Жақып Ақбаев
(1876 – 1934) Жақып Ақбаев

Қазақ халқының азаттығы үшін алысқан атақты заңгер, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, қажырлы күрескер, "Алаш" қозғалысының көшбасшысы, "Алашорда" үкіметінің мүшесі, ұлт зиялысы, ғалым, қазақтың тұңғыш құқық магистрі Ж.Ақбаев 1876 ж. 7-қарашада Семей облысы, Қарқаралы уезі, Берікқара болысы, №3 ауылының (кей деректерде №4) Төңіректас деген жерінде Сарыарқа өңіріне атақты Ақбай әулетінде, дәулетті отбасында дүниеге келген.
1886 ж. Қарқаралы қаласындағы орыс-қазақ мектеп-интернатына оқуға түседі. 1889 ж. Омбы гимназиясына түсіп, кейін Томск гимназиясына ауыстырылып, онда бір жыл оқып, 1898 ж. бітіреді. Гимназиядан соң Санкт-Петербург университетінің заң факультетіне оқуға түсіп, 1903 ж. алтын медальмен бітіріп, қазақтың тұңғыш "право магистрі" деген атақты иеленеді. Университетте оқи жүріп, 3-курста Санкт-Петербург Археология институтына түсіп, толық курсын тәмәмдайды. Студент кезінен саяси күреске араласып, "Санкт-Петербургские ведомости", "Дала уалаяты" газеттерінде азаттық жолындағы мақалаларын жариялайды.
Университет бітірген соң, 1903 ж. Қарқаралыға, туған еліне оралып, қаланың бай көпесі Халиолла Бекметовтың қызы Гүлбахорға үйленеді. Сол жылдың күзінде Омбы қаласына келіп, сот палатасына қызметке тұрады. 1904 жылы палата хатшысы, 1905 жылдан бастап, бітістіруші судья міндетін атқарады. 1905-1907 ж. Ресейдегі төңкеріс саяси белсінділігін оятып, митингіліерге және жиналыстарға қатысып, сөз сөйлейді. Омбыдағы, Петропавлдағы, Семейдегі, Павлодардағы, Баянауыл мен Қарқаралыдағы демонстрацияларға қатысып, отаршылдық жүйеге, патша үкіметіне қарсы күрес жүргізе жүріп, Омбыда шығатын "Степной край" газетінде мақалалар жариялап, патшаның отаршылдық саясатын сынайды.
1905ж. шілдеде Қарқаралыдағы Қоянды жәрмеңкесінде "Алаш" көсемдерінің бастамасымен өткен қазақ съезінде Ресей Министрлер Кеңесінің төрағасына Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсыновтармен бірге шаруаларды көшіріп әкетуді тоқтату, қазақтардың діни басқармасын ұйымдастыру, цензураны жою, ресми іс қағаздарын қазақша жүргізу, қазылар сотын енгізу, қазақ депутаттарын Мемлекеттік Думаға шақыру жөніндегі талаптар қойылып, қоныстандыру саясатының озбырлығы айтылған, отаршылдық езгіге қарсы наразылықтағы 145 мың адамның қолы қойылған "Қарқаралы петициясын" ұйымдастырады.
1905 жылы 2-қарашада өз өтініші бойынша Омбы сот палатасынан қызметтен шығады, елдегі саяси жағдайларға араласады. 1906-1918ж. (үзілістермен) Семей округтік сотында жұмыс істейді. 1906 ж. императорға тіл тигізіп, өкіметке қарсы үгіт-насихат жүргізген мемлекеттік қылмысы үшін 12 қаңтарда тұтқындалып, Семей түрмесіне қамалады. Түрмеде жатып Санкт-Петербург университетінің профессоры, белгілі заңгер Л.И.Петражицкийге бірінші болып қазақ өлкесінің дербес автономия алуы мәселесін көтеріп хат жолдайды. Ғылыми шығармашылық жұмыспен де шұғылданып, 1907 жылы "Наброски по обычному, в частности, брачному праву киргизов" атты диссертациялық ғылыми еңбек жазады. 1908 жылы алғашында Ақмола облысының Омбы оязына 5 жылға, кейіннен 1909 жылдың 19 наурызында Ресей ІІМ-нің шешімімен Жетісу облысының Қапал қаласына (басында Якутияға) жер аударылады. 1908 жылдан Дала генерал-губернаторлығының кеңесінің бөлімінде ашылған арнаулы ісі 1917 жылдың Қазан төңкерісіне дейін жүреді. 1910 ж. патша өкіметіне қарсы күресін тоқтатпағаны үшін Тобыл қаласына жер аударылады. Айдауда жүріп бүркеншек атпен "Айқап" журналына мақалалар жолдап тұрады.
1912 ж. ақпанында Қарқаралыға қайтып оралып, полицияның қадағалауына алынады. 1913 ж. Қарқаралыға Ә.Ермековтің басшылығымен келген қазақ әдебиеті мен ауыз әдебиеті шығармашылығын зерттеуші Г.Потанинді үйінде қонақ қылып күтіп, кеш ұйымдастырады. 1914 жылдың жазында Омбы сот палатасына қызметке қабылдау туралы өтініш жазады, саяси сенімсіздігі үшін жұмысқа алынбағандықтан адвокаттық практикамен айналысуына тура келеді. Қудалаудан құтылмай тағы да Семей түрмесіне қамалып, 1917 ж. басында босап шығады.
1917 жылы патша тақтан құлаған соң, елдегі саяси өзгерістерге араласып, 1917 жылдың 20 наурызында Қарқаралыда орыс-қазақтардан құралған, құрамына М.Бекметов, Ф.Бекметов, Н.Орманбетов, Н.Нұрмақовтармен бірге өзі де кірген Уақытша өкіметтің уездік біріккен атқару комитетін құрады. Кейіннен комитеттің ішінде жік туып, ұлт араздығын қоздырушы деген айыппен, саяси ұрандар таратқаны үшін қамауға алады. Алайда өзі жазықсыз деп танылып, оның қарсыластары комитет құрамынан шығарылады.
1917 жылы "Алашорда" үкіметін құруға қатысады. Осы жылдың 21-28 шілдесінде Орынборда өткен Бүкілқазақтық съезге қатысып, оның басшы құрамында болады. 5-13 желтоқсанда өткен Орынбордағы 2-бүкілқазақ съезінде "Алашорда" үкіметінің мүшелігіне еніп, съезде 26,5 мың адамнан құралған тұрақты әскер құру идеясын көтереді. Сондай-ақ үш алаш полкін құруға басшылық жасайды, олардың екеуі Семейде, үшіншісі Торғайда орналасады.
Ғалым ретінде мемлекеттік құрылысты белгілеуде, Алашорда автономиясының мемлекеттік институттары мен үкіметін құруда, Алашорда автономиясының шекарасын анықтауда басты рөл атқарады. "Алашорда" үкіметіндегі қызметін тоқтатқаннан соң 1918 жылы Қарқаралыдағы қазақ комитетін басқарады.
1918 жылы Семей ақ-казақтардың қолына көшкенде ұлттық дербестікті сақтап қалуға ұмтылғаны үшін қамауға алынып, 1919 жылы түрмеден босайды. Қарқаралыға келіп колчакшыларға, атамандардың озбырлығына қарсы күрес ұйымдастырғаны үшін тағы да түрмеге түседі. Алаш автономиясын сақтап қалу мақсатында ақ-казактарға қарсы қарулы көтеріліске басшылық жасағаны үшін Колчактың әскери-дала соты 1919 жылдың 7 шілдесінде "әскери-казак диктатурасын құлатып, Совет өкіметін орнату үшін халықты көтеріліске шақырды, атамандардың жауы" деп айыптап, ату жазасына кеседі. Дегенмен 1919 жылы ақ казактар толық жеңіліске ұшырап, Қазақстан арқылы Қытайға қаша бастайды. Корпус командирі Березовский мен Сібір үкіметінің төрғасы Вологодскийдің ұсынысы бойынша  аталмыш үкім күшін жойып, қамаудан босатылады. Семей ақ казактардан босатылған соң, заң мекемелерінің қызметіне араласады. 1920 жылдың қыркүйегінен Семей губревкомының әділет бөліміне басшылық жасап, губерниялық сот-тергеу учаскесін құрады. 1920 жылдың сәуір айынан Семей кеңестік халық сотының мүшесі болып, 1921 жылдың қараша айынан 1922 жылдың ақпанына дейін халық ағарту бөлімінде жұмыс істеп, қазақтың ауыз әдебиеті шығармаларын жинау жөніндегі комиссияның төрағасы болады. Бірақ сол жылы өкпе аурына шалдығып, Қарқаралыға қайтып оралады. Денсаулығын сәл түзеп, 1925 жылы Семейге оралып, губерниялық атқару комитетінде, халық сотында түрлі қызметтермен айналысады. 1926 ж. шілдесінен 1927 жылдың 13 желтоқсанына дейін Семей губерниялық соты жанындағы адвокаттар алқасы мүшесінің міндетін атқарады. Осы жылы "Қазақ халқының шығу тегі туралы" атты еңбегін жазғанымен, жарыққа шығара алмайды.
1928ж. Голощекиндік саяси айыптаулардан аулақ болу мақсатында елден тысқары кетіп, Сырдария округтік адвокаттар алқасының мүшесі болады. Көп ұзамай бұл қызметтен шеттетіліп, сол кездегі Жамбыл облысы, Шу ауданы, Новотроицкое селосына келіп, ғылыми-шығармашылық жұмыспен шұғылданады. Елден жырақта болса да, 1930 ж. 14-қыркүйекте ОГПУ жендеттері Кеңес үкіметіне, Коммунистік жүйеге жүргізген қарсы әрекеті, Алашордашы болғаны үшін тұтқындап, абақтыға қамайды. Түрмеде 1,5 жыл отырғаннан кейін, 1932 жылдың сәуір айында 58-10 және 59-3 баптар бойынша айыпталып, Воронеж облысына 5 жылға жер аударылады. Айдаудағы ауыр азаптан денсаулығы әбден нашарлаған соң, рақымшылық жасалып, мерзімінен бұрын босатылып, Алматыға емделуге рұқсат алады. Ақыры асқынған ауру алып тынып, шамалыдан соң қазақтардың әдеттегі құқығын, оның ішінде отбасы-неке құқығын зерттеп, мерзімді баспасөзде публицистикалық материалдар жариялаған сан алуан талант иесі, энциклопедиялық білімі бар ғалым 1934 жылы 4 шілдеде қайтыс болады.
Ж.Ақбаев Қазақстан Жоғарғы сотының 1958 жылғы 28 ақпанындағы шешімімен толық ақталады. Бірақ бұл хабар жақындарына 1990 ж. ғана жетеді.
Қазір Қарағандыдағы ПРАВОСУДИЕ ПЛОЩАДІне және Ақтоғай ауданында көше атына Ж.Ақбаев есімі берілген. 1998 жылы алаштың үш арысы Ж.Ақбаев, Ә.Бөкейханов, Ә.Ермековке ескерткіш орнатылған.
Әйелі 1988 жылы қайтыс болған.
Балалары: Кәмелмұрат (1910-1960), Кәмелшат (1916-1976); қыздары Аргуния (химия ғылымының кандидаты), Наймания (филология ғылымының кандидаты), Асфазия (заң ғылымының кандидаты), Андремеда (биология ғылымының кандидаты).

Әдебиеттер

 
 
 
 
  © Карагандинская ОУНБ им. Н.В.Гоголя, 2007