Шөже Қаржаубайұлы 1808 жылы қазіргі Нұра ауданыны жерінде кедей шаруа отбасында туған. Ол қазақ халық ақыны, жыршы. Аталары Қуандық. Шөженің әкесі құлдықта, шешесі күндікте өткен адамдар. Өзі де жасынан жетім қалып, бай босағасында малайлықта күн кешкен. Өлең шығару таланты жас кезінен-ақ байқалған, бала кезінде аурудың салдарынан зағип болып қалған.
Шөже – өрен жүйрік айтыс ақындарының бірі. Айтыстарға катысқанда қалыптасқан әлеуметтік - философиялық көзқарастары болды.
Адамгершілікке жат кесілді кемшіліктерді әшкерелейді.
Шөже айтыстары өзінің өткірлігімен де, шынайылығымен де, сыншылдығымен де көзге түседі. Ол Кемпірбай, Тезекбай, Жәмішбай, Келдібай, Балта, Орынбай, Серәлі, Шортанбай Тазбала және қыз ақындарымен айтысқан. Үлкен айтыстарда 17 рет жеңіп шыққан. Өзінің асқан шешендігімен, суырып салма төкпелігімен, көкейкесті мәселелерді қозғауымен және ауылдағы ат төбеліндей бай-шонжарлардың екі жүзді зұлымдылығы мен парақорлығын жұрт алдында батыл аяусыз әшекерелеумен кеңінен танымал болған.
Шөже айтысқа түсіп қана қоймай, кезінде арнау өлеңдер де айтқан. Оның бізге жеткен бірнеше толғаулары да бар. Олар: "Арқадан шығып едім Ноғайға еріп", "Дәуке, осынша не қылды бейілің қашып", "Домбыра шыққан тыңқылдан", "Жиылған көп жамағат отыр қоршап", "Ассалаумағалайкум, қара Бәйтек", "Бәйтікке", "Кім өлсе, соған түсер заман ақыр", "Қос құлаққа", "Ерден батырға", тағы басқалар.
Асқақ жыршы, лирикалық-эпикалық дастандарды шебер орындаушы болған. Абаймен кездесіп, халық эпостарын, әндері мен аңыздарын білетіндегімен оған зор ықпал жасаған. Ш.Ш.Уалиханов 1864 жылы 6 наурызда өзінің Омбыдағы пәтерінде Шөже орындаған "Қозы Көрпеш–Баян сұлу" дастанының ең таңдаулы нұсқаларының бірін жазып алып, Шөженің ақындық шеберлігіне жоғары баға берген.
Шөже Қаржаубайұлы – ХIХ ғасырдағы қазақ поэзиясының аса ірі тұлғаларының бірі.
1895 жылы қайтыс болған.
|