|
|
|
"Үш алып, үш бәйтерек" атты кітап көрмесінен сіздер "Алаш" қозғалысы, Алашорда үкіметі туралы, олардың тарихына байланысты, архив қазыналарынан алынған құжаттармен, зерттеу еңбектермен танысасыздар.
Алаш қозғалысының басты мақсаты – қазақ еліне өзін-өзі басқару мүмкіндігін беретін мемлекеттік жүйе құру, яғни оның ұлттық мемлекеттікке құқы бар екендігін метрополияға мойындату, ал түбінде дербес мемлекеттікке қол жеткізу, қазақ жеріне ішкі Ресейден қоныс аударушылар толқынын тоқтату, әлемдік озық тәжірибеге сүйене отырып қазақ қоғамы жаңа өмір сұранысына сай өзгерту (модернизация), демократиялық принциптерді қадір тұтумен бір мезгілде, әсіресе, білім мен ұлттық мәдениеттің өркен жаюына жол ашу болды.
Бірақ кеңес үкіметі Алаш қайраткерлерін қыспаққа алып, Алашорда қозғалысының басшыларын қылмыскерлер ретінде даттап, соттап, қамауға алды. 1937-38 жылдары көбі атылып кетті. Бұл кісілер туралы мәлімет білу мүмкін емес еді, аттары аталмайтын. Ой бостандығы, сана бостандығы келген Тәуелсіздік жылдарынан бастап ұлт қайраткерлерінің үлкен шоғыры зерттеліп, өз құрметіне ие бола бастады. Ұлты үшін күрескен Алаш қайраткерлерінің есімі мәңгі ел есінде.
Бұл көрмеде Алаш қозғалысына қатысты әдебиеттермен бірге қозғалысқа қатысқан, алаш арыстары Ә.Бөкейханов, Ж.Ақбаев, Ә.Ермеков туралы кітаптармен, баспасөз басылымдарымен танысасыздар.
Көріңіздер, оқыңыздар, біліңіздер! |
"Үш алып, үш бәйтерек" |
|
|
3 томдық "Алаш қозғалысы" құжаттар мен материалдар жинағына Алаш қозғалысының қалыптасуының өмірлік негіздерін, ұлт зиялыларының қоғамдық мәселелерді шешу ісіндегі ұстаным мен ізденістерін, олардың Ресей империясы өмірін демократияландыру үшін күреске атсалысуын, сондай-ақ басқа да ұлт зиялыларымен ара қатынасын жан-жақты көрсетуді мұрат тұтқан құжаттар мен материалдар еніп отыр. Жинақта Алаш партиясының бағдарламасы қазақ және орыс тілдерінде берілген.
Кітап ғылыми басылым ретінде тарихшы мамандарға, қоғамтанушыларға, студенттерге, сондай-ақ отан тарихының жанашырларына арналған.
Оқырман назарына ұсынылып отырған жинақ өзінің мазмұны тұрғысынан аса маңызды басылым болып табылады. |
|
|
|
Монографияда Қазақстанның Ресейге бодан болғаннан кейінгі кезеңдегі қазақ өлкесінде отаршыл-құқықтық жүйенің орнығуы және оған қарсы Алаш қайраткерлерінің саяси күресі олардың қазақ елінің мемлекеттік құрылысы жөніндегі саяси-құқықтық көзқарастарының эволюциясы негізінде зерделенген. Зерттеу еңбек ХХ ғасырдың бас кезіндегі қазақ ұлт-азаттық қозғалысының қайғылы қасіретке ұшыраған тұлғаларының бірі Жақып Ақбаевтың өмірі мен қызметіне, сол арқылы Алашорда төңірегіне топтасқан қазақ зиялылары Алаш жетекшілері Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, Ә.Ермеков, Х.Досмұхамедов т.б. қазақтың азаттық жолындағы арыстарының қоғамдық - саяси қызметі мен құқықтық көзқарасының эволюциясына арналды.
Кітап Қазақстандағы мемлекет және құқық негіздері тарихын, саяси-құқықтық ілімдер тарихын зерттеуші ғалымдар, оқытушылар, аспиранттар мен студенттер, қазақ мемлекеттілігі тарихына зер салушы заңгерлер мен барша оқырман қауымға арналған. |
|
|
|
Бұл кітапта "Алаш" партиясының саяси-құқықтық идеялары, Қазақстанда мемлекеттік өкіметтің жоғары органдарын құру тұжырымдамасының түпнұсқасы, аударма нұсқалары салыстыра қарастырылған.
Монографияда, сондай-ақ, "Алаш" партиясының қалыптасу кезеңдері, қазақ халқы ұлт-азаттық қозғалысының басшылары жасаған бағдарламаның бағалы қағидалары, атап айтқанда, мемлекеттік өкімет билігінің бөліну принципі, жалпыға бірдей, демократиялық сайлау жүйесі сияқты мәселелер егжей-тегжейлі талданған.
Кітап жоғары оқу орындарының студенттеріне, құқықтанушылар мен тарихшыларға
арналады. |
|
|
|
Кітапта ХХ ғасырдың бас кезіндегі қазақ зиялыларының отарлық езгі мен ортағасырлық мешеулікке қарсы күресі, Ә.Бөкейханов пен А.Байтұрсынов бастаған саяси қайраткерлердің тәуелсіз мемлекет – Алаш автономиясын құру жолындағы жанкешті еңбегі тың деректер негізінде баяндалады.
Кітап студент жастарға, тарихшы мамандарға, сондай-ақ қалың оқырманға арналған. |
|
|
|
Бұл кітапта кеңес өкіметі кезінде 60 жылдан астам зерттеуге тыйым салынған Алаш һәм Алашорда тарихының деректемелік негіздері; ұлттық-демократиялық Алаш партиясының дүниеге келуі, оның бағдарламалық мақсат-міндеттері; Алаш автономиясының іс-әрекеті сөз болады.
Кітап тарих пәнінің оқытушысы мен мұғалімдеріне, студенттерге, қоғамдық-саяси өмірді білгісі келетін зиялы қауымға арналған. |
|
|
|
Бұл шағын еңбек алты Алаштың ардақтылары Ә.Бөкейханов, Ж.Ақбаев, Ә.Ермековтер туған орта – Ақтоғайда бой көтерген ескерткіштің ашылу салтанатына арнап шығарылды. Ақтоғай – Алаштың үш бірдей көрнекті қайраткерлерін берген қасиетті де киелі жер.
Кітаптың "Алаштың Ақтоғай" аталуы да осыдан. Көлемі жағынан шағын болса да, туған жер мен ел тарихынан мол мағлұматтар беретін бағалы дүние. |
|
|
|
"Алаш мұрасы" сериясы бойынша ұсынылып отырған Ә.Н.Бөкейханның таңдамалы шығармалар жинағына мақалалары мен зерттеулері енгізілген. Кітап қазақ мемлекеттілігі тарихына зер салушы заңгерлер мен барша оқырман қауымға арналған |
|
|
|
Кітапқа ХХ ғасырдың алғашқы ширегіндегі қазақ ұлт-азаттық қозғалысының басшысы, Алаш партиясының негізін қалаушы, Алашорда үкіметінің төрағасы Ә.Бөкейхановтың "Қазақ" газеті және басқа басылымдарда жарық көрген еңбектері, сондай-ақ ұлы күрескерге кезінде замандастары тарапынан көрсетілген құрметті айғақтайтын материалдар енді. Жеке кітап түрінде тұңғыш жарияланып отырған бұл материалдар арқылы оқырманның аса құнды мәліметтер ала алатындығы даусыз. Еңбектер түпнұсқа түрінде берілді. Кітап көпшілік қауымға арналған. |
|
|
|
Бұл кітап Санкт-Петербург университетін бітірген тұңғыш құқық магистрі Ж.Ақбаевтың өмірі мен қызметіне арналған. Автордың зерттеуі аса бай әрі қол жеткізу қиын материалдарға, автордың әр түрлі архивтерде көп жылдар бойы жүргізген ізденістеріне негізделген.
Кітап Қазақстан тарихына ден қоятын қалың оқырман қауымға арналған. |
|
|
|
Бұл еңбек нақты тарихи деректер негізінде жазылған. Халқына қалтықсыз қызмет еткен "Алыптар тобының" көрнекті өкілі, қазақ елінің тәуелсіздігі жолында күрес майданына шыққан "Алаш" қозғалысының көшбасшыларының бірі, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ірі ғалым, белгілі ағартушы, бірақ кезінде саяси қуғын-сүргіннің зардабынан есімі саналы түрде ескерілмей қалған Әлімхан Әбеуұлы Ермековтің (1891-1970) өмірі қарастырылады.Кітап Отанымыздың тарихына ден қоятын қалың оқырман қауымына арналған. |
|
|
|
Ләмбекұлы С. Арыстар: Роман. Астана: Елорда, 2000. – 368 бет
"Арыстар" романы ХІХ-ХХ ғасырлар алмасуындағы алмағайып заманның шер-мұңын арқалаған арыстардың тағдыр-тақсіретін өзек етіп, ащы шындықты көркем тілмен жеткізеді. Бұл кітапта халық үшін жазықсыз құрбан болып кеткен арыстардың аты аталып, өмірі мен қызметі әңгімеленеді. Асқарлы азалы жоқтау үні. Ауқымды биік ойдың тұғырлы межесі. Кейінгіге айта жүрер әдемі аңызы. Бүгінгі күні тәуелсіздігін баянды етіп, жаңаша өмір құрып жатқан қазақ зиялыларының қолынан түспейтін күрескерлік құрал сипатындағы мазмұны бай, көрікті көркем шығарма. |
|
|
|