Қоғам және мемлекет қайраткері қатарындағы аса ерекше тұлға, Қазақстанның XX ғасырдың бас кезіндегі рухани-иннтеллектуалды элитаның бас лидері, ең алғашқы Мемлекеттік Дума мен Ресейдің мұсылман халықтарының депутаты, төртінші Мемлекеттік Думаның мұсылман фракциясының бюро мүшесі, Кадеттер партиясы Орталық Комитетінің мүшесі, ұлт-азаттық және Алаш қозғалысының жетекшісі, "Алашорда" үкіметінің төрағасы, ең алғашқы ұлттық саяси партияның негізін қалаушы, ұлы ағартушы, ірі ғұлама ғалым, мемлекет тарихында терең із қалдырған ұлы гуманист, демократ, либарал, "коммунистер манифесін" тұңғыш қазақшаға аударған қазақ, публицист, аудармашы, этнограф, Шыңғыс ханның тұқымы Ә.Н.Бөкейхан 1870 жылы 5 наурызда (Омбыдан табылған құжаттар негізінде) (бұрынғы Семей облысы, Қарқаралы уезі, Тоқырауын болысының №7-ауылында дүниеге келген.
Алғашында Қарқаралыдағы Зариф деген молдадан мұсылманша сауат ашады. Екі жылдан соң, 9 жасында қаладағы Бекметовтің үйінде пәтерде жатып, қаладағы үш сыныпты бастауыш мектепке ауысып, оны аяқтап 1879 жылы Қарқаралыдағы қазақ балаларына арналған мектепке түсіп, артынан Қарқаралы қалалық училищесіне түсіп, 1886 жылы бітіреді. 1886-1890 жылдары Омбы техникалық училищесінде "техник" мамандығы бойынша білім алып, 1890-1894 жылдары Санкт-Петербургтегі Императорлық Орман институтының экономика факультетінде оқып, "Ғалым орманшы" және "Заңгер" деген қос дипломды иеленеді. Студент кезінде отаршылдыққа қарсы ұйымдастырылған "Зарзаман" тобының жұмысына белсене кірісіп, саяси күреске араласа бастайды. Сол кезден Ресей жандармерия басқармасының назарына ілігіп, "саяси сенімсіздердің қара тізіміне" енеді. Институтты аяқтаған соң, Омбы орман шаруашылығы училищесінде математика пәнінен сабақ беріп, "Степной край" газетінің редақция алқасының құрамына енеді. ХІХ ғасырдың соңында Омбы орман шаруашылығы училищесінде оқытушылық қызмет атқарып жүргенде ғылыми жұмыспен айналысады. 1896 жылы көрнекті ғалымдардың кепілдемесімен Императорлық Орыс географиялық қоғамының Батыс-Сібір бөлімшесінің мүшелігіне қабылданып, "Россия. Жалпы географиялық сипаттама" атты көп томдық еңбектің қазақ даласына арналған 18-томына автор ретінде қатысады. Ғылыми жұмыспен қатар қоғамдық-әлеуметтік саяси қызметтерге де белсене кірісіп, Ресей императорлық георграфия қоғамының қызметіне араласып, 1896 жылы Батыс-Сібір бөлімінің мүшесі болып, 1901 жылы оның басқару комитетіне сайланады. 1896-1901 жылдары әуелі Тобыл губерниясы экономикасын зерттеуге арналған экспедицияның, кейін1896-1903 жылдары қазақ даласына қоныс аудару қозғалысын даярлап берген Ф. А. Щербина экспедицияның жұмысына қатысып, қазақ елінің экономикалық жағдайын, шаруашылығын, этнографиясын, тұрмыс-салтын, материалдық және рухани мәдениетін зертттеумен айналысады. Экспедиция қорытындылары 1903-1905 жылдары жалпы көлемі 13 том болып жарыққа шығады. 1903 жылы С.П.Швецов басқарған Сібір экспедициясы құрамына кіріп, қазақтардың мал шаруашылығын зерттеген экономикалық экспедицияға атсалысып, қой өсіру жағдайы туралы көлемді еңбегк жазады.
Қазақ елінің азаттығы жолындағы саяси күрес ісіне белсене қатысып, 1905 ж. бастап Ресей конституциялық-демократиялық (кадеттер) партиясына мүше болып, оның қазақ бөлімшесін құру мақсатында Оралда, Семейде жиындар өткізеді. Осы жылы Қарқаралыда орыс отаршылдығына қарсы ұйымдастырылған қозғалысқа басшылық жасап, атақты Қоянды жәрмеңкесінде қазақ даласында саяси және ұлт мәселелерін шиеленістірмей шешу шаралары көрсетілген, дінге қысым жасамау, қазақша мектептер ашу, Орта Ресейден қоныс аударушыларды тоқтату, қазақ тілінің мәселесі көтерілген талаптар енгізілген, 145 мың адамның қолы қойылған "Қарқаралы петициясын" ұйымдастырады. Сол жылы Орал қаласында Қазақстанның бес облысының зиялылары мен игі жақсылары бас қосқан съезге басшылық жасап, бастапқыда Ресей кадет партиясының филиалы ретінде құрылған Алаш партиясын құрады.
1905 ж. қарашада Мәскеуде өткен (1905, қараша) земство және қала қайраткерлерінің съезіне қатысып, тіл, сайлау, дін т.б. бостандықтар мәселесін көтереді. Осы жылы "Халық бостандығы" партиясына, 1906 жылы оның Орталық комитетінің құрамына кіріп, Омбыдан шығатын кадеттік "Голос степи", "Омиш" және "Иртыш" газеттерінде редакторлық қызмет атқарды. 1906 жылы Семейде өткен қазақ сайлаушыларының съезінде "Халық бостандығы" партиясының бағдарламасын қуаттап сөз сөйлеп, Семей облысы қазақтарының атынан I Мемлекеттік Думаға депутат болып сайланғанымен, 1906 жылдың 9 қаңтарында Дала генерал губернаторының негізсіз жарлығымен саяси қозғалыс көсемі ретінде қамауға алынып, соттың тергеуінсіз, 3 ай Павлодар абақтысына қамалады, сол себепті Дума жұмысына қатыса алмайды.
Түрмеден босаса да саяси күрестен бас тартпайды, Санкт-Петербургке жеткенде, патша үкімімен I Думаның күшпен таратылуына қарсы бағытталған назарылық актісін қабылдау үшін ұйымдастырылған "Выборг үндеуіне" қол қойып, Финляндияның Выборг қаласына аттанады. 1907 жылдың аяғында сол үшін айыпталып, Петербург сот палатасының төтенше мәжілісінің шешімімен 3 айға Семей түрмесіне қамалады. 1908 ж. Петербургте жарық көрген меньшевиктік "Товарищ", кадеттік "Речь", "Слово" газеттерінде редакторлық қызмет атқарады. 1908 жылы абақтыдан босап, Омбыға қайтып оралысымен патша үкіметі Самараға жер аударады. Самарада ғылыми-шығармашылық жұмыспен ғана айналысуға мәжбүр болады. 1908-1915 жылдары Самарада тұрып Батыс Қазақстандағы қазақ зиялыларымен бірлесіп, Алаш қозғалысының жұмысын жалғастырады. 1909-17 жылдар Дон егіншілік банкі бөлімшесінде жұмыс істейді. 1912-1917 жылдары кадеттер париясы Орталық комитетінің мүшесі болады. 1913 ж. А. Байтұрсынов, М. Дулатовтармен бірге бүкілқазақтык, жалпыұлттық баспасөз ұйымы "Қазақ" газетін шығаруға қатысып, оның жалпыұлттық деңгейге көтерілуіне зор үлес қосады. 1914 жылы Санкт-Петербургте өткен Ресейді мекендейтін 10 мұсылман халықтарының өкілдері қатысқан Мұсылман съезіне қатысып, Ресей мұсылман халықтарының орыс отаршылдығына қарсы ортақ күресі идеясын ұсынады. Саяси партия құру жөніндегі ісінде одақтастар іздеу мақсатында 1914 жылы социал-революционерлер партиясымен ("эсер") жақындасып, 1914-15 жылы оның басшысы А.Ф. Керенскиймен үш рет жүздеседі. 1916 жылы Бүкілресейлік жер одағының жұмысына қатысады.
1917 жылдың 3 наурызында Уақытша үкіметтің Торғай облысы бойынша комиссары, ал 7 сәуірде Түркістан комитетінің мүшесі болып сайланады. Ақпан революциясынан кейін жетекшілік етіп, 1917 жылдың 21-26 шілдесінде Орынборда бүкілқазақ съезін өткізіп, қазақ зиялыларымен бірге кадет париясынан шығып, "Алаш" партиясы атқару комитетіне кіреді. 1917 жылғы Қазан революциясынан кейін Орынборда 5-13 желтоқсанда Алаш партиясының 2-съезін өткізіп, Алаш автономиясын құру туралы шешім қабылдайды. 1917 жылы желтоқсанда өткен осы партияның съезіне қатысып, құрылған "Алашорда" үкіметінің төрағасы болып сайланып, "Алашорда" үкіметі Батыс бөлімшесінің қызметіне рухани басшылық етеді. Ресей Федерациясы қүрамында қазақ мемлекеттігін сақтап қалуға тырысып, 1918 жылы наурызда Семейден тікелей телефонмен РКФСР Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасы В. Ленинмен, Ұлт істері Халық комиссары И.В.Сталинмен келіссөз жүргізеді. Азамат соғысының аяқталу қарсаңында Кеңес өкіметі Қырғыз (қазақ) революциялық комитетінің 1920 ж. 9-наурыздағы бүйрығымен Алашорда мекемелерін таратылып, оның басшылары қуғын-сүргінге ұшырайды. 1920 жылы Қазақ АКСР егіншілік халық комиссариаты коллегиясының мүшесі, 1922 жылы Ұлттар істері жөніндегі Халық комиссариаты жанындағы Орталық баспаның, 1926-1927 жылдары Ресей Ғылым Академиясының ғылыми қызметкері болып, мақалалар жариялайды.
1922 ж. контрреволюциялық іс-әрекеттері үшін айыпталып, кінәсі болмағандықтан босатылады. 1926 жылы ОГПУ қызметкерлері Мәскеуден бақылаушы органдардың рұқсатынсыз шығып кеткені үшін Ақтөбеде тұтқынға алып, кейін қайтарып, Бутырка абақтысына қамайды. 15 күннен соң дәлел болмағандықтан босап шығады. 1927 ж. 1-қазанынан 1937 ж. шілдесіне дейін Мәскеуде, ОГПУ органдарының қатаң бақылауында болады. Қазақстанда тұрып, жұмыс істеуіне тиым салынады. 1927-1937 жылдарда Мәскеуде бірыңғай ғылыми, әдеби, аудармашылық қызметпен шұғылданады. Осы мерзім ішінде бірнеше рет саяси айып тағылып, жауапқа тартылады.
Сталиндік билікке ұшырап, қуғындалып, 1937 жылдың шілдеде (кей деректерде тамызда) тұтқындалып, түрмеге түседі. Сол жылы 27 қыркүйекте КСРО Жоғарғы соты әскери коллегиясының негізсіз үкімі бойынша ату жазасына кесіледі.
Халқын отаршылдықтың құлдық қамытынан босату үшін күрескен өз заманының аса білімді де білгір, парасатты, терең ойлы, ірі қайраткері, Шығыстың шын мәніндегі ұлы тұлғасы 1989 жылы 16 мамырда (кей деректерде 14 мамыр) КСРО Жоғары сотының Қаулысы бойынша әрекетінде қылмыс құрамы жоқ болғандықтан толық ақталады.
"Қазақ" (1913-18), "Сарыарқа" (1918) газеттерін, "Абай" (1918) журналын шығаруды ұйымдастырып, Кеңес өкіметі жылдарында "Темірқазық", "Қызыл Қазақстан", "Жаңа әдебиет" т. б. журналдармен, "Ақ жол", "Еңбекші қазақ", "Советская степь" және т.б. газеттеріне "Қыр баласы", "Ғ. Б.", "Қ. Б.", "А. Б.", "Сын степей", "Туземец" дегенбүркеншік аттармен (псевдоним) көптеген публицистикалық еңбектер жариялаған. "Абай" (Ибраһим) Құнанбаев" атты қазанамалық мақаласы, әр жылдары "Қарақыпшақ Қобыланды", "Батыр Бекет", "Мырза Едіге", "Роман бәйгесі", "Роман деген не?", "Ән, өлең һәм оның құралы" т.б. еңбектері, "Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі", этнографиялық сипаттағы "Қазақтардың ас беруі" зерттеу еңбектері жарияланады. "Ер Тарғын" мен "Қозы Көрпеш - Баян сұлу" жырларын жинап, бастырды. Орыс жазушылары Л. Толстой, А. Чехов, В, Короленко, Д. Мамин-Сибиряк, француз жазушысы Ги де Мопассанның шығармаларын қазақ тіліне аударды.
1992 жылы Ақтоғай аудандық кеңестің шешімімен Қарағанды облысы қазіргі Ақтоғай ауданының бұрынғы Қаратал кеңшарының жеріне Ә.Н.Бөкейхан есімі беріледі.
|