері, мұрағаттық құжаттардың және жазушының мұражайы туралы мәліметтері жинақталып, толықмәтіні беріліп, жазушы-ғалым жайлы әлеуметтік жүйедегі ауқымды қамтылған барлық мәліметтердің сілтемелері жасалған.

Көрмедегі мәліметтер әрдайым жаңа деректермен толықтырылып, жалғастырылады.
Виртуалды көрме көпшілік оқырманға арналған.





Copyright © 2011, Қарағанды ОҒӘК