Эссе
Песни Касыма
   
 

Қазақ поэзиясының аса көрнекті өкілі, халқымыздың сүйікті ақыны Қасым Аманжолов қазақ әдебиетінің биік аспанындағы жұлдызы, мәңгі жанып тұратын таланттардың бірі. Қасым қазақ жырын ғана бел асырып кеткен жоқ. Өзінің өртке тиген өлеңдерімен ізгілікке - тәнті, сұлулыққа шөлі қанбайтын бүкіл қазақ халқының асқақ рухын аспанға көтерген ақын! Қазақ поэзиясына он буынды өлең түрін енгізіп, оны әбден тұрақтандырып кеткен, ұлттық поэзиямызды жоғары сатыға көтеріп, жүректерде жарқын із қалдырған ақынның туғанына 100 жыл толып отыр.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 24 қаңтардағы №29 қаулысымен ақын Қасым Аманжоловтың туғанына 100 жыл толуын атап өту жоспары бекітілген. Осы қаулы негізінде Қарағанды облыстық Н. В. Гоголь атындағы ғылыми-әмбебап кітапханасында мерейтойлық іс-шаралар жоспарланды.

Қасым Аманжоловтың 100 жылдық мерейтойы қарсаңында Қарқаралы мұражай үйінде ашылған ақын бөлмесі ақынның қолданған өзінің қолы тиген көптеген  тұрмыстық  жәдігерлерімен және өмірдерек-қолжазбаларымен, әдеби кітаптарымен толығып, өзіндік құнды бай ақын мұраларымен көз тартып тұр. 
Касым ақынның дүниеден озғанына жарты ғасырдан аса уақыт өтсе де, халықтың рухани сұранысын қанағаттандыратын  жәдігерлер мен қолжазбалар, кейінгілер үшін баға жетпес құнды дүниелер екені даусыз.

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына жоспарланған іс-шаралардың бағдарламасы аясында қазақтың дауылпаз ақыны Қасым Аманжоловтың 100 жылдық мерейтойына арналған "Қыран қанатты ақын" атты топтаманы ұсынамыз!

Топтаманың мақсаты-жасындай өткір, асылдай таза жаратылысымен ұлт, ұрпақ жанын әлдилеп, ғажайып нұрлы шуағымен жаңа ғасыр айдынына еркін енген қазақтың ұлы ақыны Қ. Аманжоловтың қайталанбас шығармаларын оқырмандарға  дәріптеу.

Осы топтамада ақынның өмірбаяны, фотосуреттері, көзі тірісінде жарық көрген шығармалары, аудармалары мен "Қазақ жырының алдаспаны" атты виртуалды көрме қойылған.

Топтаманың "Өмірдерек" бөлімінен ақынның өмірбаяны мен фотосуреттерімен таныса аласыздар.

"Өлеңдер мен поэмалар" бөлімінде Қ. Аманжоловтың көзі тірісінде баспа беттерінде жарық көрген шығармалары, яғни кітапхананың қорында сақталған 1945-1955 жылдардағы "Социалистік Қазақстан", "Лениншіл жас", "Әдебиет және искусство" газет – журналдарынан алынған материалдар қойылды.

Қасым Аманжолов - көркем аударма өнерінің де үздік шебері. Ол орыс, Батыс пен Шығыс поэзиясының классикалық туындыларын: лирикалық өлеңдер мен поэма-дастандарын қазақ тіліне зор шабытпен аударды. Топтаманың "Аудармалар" бөлімінен Қ. Аманжоловтың аудармаларын оқи аласыздар.

Атақты тұлға туралы замандастарының, туған-туыстарының және көрнекті қоғам қайраткерлері мен көркемөнер зиялыларының естеліктері, Қасым Аманжоловтың 100  жылдық мерейтойына арналған мақалалар, зерттеулер, арнаулар "Ақынның ғасырлық тойы" атты бөлімінде топтастырылған.

Ақпараттық ресурс құрылымы "Қасым мұрасы" бөлімімен толықтырылды, онда фотосуреттері, мұрағаттық құжаттардың және ақынның жеке заттарының фотокөшірмелері жинақталған. Сонымен қатар "Қазақ аспанында - Қасым рухы" атты бөлімінде ақынның ғасырлық тойынан жинақталған көріністермен таныса аласыздар.

Қасым Аманжолов — өршіл рухтың ақыны. Ол өз заманындағы уақыт талабына, замана сырына үңіліп қана қоймай, қыруар сауалдарға жауап қайтарды. Қасым азаматтығы келісіп тұрған ақын, өзі ғұмыр кешкен ортада, қоғамда қандай роль атқаруы керек екенін терең түсіне білді. Сіздерді осының дәлелі ретінде "Қазақ жырының алдаспаны" атты виртуалды көрме әдебиетіміздің мүддесін асқақ тұтып өткен Қасым шығармашылығын, ақындығын, сондай-ақ өмірінің қыры мен сыры туралы әдебиеттермен таныстырады.

"Эссе" және "Қасым әндері" бөлімдерінде ақын поэзиясының саздылығы көрсетілген, ал ақын туралы шын жүректен шыққан сөздер Қ. Аманжоловқа арналған ең жақсы лирикалық жолдары енген әдебиет тізімімен толықтырылған.

Қ.Аманжолов - өзінің батыл ойлы, шыншыл да терең сырлы, дауылды поэзиясымен әр буын оқырмандар сүйіспеншілігіне ие болып, жас таланттарға өте күшті әсер етіп келе жатқан біртуар дарын. Қанша уақыт өтсе де, қаншама ұрпақ алмасса да, өзінің көмескіленбейтін ғажайып поэзиясымен, өршіл рухымен, бір басына ұлттық болмысты шебер жинақтап, жауһар жырларына арқау ете білген Қасым тұлғасы, оның рухты поэзиясы мәңгілік ғұмыр кешетіні ақиқат. Қазақ поэзиясы алыптарының бірі Қасым Аманжолов туралы білгісі келетін барлық қауымға осы топтаманың берері мол.

Бұл топтама әрдайым жаңа деректермен толықтырылып, жалғасады.





Copyright © 2011, Қарағанды ОҒӘК