Өтен Ахметов 1938 жылы Қызылорда облысының Қармақшы ауданында теміржолшы отбасында туған. Осында сегізінші сыныпты бітіргеннен кейін, Жезқазғанға келіп, 1956-1958 жылдар аралығында шахтада жұмыс істейді, әрі кешкі жұмысшы жастар мектебінде оқып, он жылдық білім алып шығады. Ө.Ахметов 1958 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне түсіп, оны ойдағыдай бітірген соң, 1936-1967 жылдары Жезқазған облысы, Жезді ауданының Қарсақбай поселкесінде қазақ орта мектебінде тарих және қоғамтану пәндерінен сабақ берді. Ал, 1967 жылдан бастап Ө.Ахметов ұзақ уақыт баспасөз саласында еңбек етті.
1973-1982 жылдары телевизия және радио хабары жөніндегі облыстық комитеттің бас редакторы қызметін атқарған.
1982-1987 жылдар аралығында "Орталық Қазақстан" газетінің Балқаш қаласы бойынша меншікті тілшісі, бөлім меңгерушісі, одан соң редактордың орынбасары, ал 1993 жылы Ө.Ахметов – Қарағанды телевизия және радио хабары жөніндегі комиттетің бас редакторы, 1993-97 жылдары төрағасы болды. 1997 жылы "Азия Транзит" газетінің бас редакторы болып уақытша қызмет атқарған. Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Мыңбаев ауылындағы орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болды.
Ө.Ахметовтың шығармашылық тұңғыш еңбегі Балқаш кен металлургия комбинаты туралы очерк-кітапша, "Алыптың адымы" 1968 жылы "Қазақстан" баспасынан жарық көрді, "Алда күн бар" атты алғашқы повесі 1973 жылы жарық көрді. одан кейін "Адам болғым келеді" (1975), "Алтын арқау" (1977), повестері, "Қоңыр үй" (1982), "Заңғар" (1988) романдары шықты. "Қазақтелефильм" студиясы түсірген "Қарқаралы қыздары" деректі телевизиялық фильмі сценарийнің, "Темірқазық", "Студенттер", "Құрыш пен қоңыз" пьесаларының авторы.
"Құрыш пен қоңыз" әңгімесі үшін республикалық "Балдырған" журналының (1977), "Заңғар" романы үшін (1989) Қазақстан Магниткасы жұмысшы бәйгесінің лауреаты атанды. Республикалық телефестиваьдерде бас жүлдені дүркін жеңіп алды.
Кері қайту
|