Саттар Асқарұлы Ерубаев қазіргі Шымкент облысы, Түркістан ауданында 1914 жылы дүниеге келген. 1923 жылы Түркістан жеті жылдық мектебінде оқыды. Мұны бітіргеннен соң жетіжылдық орыс мектебінде оқып, оны үздік аяқтап шығады.
1930-шы жылы Саттардың белсенді комсомол мүшесі және зейінді жас екені ескеріліп, жоғары оқу орындарына даярланатын Алматыдағы дайындық курсына жіберіледі. Сол жылы ол Қазақстан оқу Комиссариатының арнайы жолдамасымен Ленинград тарих, философия және лингвистика институтына түседі.
Институтты Саттар 1933 жылы үздік бағамен бітіріп шықты. Ол дипломдық жұмысын өте жақсы қорғайды және осы еңбегі үшін бәйге алады. Сөйтіп, бұл жұмыс баспасөз бетінде жариялансын деген қаулы шығарылады. Ұстаздарының ұсыныстары бойынша С.Ерубаев аспирантураға қалдырылған екен. Бірақ Қазақстан өлкелік комсомол комитеті арнайы жеделхат жолдап, С.Ерубаевты шұғыл түрде Қазақстанға шақыртады. Осыған байланысты Саттар, оқуын қалдырып, елге оралады. Алматыда Саттар 1933-1934 жылдары “Ленинская смена” газеті әдебиет және өнер бөлімінің меңгерушісі, “Лениншіл жас” газеті редакторы; мәдениетте 1934 жылы бірер ай музыка театрының директоры; білім беру саласында 1933-1934 жылдары Жоғары ауыл шаруашылық мектебінде философия кафедрасының ұстазы қызметтер атқарды.
Қазақстан өлкелік партия комитетінің “Қарағанды полетариаты” газетінің жауапты редакторының орынбасары болып істейді. Қаламы ұшқыр, пікірі таза, дарынды қаламгер С.Ерубаев сол кезде Қазақстан Жазушылар одағының бірінші сьезіне қатысып, одақ мүшелігіне алғаш қабылданғандардың бірі болды.
1935 жылдың жазында С.Ерубаев Ленинград университетінің аспирантурасына түседі. Бірақ меңдеп кеткен өкпе ауруы оған бар болғаны бір-ақ жыл оқуға мүмкіндік береді. Осыдан соң Саттар Алматыға қайтуға мәжбүр болады. Мұнда ол 1936-1937 жылдары Қазақстан педагогикалық институтына қазақ әдебиетінің тарихы мен теориясынан лекциялар оқиды.
Бірақ бойын әбден меңдеп алған ауыр дерт Саттарды 1937 жылдың екінші маусымында Алматы қаласындағы Турксиб ауруханасында көз жұмғызды. Онда ол бар болғаны 23 жаста еді.
«Саттар прозаик, Саттар ақын, Саттар публицист, Саттар пародист, Саттар драматург, Саттар ұйымдастырушы. Осының бәріне Саттар студент, Саттар аспирант дегенді қосыңыз. Қалай сығымдасаң да бас-аяғы жиырма үш жылға сыйдыра алмай дал боласың. Саттар сыйдырыпты. Саттар үлгеріпті» -деп белгілі қаламгер Дулат Исабеков 2004 жылдың 15 қазан айындағы Қазақ әдебиеті газетіндегі мақаласында айтқандай осындай қысқа өмірінде артына өшпес мұра қалдырған қазақтың дарын ұлдарының бірі Саттар Ерубаевтың есімі әрқашанда ел есінде.
1966 жылы Саттар Ерубаевқа Қазақстан Ленин комсомолы атындағы сыйлық берілді. Түркістан қаласында Саттар мұражайы бар. Қарағандыда Саттар Ерубаевтың атында мектеп, үлкен көше бар.
Оның өмір жолы, шығармалары – Қазақстан тарихының, қазақ әдебиетінің бір ұшқыны, бір ғана бөлшегі еді. Саттар Ерубаев «Тракторшы комсомолдың жыры», «Колхоз базарында», «Ақын жыры», «Үш шахтер туралы», «Меруерт алқа» т.б. балладаларын «Бақыт», «Өмір көркемдігі», «Келесі соғыс туралы» новеллаларын, бірнеше сатиралық әңгімелер жазды. С.Ерубаев М.Жанғожинмен бірігіп мектеп оқушыларына арналған қазақ әдебиеті хрестоматиясын құрастырды. Сонымен қоса аудармашылықпен де шұғылданған. Ол К.Чуковскийдің, Ю.Березиннің, А.Суриковтың, И.Эренбургтің кейбір шығармаларын қазақ тіліне аударған.
|