Ісләм Жарылғапов 1918 жылы 4 тамызды Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданында туған. Әкесі Жарылғап орта шаруалы, ескіше сауатты болыпты. Ол Ісләмді жасынан оқуға беріп, білімнің жолына түсуге баулиды. Ауыл мектебін бітірген соң, 1938 жылы Алматы педагогикалық училищесін, 1942 жылы Абай атындағы қазақ мемлекеттік педагогика институтын (қазір университет) ойдағыдай тәмамдайды. КСРО Сыртқы істер министрлігінің жоғары дипломатиялық мектебін бітірген. Осылайша қыруар білім алып, жетілген І.Жарылғапов әр түрлі қызметтер атқарады.
1942-46 жылдары БЛКЖО Орталық Комитетінің нұсқаушысы, Алматы облыстық комсомол комитетінің хатшысы қызметтерінде жұмыс істеген. 1946-50 жылдары Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің лекторы, сектор меңгерушісі болды.
Бұдан кейінгі жылдары газеттерде, басқа мәдениет саласында көп жыл еңбек етті. Атап айтқанда "Жазушы" баспасында, республиканың Мәдениет министрлігініде, Қазақ ССР Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитеттерінде жауапты қызметтер атқарған. Кезінде “Қазақ әдебиеті” газетінің редакторы, “Жұлдыз” журналы бас редакторының орынбасары, Қазақстан Жазушылар одағының көркем әдебиетті насихаттау бюросының директоры болды.
1975 жылдан шығармашылық жұмыста болды. 1937 жылдан марксизм-ленинизм классиктерінің шығармаларын қазақ тіліне аударуға ат салысты. Көркем әдебиет саласында А.С.Пушкин, А.И.Герцен, И.С.Тургенов, Л.Н.Толстой, М.М.Пришвин, Л.Соболев, Л.Ленов, Ю.П.Герман, Ф.Ниязи, Г.Н.Леонидзе, А.С.Исаакян, Әзиз несин, Клара Цеткин, Вилли Бредель, И.Р.Бехер, т.б. ақын-жазушылардың әр жанрдағы шығармаларын қазақ тіліне аударған. Жарылғапов аударма теориясын зерттеді, тілімізге "оқырман", "көрермен", "саяжай", "балмұздақ", "уыздық", "жағажай", "аялдама", "перзентхана", "еңбеккер", "телефондау", "теледидар", "ғарыш" сияқты көптеген жаңа сөз қосты.
Осылайша жарты ғасырдан астам уақыт бойы әдебиетпен тығыз қарым-қатынаста болып, өзі көркем аударма саласында жемісті еңбек етті. Ол аударған М.Горбкийдің, М.Шолоховтың, Д.Собольевтің, М.Лермонтовтың, М.Пришвиннің және көптеген шетел жазушыларының шығармалары көркем аударма жанрының озық үлгісі ретінде танылды. Оның мазмұны бай, ойлы публицистикалық, әдеби-сын мақалалары республикалық баспасөзде үнемі жарияланып тұрды. Әсіресе оның әдеби терминдер, жеке атаулар жасаудағы еңбегі ерекше.
Ол қоғамдық жұмыстарға да белсене араласқан еді. Қазақстан Жазушылар одағы ардагерлер кеңесінің төрағасы қызметін атқарды. Қоғамдық жұмыстағы және қазақ әдебиетін өркендетуге сіңірген еңбегі үшін І.Жарылғапов бірнеше рет Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған. Талантты аудармашы, сөз қадірін, тіл бабын білетін қажырлы қаламгер І.Жарылғапов 1991 жылы 14 мамырда Алматы қаласында 73 жасында қайтыс болды.
|