"Аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың да тарихтың төрінен орын алары дау тудырмайды. Кемшіліксіз адам жоқ. Жұмыр басты пенде болған соң әртүрлі нәрсе болады. Димекең – өз заманының перзенті болған ірі тұлға. Ол кісінің артықшылығын да, кемшілігін де біз сол заманынан бөле-жара қарауға қақымыз жоқ. Қонаев есімі Қазақстан халқымен бірге жасары анық, ақиқат. Ол кісі ұстаз болған ұлы адам."

Нұрсұлтан Назарбаев

Алғы сөз

Аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері – Дінмұхамед Қонаевтың 100 жылдық мерейтойына арналған "Дінмұхамед Қонаев – XX ғасыр саңлағы" атты виртуалды кітап көрмесі.

Дінмұхамед Қонаевтың өмірі мен шығармашылығы жайлы кітаптармен, басылымдармен және ұлы саясаткер туралы зерттеулермен осы көрмеден таныса аласыздар.

Көрмеде қамтылған бөлімдер қазақ тілінде ұсынылады.

"Бала Димаштан — Елағасы Димекеңе дейін" атты бөлімі өмірбаяндық ақпараттармен толықтырылған.
Дінмұхамед Қонаев қазақ және орыс тілінде өте жақсы сөйлеген әрі жазған. Қонаевтың 100-ден аса ғылыми еңбектері бар. Оның қаламынан "Ұлы Октябрь Социалистік революциясына елу жыл", "Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Қазақстан Коммунистік партиясының XVI съезіне есепті баяндамасы", "Таңдамалы сөздер мен мақалалар", "Лениннің нұрлы жолымен", "Советтік Қазақстан", "Өтті дәурен осылай", "'Әлемнің Әуезові" атты тамаша туындылары шыққан. Бұл кітаптар "Ғұламаның қолтаңбасы" атты бөлімінде берілген.

"Қонаевтану" бөлімінде ұлы саясаткер туралы замандастарының, туған-туыстарының және көрнекті қоғам қайраткерлерінің естеліктері жинақталған.

"Өзі өнеге, сөзі ғибрат еді" атты бөлімінде Дінмұхамед Қонаевтың нақылға айналған сөздерімен, ал "Тұлға туралы ой маржандары" бөлімінде Қонаев туралы көрнекті қалам қайраткерлерінің, еңбек ардагерлерінің, АҚШ-тың 34 - президенті Дуайт Эйзенхауердің ұлағатты сөздері мен ой-пікірлерімен таныса аласыздар.

Қазіргі қауымның нағыз патриот, бірегей тұлғаға деген көзқарасын "Дінмұхамед Қонаевтың 100 жылдық мерейтойына арналған материалдар — баспа беттерінде" атты бөлімінен көруге болады. Сондай-ақ мақалалардың толық мәтіндері енгізіліп, интернет ресурстарына сілтемелер көрсетілген.

Халқымыздың біртуар перзенті, есімі дүние жүзіне мәшһүр болған аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаев жайлы, оның еңбек жолдары туралы білгісі келетін барлық қауымға осы көрменің берері мол.





Copyright © 2012, karlib.kz