Шәкәрімді біз көбінесе ақындық қырынан ғана білеміз. Шын мәніндегі Шәкәрім - ойшыл, композитор, аудармашы, Абайдың жаңашылдық дәстүрін дамытып, Абайдан кейінгі екінші реалист ақын атанған ұлы ақын, ақын-философ, қажы.
Шәкәрімнің шығармашылық рухани қалыптасу жолы арнайы оқу орнында оқып, даярланбаған дала қазағының қалпын танытады. Бірақ өз ынтасымен араб, парсы, шағатай, орыс тілін үйреніп, сол тілдерде жазылған рухани қазына көздерін тереңдей меңгеріп, шыншылдықпен ой қорытқан дала ойшылын көреміз.
Шәкәрім Құдайбердиев 1858 жылы 11 шілдеде (ескіше) Шыңғыс тауы бөктерінде қазіргі Семей облысының Абай ауданында туған. Оның әкесі Құдайберді Құнанбайдың үлкен бәйбішесі Күңкеден туған. Шәкәрім олардың немересі, яғни Абайдың немере інісі.
Шәкәрімнің әкесі Құдайберді 1866 жылы 37 жасында дүниеден өткен. Әкесінен жетім қалған Шәкәрім өмірінің біраз жайы туралы өз шығармаларында, әсіресе "Мұтылғанның өмірі" деген поэмасында жазылған.
Бесімде оқу білсін деп,
Ата-анам берді сабаққа.
Жеті жаста жетім боп
Түскендей болдым абаққа.
Ардақты кенже жетім деп
Әлпештеді мен көп,
Надандыққа болды сеп
Қақпай ешкім қабаққа, -
деп бастайды. Осы өлеңінде айтып өткендей Шәкәрім де Абай ағасындай жастық шағында білім ала алмағанын өкінішпен өлең жолдарында өрнектейді.
Шәкәрім "Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресінде" былай деп жазды: "Мен пақыр өз әкем өлген соң ұлық атамыз хажы марқұмның тәрбиесінде қалсам да, бұрыннан ауылымыз, қыстауымыз бөлек болғанда хажы марқұм мені "жетім" деп аяп, қысып оқыта алмай, жетімді сылтау қылып, ойыма не келсе, соны істеп ғылымсыз өстім.
Шығыс классиктерінің біразының шығармаларын қазақ тіліне аударады. Пушкиннің "Дубровский" атты романын, "Боран" повесін, Толстойдың жекелеген әңгімелерін қазақ тіліне аударды. Орыс, Батыс әдебиетінің тамаша үлгілерін қазақ оқырмандарына таныстырды. Лев Толстойдың шығармаларын аса жоғары бағалап, өзін ғұмыр бойы Толстойдың шәкіртімін деп санаған. Революциядан бұрын Ш. Құдайбердиев қоғамдық маңызы бар істерге араласқан. Мысалы, Императорлық Географиялық Орыс қоғамының Батыс Сібір бөлімінің Семей бөлімшесіне Шәкәрім мүше болған.
Таланты шалқи түскен шақта Шәкәрім рухани тірегі - сүйеніші – Абайдан айырылды. Сүйікті ағасы, ұстазының дүниеден өтуі оған қатты әсер етті. Енді ақынның айналасында ой-өрісі озық, дарынды адамдардың аз болуы, болса да бытыраңқы жүрген сәттерде Шәкәрім сынды ерен тұлға бір сәт қоғамнан бөлектеу болуға бел байлайды.
1905-1906 жылдар Шәкәрім қажылық сапар шегеді. Меккеге барған бұл сапарын пайдаланып, Стамбул, Париж кітапханаларындағы асыл мұралармен танысып, туған халқының тарихына байланысты кітаптар оқиды.
Тыныштық жағдайда өмір сүруге, шығармашылық еңбекпен айналысуға жетпіс екі жасында оңаша кетеді.
1931 жылы жетпіс үш жасында қаныпезерлер қолынан қаза табады.
Шәкәрім Құдайбердіұлының туғанына 150 жыл толуына орай сіздердің назарларыңызға "Жол табалық ақылмен" атты әдеби экспозициямызды ұсынамыз.
Кері қайту