Өмірдерек

Жеңіс Қашқынов 1942 жылғы 4 наурызда Қарағанды облысы Ақтоғай ауданындағы, бұрынғы «Қуаныш» ауылында туған. 1959 жылы Алматыдағы С.М.Киров атындағы №12 қазақ орта метебін, 1964 жылы ҚазМу-дің филология факультетін бітіріп шығады. Алғашқы кезде республикалық «Лениншіл жас» газетінде жұмыс істеп, 1965 жылдан қазақ радиосында қызмет атқарып келді. Одан кейін «Мектеп» баспасында жұмыс істеді.

Жеңіс Қашқынов өлеңді мектепте оқып жүрген кезден жаза бастаған. Алғашқы өлеңдері 1959 жылы республикалық «Пионер» («Ақ желкен»), «Қазақстан пионері» («Алау») газеттерінде жарық көрді. Балаларға арналған тұңғыш «Кешкі күн» аталатын кітапшасы 1967 жылы, ал «Қоңыраулы сағат» атты бір томдығы 1989 жылы жарық көрді. Ақын бірқатар бауырлас елдер ақындарының жырларын ана тілімізге аударса, оның өлеңдері орыс, украин, өзбек, молдаван, грузин, қырғыз, ұйғыр тілдеріне аударылды.

Жеңіс Қашқыновтың өлең өлкесінде қаламының ұшталып қанатының қатаюына «Орталық Қазақстан» газеті ерекше ықпал етті.

Ж.Қашқынов шығармашылығының басты тақырыбы – халқымыздың мәрттігі мен ерлігін жырлауға арналған. Бұған дәлел С.Сейфуллин жайлы «Қызыл сұңқар» атты балладасы мен Ақтоғай ауданынан шыққан, кешегі жаумен шайқаста ерлікпен қаза тапқан Кеңес Одағының Батыры Қ.Нұржанов жайлы жазған шығармалары. Қ.Нұржанов жайлы жиырма жылдан артық уақыт бойы деректер мен материалдар жинап, «Батыр Қазыбек Нұржанов» (1971 ж.) очерк кітабын, «Батырдың анасы» (1978 ж.) атты поэмасын қалың жұртшылыққа сыйға тартты.

Жеңіс Қашқынов ақындығымен қоса мақала, очерктер, ой-толғамдарын ортаға салып, газет-журналдарға бұрын да жазып жүрген қаламгер тәуелсіздік таңы арайлап атқанда тарихи тақырыптарға батыл барды. Жалаң тұрғыдан емес, зерделі зерттеулерді салыстыра, бұрындары елден естігендерін толықтыра отырып жұрт кәдесіне ұсынды. 1994 жылы тарихи тақырыптарға жазған мақалалар мен очерктер топтамалары үшін Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты атанды. Жазушы тарихи тұлғалардың кескін-келбетін, іс-әрекеттерін, халқы үшін аямай жұмсаған күш-қайратын көрсететін жарқын бейнелерін 2001 жылы шыққан «Алыптар мен арыстар» деп аталатын өлеңдер мен дастандардан тұратын жыр жинағында сомдады.

Ж.. Қашқыновтың өлең жолдарына сия бермейтін ел намысын жыртып, туған жерін кеудесін қалқан етіп жаудан қорғаған қаһармандардың ерліктерін кеңінен көрсету мақсатында проза жанрына бой ұруы тегін емес. 2002 жылы «Жібек жолы» баспа үйінен шыққан «Атыңнан айналайын атамекен» аталатын кітабында Балқаш пен Қарағанды арасындағы сайын даланы найзаның ұшы, білектің күшімен қорғаған батырлар, жалынды жырларымен елдің рухын көтерген арынды ақындар, би-шешендер, Алаш көсемдері, көрнекті ғалым, мемлекет қайраткерлері, майталман еңбек ерлері туралы деректі әңгімелер, толғаулары, портреттері енген.

Сонымен бірге «Ақжолтай Ағыбай батыр» (1996 ж.) туындысы жастарды Отанын шексіз сүюге баулитыны сөзсіз.

Жазушы 30 жылдан аса Балқаш көлінің әсем көрінісін жырлап қана қоймай, суының тартылып, балығының азаюына байланысты көптеген проблемалық мақалалар жазып, Қазақ радиосы арқылы: «Балқаштың бағын байламаңдар!» деп қалың елге үн тастағанын білеміз.

Әдеби газет-журналдар мен бірнеше жыр мүшәйраларының жеңімпазы, Ақтоғай ауданының Құрметті азаматы.

Жеңіс Қашқынов Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен, грамоталармен марапатталған.

2006 жылдың қаңтар айында 64 жасқа қараған шағында қайтыс болды.




Copyright © 2012, karlib.kz