Басты бет
Ақпарат
Халық ақындары
Аңыздар
Ақындар
Жазушылар
"Жыр жауһар" клубы
Байланыс

Ақсұңқарұлы С.С. Арқаның ақиық ақыны Серік Ақсұңқарұлы 1950 жылы 29 наурыз күні Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданындағы "Қызыларай" сохозында дүниеге келген. 1986 жылдан КСРО Жазушылар одағының мүшесі. 1974 жылдан баспасөз орындарында қызмет істеген: Ақтоғай "Арқа еңбеккері", Талды аудандық "Шұғыла" газеттерінің тілшісі, бөлім меңгерушісі, 1981-1989 жылдары Қарқаралы аудандық "Коммунизм таңы" (қазіргі "Карқаралы") газетінің бөлім меңгерушісі, одан кейін облыстық "Орталық Қазақстан", 1990 жылдан Қазақстан Жазушылар одағы облысаралық бөлімшесінің хатшысы. Ал 2000 жылдан бастап Қазақстан Жазушылар одағы Қарағанды облыстық бөлімшесінің директоры болып тағайындалды. Шығармашылық жастардың республикалық "Жігер" фестивалінің (1980 ж.) лауреаты, Қазақстан Республикасы Президентінің стипендиаты.
Серік Ақсұңқарұлы өлеңді 13 жасынан бастап жазған. Ол–бүгінде әдеби орта мен қалың оқырманның ілтипат-құрметіне бөленген "Көктем тынысы" ("Жазушы", 1975), "Қарлығаш" ("Жалын", 1977), "Жиырмасыншы ғасырдың жиырма сәті" ("Жалын", 1984), "Жез тасқын" ("Жазушы", 1987), "Қызыларай" ("Жалын", 1990), "Ғасыр кардиограммасы" ("Жазушы", 1990) жыр жинақтарының авторы.
Серік Ақсұңқарұлының поэзияға келген кезі "жылымақ кезең" аталған 60-шы жылдар болатын. Ақын қандай тақырыпқа жазбасын, өлең жолдарынан өзіне ғана тән биік азаматтық, қаһармандық, сүйіспеншілік лебі есіп тұрады. Табиғаты көлгіреуді білмейтін, жаны таза ақын әлемдегі қым-қиғаш әділетсіздіктерге өз үнімен, жанайқаймен қарсы тұрады. С.Ақсұңқарұлы шығармасының ішіндегі шоқтығы биігі, арынды бір ғасырдың әр алуан қыры мен сырын, бүкіл планета тынысын үлкен пафоспен, биік патетикалық асқақ шабытпен жазған поэмасы "Жиырмасыншы ғасырдың жиырма сәті". Бұл поэма үлкен философиялық ойлар түйген, дәуір келбеті түрлі бояу-нақыштармен суреттелген поэтикалық кең понарама. Онда ХХ ғасырдағы әлемдегі келеңсіздік жәйттер: соғыс, атом, рухани кедейшілік, фашизм, экологиялық дағдарыс, ғасыр дерті ЖИТС, нашақорлық тек адамдарды ғана құртып қоймай, Жер-Ананың да орны толмас қасіреті екенін, табиғатқа жерге табынуға, соларды аялауға үн қосады.
Ақынның диапазоны кең, тақырыбы әлемдік мәселелер, елдегі ауыл тіршілігі, Ресейдегі төңкеріс-өзгерістер, Жапониядағы Хиросима құрбандары, Чилидегі азаттық аңсағандар, Вьетнам патриоттары. Әлемдегі азаматтың зауалы-нейтрон бомбасы ақын жанын бейжай қалдыра алмайды. Әділетсіздік атаулығы атой салу, әділеттікке үн қосу С.Ақсұңқарұлының кредосы. Оның "Көктем тынысы", "Қарлығаш", "Қызыларай" кітаптарында табиғат сұлулығы, махаббат туралы таңғы шақтай мөлдір лирикалық шығармалары көктемдегі көкарайдай көркем, таза тау ауасындай әсер етеді.
С.Ақсұңқарұлының "Қазақстан" баспасынан 2000 жылы "Адам ата-Һауа ана" рух кітабы жарық көрді. Бұл кітапқа ақынның 1967-1998 жылдар аралығында жазған жырлары топтастырылған. Қазақ ауылының тыныс-тіршілігі ғана емес, ғаламдық, яғни жер жүзілік өзекті де өміршең мәселелерді арқау еткен ақын ойы ұшқыр да асқақ. Келісті де көркем оймен өрілген өлең жолдары оқырманын қалың ойға жетелеп, қашанда ұлттық, елдік мәселелермен тығыз сабақтасып жатады. Аталған өлең кітабының басты құндылығы–ұлттық рухты серпілтуі мен оянған ойға кең өріс, соны серпін беруінде.

Кері қайту


Аманжолов Қ.Р.Қасым Рахымжанұлы Аманжолов 1911 жылы қазіргі Қарағанды облысының Қарқаралы ауданындағы Қызыларай қыстауында дүниеге келген.
1923 жылы Қасымды ағасы Ахметжан Семейдегі бастауыш мектеп-интернатқа түсіреді. Мектептен кейін Қасым Семей мал-дәрігерлік техникумында оқиды. Оны тәмамдағаннан соң Оралдаға педагогикалық институтқа түседі. 1930 жылы Алматыға барып "Леніншіл жас" газетінің редакциясына қызметке тұрады. 1931 жылы Қасым Лениградтағы орман шаруашылығы институтына түседі, бірақ аяқтай алмай, Оралға келіп, "Екпенді құрылыс" газетіне қызметке тұрады. 1933 жылы міндетті әскер қатарына алынып, оны сол Орал қаласында өтейді.
Алғашқы өлеңдерін Қасым Семейде жазған. Олар қабырға газетіне ғана басылып жүрген. Кейін ол дәптері жоғалып кеткен. Сондықтан 1930 жылдарға дейін жазған өлеңдері сақталмаған. 1930 жылы жазған өлеңдері өзі қызмет істеп жүрген "Лениншіл жас", "Қызыл әскер" және "Пионер" газеттерінде жарияланған.
Қ.Аманжоловтың ақын, азамат болып қалыптасуына Орал қаласы үлкен әсер етті. Осы қалада ол ең алғашқы махаббат, жастық жырларын жазды. 1935 жылы әскер қызметінен босасымен Қасым Оралдың театр труппасын ұйымдастырып, өзі көркем басқарушысы болады. Бұл труппа тез өсіп, аз уақыт ішінде театр болып құрылды. Мұндағы Қасымның еңбегі өте зор еді. Осы кездері Қасымның ақындық, әншілік, артистік таланты жұртшылыққа танылды.
1936-1941 жылдары Қ.Аманжолов Алматыға барып, "Социалистік Қазақстан", "Лениншіл жас" газеттерінде, Жазушылар Одағында қызмет істейді. Бұл кездері ол өлеңмен қатар әр түрлі тақырыпқа мақала, очерк, фельетон жазады.
1939-1941 жылдар арасында Қасымның шығармашылық елеулі өрлеу дәуірі басталады. Осы кездерде жазған "Нар тәуекел", "Дауыл", "Көкшетау", "Орамал", "Заула, заула Турксиб", "Сұлтанмахмұт туралы баллада" сияқты өлеңдерінде өрісті ойлар, терең сезім қуаты, өткір тіл байлығы байқалады. Және де Пушкин, Лермонтов, Шевченко, Байрон, Маяковскийдің шығармаларын қазақ тіліне аударуы Қасымның шығармашылық өнерінің өсу жолын анықтай түседі. Қасым қалың жұртшылыққа өзінің ақындығы, аудармасымен ғана емес, сонымен қоса әнімен, домбра, сырнай, скрипка, пианино тартатын әдемі өнерімен де танылған. Ол өз өлеңіне ән шығаруды өте қызық көрген. "Дариға", "Туған ел" атты өлеңдері бүгінгі жақсы әндер тізіміне қосылады. Қ.Аманжоловтың бірінші өлеңдер жинағы 1938 жылы "Өмір сыры" деген атпен шықты. 1940 жылы Қасым Маяковскийдің он шақты өлеңін аударып 1941 жылы "Бар дауыспен" деген атпен жеке жинақ етіп жариялады.
Қ.Аманжолов тек қана лирик емес, сонымен қоса эпик ақын. "Дүние қандай жап-жарық", "Сақыпжамал", "Күйім тасып барады, күйім тасып", "Жаным сәулем, еркешім, қызыл гүлім" атты өлеңдері Қасымның лириктігін танытса, "Ақын өлімі туралы аңыз", "Боран", "Біздің дастан", "Жамбыл тойында" атты поэмалары оның эпиктігінің дәлелі.
Қасым 1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысына қатынасып, жауға қарсы қолындағы қаруымен де, қаламымен де белсене күресті. Соғысқа аттанар алдында ақын "Мазасыз музыка", "Қоштасу", "Бейсекештің бес ұлы" сияқты патриоттық өлеңдерін жазады. Соғыс майданында жүріп Қасым көптеген лирикалы өлең жазған. "Үстімде сұр шинелім", "Мартбек", "Жеңіс дауысы", "Орал", "Ертіс", "Сибирь", "Сарыарқа" сияқты өлеңдері туған жердің сыр-сипатын, сұлулық бейнесін, соғыс өмірін суреттейді. Ал "Елге хат", "Достар қайда жүрсіңдер?", "Ағайға" деген өлеңдері туған елді, дос жорандарын, ағайын-туыстарын сағынған солдаттың сезім дүниесін жырлайды.
1943 жылғы сұрапыл кезеңде дүниеге келген Қасымның бір ерекше, өлмес туындысы – "Ақын өлімі туралы аңыз" атты поэма. Бұл поэма Қасымның атын аспандатып, ақындық даңқын шырқау шыңға шығарған тұлғалы туынды. Бұл поэма Ұлы Отан соғысының майданында жаудың қоршауында қалып қойып, ерлікпен қаза тапқан Қасымның жақын досы, жас ақын А.Жұмағалиев туралы.
Ұлы Отан соғысы аяқталған соң Қасым майдан өлеңдерін газет-журналдарға көптеп бастырумен қатар жаңа өлеңдер жазды. Осы кездері оның "Біздің дастан" поэмасы жазылып, таңдамалары өлеңдер жинағы "Дауыл" деген атпен жарық көрді. 1949-1952 жылдары Қ.Аманжоловтың "Балбөбек", "Нұрлы дүние" жинақтары "Таңдамалы шығармалар" жинағы басылып шықты.
1947 жылдан бастап Қасым сырқаттанып, ара-тұра жатып қалып жүрді. Бірақ қандай ауыр қалде жатса да, өлең жазуын тоқтатқан жоқ. Сырқаты дендеген кездерде Қасым өлеңдерінде өзінің ақындық өмірі туралы жазатын. Бұған дәлел оның "Өзім туралы" атты өлеңі. Бірақ бұл өлеңді аяқтамай кетті. 1954 жылы қыркүйек-қазан айларында Қ.Аманжолов Қазақстан Жазушыларының ІІІ сьезінің ашылуына қатынасты. Осы жылдың желтоқсан айынан бастап сырқаты мендей түсті. 1955 жылы 18 қаңтарда Қасым мәңгілікке көз жұмды.
Өмірден ерте кеткенімен, Қасымның мәңгі жасайтын асыл жырлары қалды. Сол жырлары ақын атын өлтірмейді. Бұл күнде халықтың сүйікті ақыны Қ.Аманжоловтың жарқын бейнесі ел жүрегінде. Оның шығармалары орыс және басқа да халықтардың тілдеріне аударылған. Қарағандыда Қ.Аманжолов құрметіне көше аталған. Қарқаралы ауданындағы бұрынғы Фрунзе совхозына Қасым Аманжолов есімі берілді.

Кері қайту


Башар Ж.Жанболат Башар 1949 жылы 25 қарашада Қарағанды облысы Ақтоғай ауданының "Қоңырат" колхозында дүниеге келген. 1967 жылы Ақтоғай қонысында орта мектепті, 1981 жылы ҚарМУ-ді бітірген. Балқаш қалалық Советінің депутаты болып сайланды. Республикалық "Қазақ тілі" қоғамының бірінші делегат болып қатысты.
1981 жылы Балқаш қалалық телестудиясында аға редактор, 1991 жылы Балқаш қалалық "Қазақ тілі" қоғамының төрағасы, аймақтық "Балқаш өңірі" газетінің редакторы болып қызмет істеді. 1998 жылдан бастап облыстық "Орталық Қазақстан" газетінің аймақтық тілшісі.
Ж.Башар өлеңді мектепте оқып жүрген кезден бастап жаза бастаған. Алғашқы өлеңдері аудандық "Арқа еңбеккері" газетінде жарық көрді. 1991 жылы "Шашубай" атты естеліктер жинағын құрастырып шығарған. 1990 жылы "Балхашский рабочий" газетінің айына бір рет шығатын қосымша беті ретінде "Балқаш жұмысшысы" газетін қоғамдық негізде шығарып тұрды.
Ж.Башардың проза саласында бірталай әңгімелері облыстық, аймақтық баспа беттерінде жарық көрген. "Ақ әже", "Қос боз аңызы","Кек пен шер", "Апандағы айқас", "Шырғалаң" тағы басқа әңгімелер. Өлеңдері республикалық, облыстық, аймақтық баспа беттерінде жарық көріп жүр. 1999 жылы "Үкілі үміт" жыр жинағы жарық көрген.

Кері қайту


Бексейіт С.Қ.Сәбит Қыдырбайұлы Бексейіт 1950 жылы 20 ақпанда Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданының орталығы – Атасу кентінде, қаламгер отбасында дүниеге келген. Мамандығы филолог болғанымен ол ата кәсіби журналистика саласында жиырма шақты жыл еңбек етті. Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. Осы аралықта Қарағанды, Ақмола облыстық және аудандық газеттерде тілші, аға тілші, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы қызметтерін атқарды. Кейінгі жылдары басқа қызметке ауысқанымен баспасөзден қол үзгені емес.
С.Бексейіттың топтама жырлары жетпісінші жылдардан бері республикалық “Жалын”, Жұлдыз”, “Қазақ әдебиеті” сияқты әдеби-көркем басылымдарда, облыстық баспасөзде және ұжымдық жинақтарда жарық көріп келеді. Ол өлеңдерді студенттік кездерден бастап жазып жүр.
Өзінше талпынысы бар, тапқырлыққа бейім дарынның өзгешілігін байқаған қазақ поэзиясының ақ басты абыздарының бірі Қалижан Бекхожин 1971 жылы “Қазақ әдебиеті” газетінде былай деп жазған болатын: “Менің аңдуымша жас талапкер С.Бексейітовтың тіл өрнегі, жыр тәсілі айрықша ізденісі сездіреді. Жас Сәбиттің біз оқыған бір шоғырмақ жырларынан өзінше талпынысы бар тапқырлыққа бейім дарынның қалам желісі байқалады:

Тұнық кешті екі ғашық ұғысты,
Оның аты – Тыныштық.
Екі көрші құда болып туысты,
Оның аты – Тыныштық,-

деп сипаттайды жас қаламгер бейбітшілік шақтың табиғи бейнесін. Бұл жолдарда кейбір ақындарша жалаң дүрмек сөзге негіздемей, бейнешілдікпен суреттеуге талпынғандық бар”. Міне сол кезден-ақ С.Бексейіттің өзгеге ұқсамайтын даралығына оқырман қауымның көңілін аударғысы келгені байқалады.
Ол қашанда өз өлеңдерінде жеке адамға тән, бүкіл адамзатқа ортақ мәселелерді қозғаумен келеді. Өмір мен өлім, жақсылық пен зұлымдық, махаббат пен жек көру, соғыс пен бейбітшілік, бүкіл ғалам мен адамзат тағдыры, жаратылыс пен жан-дүние экологиясы сияқты мәңгілік тақырыптарға оларды жырлап өткен ұлы ақындардың мысы мен сұсынан қорықпай, батыл барып, өз сөзін айтуға талпынған.
Міне содан бері Сәбит ақынның талантты жырлары мерзімдік баспасөз бен бірен-саран жалпылама жинақтарда ара-кідік жарияланып жүрді. Ал, 2000 жылы Астана қаласындағы “Фолиант” баспасынан “Ғасыркешу” жыр кітабы жарық көрді. Бұл кітабында автор лирикалық кейіпкері арқылы өзі туралы және уақыт туралы бүкпесіз сыр шертеді. Поэзияның махаббат, табиғат, өмір атты мәңгілік тақырыптарымен бүгіннің күннің ар-намыс, экология, болашақ алдындағы жауапкершілік сияқты көкейкесті мәселелері астасады. “Гүлкешу”, “Күнкешу”, “Мұңкешу” атты үш бөлімнен тұратын жыр кітабы адам мен заман туралы ой толғаныстарға, қайсар мінезді қайрат-жігер поэзиясына толы.

Кері қайту


Боранбаев Қ.Қабыл Боранбаев 1915 жылы Семей губерниясы Павлодар уезі. Баянауыл ауданы, Ақкелін болысының бірінші ауылында (қазіргі Қарағанды облысы, Бұқар жырау ауданы, Жаңақала ауылы) кедей шаруа отбасында туған. Ол мектеп есігін тұңғыш рет 1928 жылы ашқан. 1932 жылы колхоз жастары мектебінің 4 сыныбын бітіріп, қазақстандық жастар одағының мүшесі болып Қазақстан комсомолы Орталық Комитетінің жолдамасымен Қарағанды көмір өндірісіне жіберілген. Қ.Боранбаев Қарағандының Киров шахтасында бір кеші болып істеп, одан Қызылжар техникумына түскен. Техникумды бітіргеннен кейін, Киров шахтасында жеті жылдық мектепке қазақ тілі жане әдебиетінен сабақ берген. 1937 жылы Алматыдағы екі жылдық Мұғалімдер институтына оқуға түскен.
1937-1939 жылдары жас ақынның өлең және поэмалары республикалық газет–журналдар бетінде жиі басылып жүрді. 1939 жылы институтты аяқтағаннан кейін Қ.Боранбаев оқытушы болып қызмет істейді. Ол Ұлы Отан соғысына қатысып елге оралғаннан кейін “Пионер” журналы редакторының орынбасары болып қызмет атқарып, әдеби еңбекке қайта оралды. Ақынның “Дәурен”, “Ант”, “Достар отряды”, тағы да басқа өлең-жинақтары жарияланған. Сонымен қатар ол орыс тілінен көптеген роман, повесть, поэма, өлеңдер аударды. Ақын кейінгі жылдары колхоз тақырыбына өлеңдер жазып бастырған. Ол өзінің туған аулында метеп директоры әрі тіл мен әдебиет пәнінің мұғалімі болып қызмет атқарады.

Кері қайту


Бұлқышев Б.Ақын Баубек Бұлқышев – 30-40 жылдар жастарының өкілі. Ол қазіргі Қарағанды облысы, Ұлытау ауданындағы "Аманкелді" аулында 1916 жылы дүниеге келді. Болашақ дәуірдің балғын бесігінен жаңа аттанған шағын Баубек әуелінен шешесінен, артынан әкесінен айырылып, жетім қалады. Немере ағасының қолында тәрбиеленіп, оқып білім алады.
Ол 1930 жылы "Ұлытау" совхозының фермасында учетчик болып қызмет істейді. Ал 1937 жыл Алматы сауда-қаржы техникумына оқуға түседі, 1939 жылы "Лениншіл жас" газетінде әдеби қызметкер, кейінректе "Октябрь балалары" газетінің бөлім меңгерушісі болған. 1940 жылы РККА қатарына шақырылады да Москвада сапер училищесінде оқиды. Ол Ұлы Отан соғысында ұрыстарға алғашқы күндерден бастап қатысады. 1940 жылы Финляндиямен арада соғыс өрті лауылдағанда өзі тіленіп, әскер қатарына алынды. Осыдан соң Б.Бұлқышевтің жауынгерлік өмірі басталады.
Б.Бұлқышев қатардағы жауынгерден офицерлік дәрежеге дейін көтеріледі. Ата дәстүріне берік азамат, жалынды публицист, ер жүрек жауынгер Москваны қорғады. Украинаны азат етісті, сөйтіп 1944 жылдың бас кезінде қаһармандықпен майданда қаза тапты.
Б.Бұлқышев көптеген өлеңдер жазып, республикалық баспасөз беттерінде жариялады, "Алматы-менің туған қалам" деген бітпей қалған романы және "Айсұлу" деген поэмасы бар.
Б.Бұлқышев соғыс жылдарында жауынгер публицист ретінде жарқ етіп көзге түскен. Оның "Өмір мен өлім туралы", "Өмір сүргім келеді", "Заман біздікі", "Шыңғысұлына хат", "Тыңда, Кавказ", "Жауыздық пен махаббат" деген публицистикалық шығармалары майдан жауынгерлерін ерлікке, патриоттылыққа үндеді. Бұл шығармаларының көпшілігі тұңғыш рет "Комсомольская правда" газетіне орыс тілінде басылып шыққан. Кейін оның мақалаларын жазушы Ғ.Мүсірепов қазақшаға аударып, республикалық "Социалистік Қазақстан" газетінде жариялады. Жауынгер қаламынан шыққан жалынды үн жерлестерінің жанын тебірентіп отты жылдарда өз ролін атқарды, болашақ ұрпаққа айнымас ұран болып қалды.
1946 жылы Москвада "Жизнь солдата" деген жинақ шықты, бұған Б.Бұлқышев майдандық публицистикасы енгізілді.
Б.Бұлқышевтің көркем әдеби мұрасы 1948 жылы М.Иманжановтың редакциясымен шыққан "Өмір біздікі" кітабында, сондай-ақ "Жауынгер мәңгілігі" кітабында жинақталған.

Кері қайту


Ештанаев Ғ.Ғазиз Ештанаев 1958 жылы туған. Филилология ғылымының кандидаты (1998), доцент (2005 ж.) ақын, ҚР Журналистер одағының мүшесі (1992), Жезқазған қаласы әкімінің "Жыл ақыны - 2000" атағының және ЖезУ "Алтын белгісінің" иегері (2002). Ө.А.Байқоңыров атындағы ЖезУ қазақ тілі кафедрасының меңгерушісі (1996 ж. бастап), "Ұлытау" ғылыми орталығының директоры, тәрбие жұмыстары және жастар саясаты жөніндегі проректор (2005ж. бастап). Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-нің филология факультетін бітірген (1982).
Қарағанды облысы Шет ауданындағы Шет орта мектебінде мұғалім, тәрбие жұмысын ұйымдастырушы (1982-1988), Үңірек ауылдық кеңес төрағасының Мәдениет жұмыстар жөніндегі орынбасары, мәдениет үйінің директоры (1988-1989), Жезқазған облыстық Жезқазған туы" (қазіргі "Сарыарқа") газетінде тілші (1989-1991), Жез-ПИ-да қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының оқытушысы (1992-1996). "Доскей Әлімбайұлының әдеби мұрасы және Орталық Қазақстандағы ақындық дәстүр" тақырыбында кандидаттық диссертация қорғаған 1999). Ғ.Ештанаев - "Доскей Әлімбаевтың шығармаларын оқыту"(1993) оқу-әдістемелік құралының, "Орталық Қазақстандағы ақындық дәстүр" (2002) оқу құралының, 20-ға жуық ғылыми мақаланың, "Жыршуақ" (1996), "Дүние - дүрмек" (1999) жыр кітаптарының авторы. Алғашқы өлеңдер топтамасы Әбділда Тәжібаевтың алғысөзімен жарық көрген. Қаныш Сәтбаевтың 100 жылдығына (1999), Сәбит Мұқановтың 100 жылдығына (2000) арналған республикалық Мүшәйралардың жүлдегері. Халық ақындары Доскей Әлімбайұлы, Иманжан Жылқайдарұлы мұраларын зерттеуші. Өлеңдері республикалық жинақтарда, орталық газет-журналдарда жарияланып жүр.

Кері қайту


Жұмаш Т.

Тұрсын Жұмаш 1959 жылы Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы Егіндібұлақ селосында дүниеге келген.
Егіндібұлақ селосының орталығындағы орыс мектебін тәмамдаған, бірақ өлеңдерін өзінің ана сүтімен дарыған туған тілінде жазды, тамаша жырларымен оқырмандарының махаббатына бөлене білді. Тұрсын Жұмаш небәрі 36 жыл ғұмыр кешті. 1995 жылдың 11 маусымында дүниден озды. Жүрегіне ұялаған поэзия гүлі енді-енді бүршік жарып, жауқазындай жайнай бастаған шағында халқына бергенінен берері көп өмір өзеніндей, жыр желкенін емін еркін есе бастаған мезетте ол бақилық болды.
Артында аңырап ақынның жары Айнагүл, перзенттері Ләйлә мен Медет қалды.
Тіршілігінде ақын үшін арман болған өлеңдер жинағы топтастырылып, кітап болып "Періште" деген атпен жарық көрді.

 

 


Кері қайту


Ибраһим Е.Жалпақ жұртына есімі Еркеш Ибраһим болып танылған Еркеш Ебікенов ХХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ поэзиясының ірі өкілдерінің бірі. Е.Ибраһимнің жалынды жырлары елуінші жылдардың басынан бастап, сексенінші жылдардың ортасына дейін республикалық газет-журналдар бетінен бір түскен жоқ. Қалың оқырманы ыстық ықыласпен қабылдаған он бестен аса жыр жинағы және жарық көрді.
Еркеш Ибраһим (Ебікенов) Ақмола облысының Балқашын ауданында 1930 жылдың 7 қарашасында дүниеге келген. Әке-шешеден сәби кезінде айырылған ол Атбасардағы панасыз балаларды тәрбиелеген үйде оқып, ер жеткен. 1955 жылы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген соң, бірқатар жылдар Көкшетау облыстық "Көкшетау правдасы" газетінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі болып істеген.
Е.Ибраһим студент кезіндегі өзінің тырнақалды өлеңдерімен-ақ жарық етіп көрінген ақын. Оның баспасөзге жарияланған "Қол шана" атты өлеңі сөз зергерлерінің, поэзия алыптарының назарына іліккен. Өлеңде ауылдың қарапайым көрінісі суреттеледі.
Ұзақ жылдар бойы баспасөз қызметінде болған Е.Ибраһим ондаған жыр жинақтарының авторы. Оның "Қарлығаш" (1958), "Жас қанат" (1958), "Көкшетау көріністері" (1961), "Өмір өлмейді" (1961), "Теміртау толғауы" (1978), "Алау" (1983), "Самғау" (1984) жинақтары басылып шықты. Е.Ибраһимнің кітаптары шаң басып жатып қалмады, бірден өз оқырмандарына жол тапты. 1969 жылы Ирина Озерованың аудармасымен орыс тілінде "Звездные горы" жыр кітабы жарық көрді.
Ақындықпен қоса журналистиканы бірге игерген Е.Ибраһим өлкелік "Тың өлкесі", одан соң республикалық газет "Социалистік Қазақстанның" (қазіргі "Егемен Казақстан") Көкшетау облысындағы меншікті тілшісі болды. Е.Ибраһим журналистика саласында да мерейлі биікке көтерілді. 1972 жылы СССР Журналистер одағы сыйлығының лауреаты атанды.
Бертінірек оның аға газеттегі қызметі Қарағанды облысына ауысып, ол кеншілер астанасына жетпісінші жылдың ортасында көшіп келді. Қазақстанның индустрия орталығына, өндірісі сол кезде дүрілдеп дамып жатқан өңірге келу, қайнаған қызу еңбек ақын шабытпен тасыта түсті. Е.Ибраһим жарқ етіп жаңа қырынан көрінді. Себебі, алып индустрия орталығындағы қазандай қайнаған ерен еңбек ақынға қатты әсер етті. Е.Ибраһим ақын Қарағанды топырағына қоныс аударып келгенде Қарағанды көмір кеніші тарихындағы елеулі оқиғалар болып жатқан еді. Осылайша ақын қаламынан Қарағанды кеншілерінің тарихи ерен еңбегін асқақтата жыр еткен "Миллиард жыры" өмірге келді.
Негізгі лирик ақын тек еңбекті ғана жыр етіп қоймады. Сондықтан да ақын Қарқаралыны көргенде өзін Көкше баурайында жүргендей сезініп, еркін танысып ала береді. Ол "Қарқаралы" атты өленінде екі сұлу өлкенің бір-бірімен егіздігін, айнымас ұқсастығын жыр жолымен өрнектейді. Ақынның "Шайтанкөл", "Көсемтас", "Сарыадыр", "Ағады Нұра, ағады" тәрізді басқа да өлеңдері Арқа төсіндегі табиғатты ерекше, өзіндік орны бар өңірлердің келбетін сипаттайды.
Е.Ибраһим Қарағандының қаласын да, даласын да жырға қосты. Олары шағын лирикалық өлеңдер ғана емес, кең ауқымды қамтылған эпикалық туындылар болды. Социалистік Еңбек Ерлері, есімі аңызға айналған атақты диқандар И.И.Иванов, Н.Кабдікәрімова туралы көлемді дастандар жазып, оны республикалық, облыстық газеттерге жариялады. Ақынның әсіресе өндіріс тақырыбына жазған "Аңыз аға", "Оттың тууы", "Алау", атты поэмалары қазақ поэзиясына қосылған тың құбылыс болып танылды.
Еңбекті жырға қосқан Е.Ибраһим ақын өзінің шығармашылық кемел шағында, 1986 жылы 56 жасқа қараған шағында қайтыс болды. Көкше мен Қарқаралы сұлулығына құмартып өткен, атақты да іздемей, астананы да жағаламай елімен қоян-қолтық араласа қызмет еткен ардақты ағаның денесі Қарағанды топырағында сабыр тапты.

Кері қайту


Қашқынов Ж.Жеңіс Қашқынов 1942 жылғы 4 наурызда Қарағанды облысы Ақтоғай ауданындағы, бұрынғы "Қуныш" ауылында туған. 1959 жылы астанадағы С.М.Киров атындағы №12 қазақ орта метебін, 1964 жылы ҚазМу-дің филология факультетін бітіріп шығады. Алғашқы кезде республикалық "Ленишіл жас" газетінде істеп, 1965 жылдан қазақ радиосында қызмет атқарып келді. Одан кейін "Мектеп" баспасында жұмыс істеді.
Жеңіс Қашқынов өлеңді мектепте оқып жүрген кезден жаза бастаған. Алғашқы өлеңдері 1959 жылы республикалық "Пионер" ("Ақ желкен")
"Қазақстан пионері" ("Алау") газеттерінде жарық көрді. Балаларға арналған тұңғыш "Кешкі күн" аталатын кітапшасы 1967 жылы, ал "Қоңыраулы сағат" атты бір томдығы 1989 жылы жарық көрді. Бүгінде он бірге тарта жыр кітаптарын шығарған автор өлеңдері орыс, украин, өзбек, молдаван, грузин, қырғыз, ұйғыр тілдерінде аударылды. Ол сондай-ақ, бірқатар бауырлас жырларды ана тілімізге аударды.
Ж.Қашқынов шығармашылығының басты тақырыбы – халқымызыдың мәрттігі мен ерлігін жырлауға арналған. Бұған дәлел С.Сейфуллин жайлы "Қызыл сұңқар" атты балладасы мен Ақтоғай ауданынан шыққан, кешегі жаумен шайқаста ерлікпен қаза тапқан Кеңес Одағының Батыры Қ.Нұржанов жайлы жазған прозалық поэзиялық шығармалары дәлел. Қ.Нұржанов жайлы жиырма жылдан артық уақыт бойы деректер мен материалдар жинап "Батыр Қазыбек Нұржанов" (1971 ж.) очерк кітабын, "Батырдың анасы" (1978 ж.) атты поэмасын қалың жұртшылыққа сыйға тартты.
Жеңіс Қашқыновтың өлең өлкесінде қаламының ұшталып қанатының қатаюына "Советтік Қарағанды" газеті (бүгінгі "Орталық Қазақстан") ерекше ықпал етті.
Жеңіс Қашқынов "Еңбектегі ерлегі үшін" медалімен, грамоталармен марапатталған.

Кері қайту


Майбас Т.Төрехан Майбас 1954 жылы Қарағанды облысы Шет ауданының Ақшатаау кентінде туған. 1980 жылы Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің тіл-әдебиет факультетін бітірген.
1980 жылдан бастап Жезқазған облысы Ақадыр аудандық “Ақадыр таңы” – “Агадырская новь” газеттерінде тілші, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, бас редактордың бірінші орынбасары, бас редактор болды. 1998 жылдан облыстық “Орталық Қазақстан” газетінің ақпарат бөлімінің репортері.
Орыс тілінде “Кенді өлке” кітабын шығарған. Әңгімелері ұжымдық жинақтарға енген. Көптеген этно-танымдық мақалалардың авторы.

 

 

 

Кері қайту


Мамыр Б.Қ.Базар Қалиасқарұлы Мамыр 1953 жыль 4 тамызда Шығыс Қазақстан облысы Үлкеннарын ауданы Майемар ауылында дүниеге келген. 1974 жылы Қарағанды мемлекеттік университетінің филология факультетін бітіргеннен кейін еңбек жолын облыстық «Орталық Қазақстан» газетінде бастады. Мұнда бір жыл жұмыс істегеннен кейін отбасының жағдайына байланысты туған ауылында, Қарағандыда құрылыста, мектепте жұмыс істеді. Бұқаралық ақпарат құралдарында 1985 жылдан бастап еңбек етті. Алғашқыда Теңіз аудандық «Октябрь, шұғыласы» газетінің шығарушысы болса, кейіннен яғни 1989 жылдан облыстық ра диода редакторлық қызмет атқарды.
Б.Мамырдың журналист ретінде елге танылғаны осы облыстық ра диода қызмет істеген жылдары. Оның әуе толқыны арқылы берілген «Құқықтық қоғамға барар жолда», «Жолбасы» айдарымен берілген ха-барлары, тарихи-танымдық «Зерде» топтамасы және т.б. төл туынды лары қалың тыңдарманның қошеметіне ие болды. Бірлесіп жасаған «Сіздің үйдегі ән» бағдарламасы халықтың жүрегіне жол тапты.
Б.Мамыр поэзияға ерте кезден ден қойды. Өлеңді студенттік шағынан жазатын. Оның жүрек тебірентерлік сыршыл жырлары республикалық және облыстық басылымдарда үзбей жарияланып тұрды. Лирик ақын 2000 жылы өткен «Қазақстаным - қара шаңырағым» атты республика лық мүшәйрада 150 үміткердің арасынан топ жарып, бас бәйгені жеңіп алды.
Ол ақын ретінде өз оқырманын тапқан қаламгер. 2001 жылы «Саңы лаудан түскен сәуле » атты жыр жинағы жарық көрді.
2003 жылы 50 жасқа толуына байланысты және көп жылғы жемісі шығармашылық қызметіне орай облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды.
2004 жылғы 8 тамызда 51 жасқа толған, кемелденген шағында облыстық теле-радио компанияның редакторы, белгілі журналист, талантты ақын Базар Қалиасқарұлы Мамыр дүниеден озды.

Кері қайту


Мырзабеков Б.Батырбек Мырзабеков 1948 жылы туған. Ақын, ҚР Журналистер одағының мүшесі, Қазақстан Журналистер одағы Сейілхан Асқаров атындағы сыйлығының лауреаты (1993).
ҚазМУ-нің журналистика факультетін бітірген (1972). Ұлытау селолық клуб үйінің директоры (1967), Жезді аудандық "Октябрь туы" газетінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі (1971-1972), "Ұлытау өңірі" газетінде бөлім меңгерушісі (1972-1980), Ұлытау аудандық Кеңесі атқару комитетінде бөлім меңгерушісі(1980-1981), "Жезқазған туы" газетінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі (1982-1997), "Сарыарқа" газеті редакторының орынбасары (1997), тәуелсіз "Наз", "Дауа" газеттерінің бас редакторы (1998-2004). ҚР Журналистер одағының Құрмет грамотасымен марапатталған (1993). Б.Мырзабеков - "Тас бұлақ" (1995), "Ұлытаудың ұлымын" (1995) жыр жинақтарының, "Ұлытау - ұлттың ұясы" (2001) тарихи-көркем, публицистикалық кітабының авторының бірі. Ұлытау ауданының Құрметті азаматы.

 

 

Кері қайту


Нәкенов С.Сайлаухан Нәкенов 1940 жылы туған. Ақын, ҚР Журналисттер одағының, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі (1986), КСРО Журналистер одағының Құрмет грамотасының иегері (1989). С.Сейфуллиннің 110 жылдығына орай өткен республикалық мүшайраның жүлдегері. ҚазМУ-нің университетінің журналистика факультетін бітірген (1962). Жаңаарқа ауданы "Өркендеу" ұжымшарында мектеп мұғалімі, директоры (1959-1962), Қарағанды облыстық "Советтік Қарағанды" (1962 ж. Бастап "Орталық Қазақстан") газетінде әдеби қызметкер, меншікті тілші (1963-1973), Жезқазған облыстық "Жезқазған туы" (кейінен. "Сарыарқа") газетінде бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, редактордың- дың орынбасары (1973-1997), Қазақ радиосының Жезқазған облысындағы меншікті тілшісі (1979-І983). Жергілікті қаламгерлердің "Құрыш" ("Желкен") әдебиет бірлестігін басқарды (1978-1989). 2002 ж. бастап "Ақ жол" әдеби бірлестігінің жетекшісі.

 

 

Кері қайту


Нәрешев Р.Қарт ұстаз, ақын ағамыз Р.Нәрешев 1927 жылы сонау Атырау облысы, Қызылқоға ауданы, Қарабау деп аталатын жерде дүниеге келген. Қызметке жіберген ағасы Айтбаймен Рамазан Қарағандыға 1938 жылы келген. Нұрмақов атындағы №2 мектеп-интернатын оқып бітіріп, 1942 жылы екі жылдық оқытушылар институтының тіл-әдебиет факультетіне оқуға түседі. Оны ойдағыдай бітіріп, Нұра ауданы, Киевка селосындағы орта мектепте әдебиет пәнінен сабақ береді.
Р.Нәрешев 16 жасынан бастап өлең жазған. Оның алғашқы өлендері облыстық "Советтік Қарағанды" газетінде жарық көрген. Екі жыл мұғалім болып қызмет атқарғаннан кейін Р.Нәрешев ҚазМу-дің филология факультетіне оқуға түсіп, оны 1949 жылы ойдағыдай бітіріп шығады. Сол жылы ғылым академиясының аспирантурасына қабылданады. Осында оқып жүргенде А.Кривицкийдің "Бессмертие" кітабын қазақшаға аударады. Сол жылдары оның жазған өлең-жырлары, сын мақалалары газет-журнал беттерінде жиі жарық көреді.
Ұлы Отан соғысынан кейін де елімізде жазықсыз жазаланғандар аз болған жоқ. Сол елуінші жылдары тағдыр тәлкегіне түсіп, тозақ кешкендердің бірі Р.Нәрешев. 1951 жылдың қаңтарында оны қаннен-қаперсіз отырған жерінде НКВД-ның адамдары келіп ұстайды. Апарып түрмеге жабады. Карцерге отырғызады. Сондағы жапқан кінәсі С.Сейфуллиннің "Тар жол, тайғақ кешу" романын оқыған болып шығады. "Ұлтшылсың, халық жауының шығармасын оқыдың" деп айыптап, 24 жастағы аспирант Р.Нәрешевті он жылға соттап, көз көріп, құлақ естімеген жерге айдап әкетеді. Ол ауыр жолда қаншама тауқымет шексе де болашақтың жарқын күндерінен күдер үзбейді. Айдаудағы азапты ғұмыры, мұң-шері өзінің жан серігі өлеңінен ап-айқын көрінеді. Р.Нәрешевтің "Қамауда туған шұмақтар" топтамасындағы өлеңдерінде жазған. Бастан кешкен қайғы-қасірет, азапты күндерін ол әр кезде де жыр жолдарына түсіріп отырған.
Тар жол, тайғақ кешу сапарынан Р.Нәрешев 1956 жылдың ақпанында ақталып, аман-есен елге оралады. Бір жылдай Қарқаралы аудандық газетінде қызмет атқарып барып, өз мамандығы бойынша Қарағайлы орыс мектебіне мұғалім болып ауысады. Одан кейін Бұқар жырау аудандық оқу бөлімінде инспектор, мектепте оқу ісінің меңгерушісі, құрметті демалысқа шыққанға дейін кешкі жұмысшы-жастар орта мектебінің директоры қызметін атқарады.
1932 жылы ашаршылық жөнінде "Қайғылы мешін" деген атпен мына бір өлеңді:

Естігем шырылында жас баланың,
Төсін тырнап жатыр екен өлі ананың.
Көмусіз қалып жатты құзғынына қу даланың.

Арқада сайран құрған қайран елім,
Кездесті тағдырына қырғын елім.
Айтам деп басқа түскен зұлымдықты,
Сол үшін кешегі күн таяқ жедім,

– деп жазған ақын әрі қарт ұстаз бұл күндері де республикамыздың дербес ел болғандығына қуанып шабытты өлеңдер жазуда.

Кері қайту



Нұрабай Р. Руслан Нұрбай 1975 жылы Қарағанды облысы Қарқаралы ауданының Қарағайлы кентінде дүниеге келген. Орта мектепті тәмамдағаннан кейін, Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің журналистика факультетінің түлегі.
Өлеңдері облыс газеттері мен қатар Республикалық басылмдарда жарық көрген.2003 жылы Астана қаласында өткен халықаралы "Шабыт" фестивалінде 1-ші жүлделі орынға ие болған.
Бүгінгі күнде Қарағанды облыстық телерадиокешенінде журналист болып қызмет етеді.

 

 

 

Кері қайту


Өмірбек Ж.Қазақтың белгілі ақыны, Қазақ теледидарының негізін салушылардың бірі, Қарқаралы қаласының құрметті азаматы Жаппар Өмірбек 1920 жылы 20 қарашада Қарағанды облысың, Қарқаралы ауданының, Бесоба аулында туған. 1939 жылға дейін Жамбыл атындағы орта мектепте оқиды, 1942 жылы Қарағандының мұғалімдер институтын бітірген соң Тельман ауданында мұғалім, мектеп директоры, республикалық "Социалистік Қазақстан" газетінің меншікті тілшісі, 1947 жылы Қазақ мемлекеттік университетін тамамдағаннан кейін, "Жұлдыз" ("Ә ж И") журналында бөлім меңгерушісі, 1982 жылдан бері шығармашылық жұмыста әрі еңбек зейнеткері.
Жаппар Өмірбектің алғашқы өлеңдері "Қарағанды комсомолы" газетінде жарияланған, тұңғыш кітабы "Алғашқы сөз" деп аталады. 1958 жылы "Батырдың қалындығы" дастаны жарияланды, кейін ол "Невеста героя" деген атпен Мәскеуде орыс тілінде шықты. "Мың терезе", "Жер ұшқындары", "Шуақты күндер", "Замандасым сырласым" кеншілердің, Қазақстан магниткасы құрылысшыларының ерлік еңбектері мен өмірлерін мұқият зерттеудің игі жемісі. "Ерлік пен махаббат" роман-дастаны (1966) Кеңес Одағының Батыры Нүркен Әбдіровтың және сол тұстағы жастардың асқан ерліктерін сүйсіндіре суреттейді.
Ж.Өмірбектің еңбек адамы, әсіресе, жастардың ерлік тұлғаларын суреттейтін кітаптарынан – "Ер туралы жеті жыр", "Замандасым сырласым", "24 сағат", "Оқ астында туған қыз", "Батырдың қалыңдығы" поэмаларын, "Қызыл су". "Тастүйін", "Сөнбейтін шоқ" хикаяларын атап айтуға болады. Соңғы үш хикаяттан тұратын романында Отан соғысы жылдарындағы елдің, ауыл адамдарының, әрі кеншілердің ауыр тұрмысын, қажырлы қайрат, нысаналы, өнегелі өмірлерін шынайы сипаттайды.
Ақынның "Оқ астында туған қыз" телепьесасына, 1960 жылы, бүкілодақтық конкурста теле-радио мемлекеттік Комитетінің бірінші сыйлығы әрі дипломы берілді. Сол жылдары Сәкен Сейфуллиннің революциялық күресін суреттейтін "Азаттық жолында" және "Махаббат үзілмейді" телепьесасының қойылымдары да қөрермендерге ұнаған болатын.
Үш хакаяттан тұратын "Сөнбейтін шоқ" романы оқырмандар жүрегіне жол тапқан, ел басына түскен сұмдық ауыртпалықтан шығу үшін жанталасқан уақыттың куәсі болған адамның ой елегінен өткізетін деректі уақиғаларға толы, қызықты, күрделі шығарма. Ал "Қызыл қырғын" роман-эссесі "Жұлдыз" журналында 1993 жылы жарияланды. Бұл шығарма 1932 жылы Қарағандыда қыр қазақтарының қалай қырылғанын ақын аяныш сезім, күйініш көзімен суреттейді. Голощекин әдейі душар қылған қырғынды куәлі бейнелеген, осы тақырыптағы алғаш прозалық шығарма. Автор өңдеу, толықтыру жұмыстарын 1999 жылы ғана аяқтады.
1980 жылы Жаппар Өмірбектің "Перзенттерім" деп аталған екінші таңдамалысы жарық көрді. Бұл кітап автордың жарты ғасырлық поэзиясының жинақты көрінісі. Осында жастық лирикасы, желілі жыр, эпостық поэмалардың әр түрлісін жариялап, ақын оқырмандарын өз шеберлігімен таныстырған. Ж.Өмірбектің шығармаларының негізгі тақырыбы – қарапайым адамдардың тыңғылықты еңбегі, Отан қорғаудағы ерлігі, табиғат сыры, жан сұлулығы, адамгершіліктің сұрқия сұмдықпен тынымсыз күресі.
Ж.Өмірбек көркем аудармамен айналысқан – Байронның, Генрих Лонгфеллоның "Гаявата туралы жыр" поэмасын, Пушкин, Лермонтов, Франко, Блок, Маяковский, Исаковский, Сергей Михалков, Самауил Маршак, А.Туманян, Николас Баратишивили, Марат Раунд, Хамза Хакімзада, "Манас" эпосының "Семетейдің еліне қайтуы" деген бөлімін, қытай, моңғол, корей, якут және басқа республикалар ақындарының өлеңдерін, солармен бірге В.Кавериннің "Екі капитаны" (екінші кітабы), В.Богомоловтың "Қырық төрттің тамызы", В.Розовтың "Төрт тамшы көз жасы" пьесасы, "Тынық Дон", "Эльбадағы кездесу" т.б. он шақты кинофильм және әр елдің прозалық шағын шығармаларын аударған, небары 43 елдің 86 ақын-жазушыларының шығармаларын қазақ тіліне аударып, оқырмандарға жеткізген.
Ж.Өмірбектің ұстаздық еңбегін де атау ләзім, ҚазМУ-де 11 жыл журналист шеберлігі туралы, Абай атындағы Мемлекеттік университетте бес жылдай "көркем шығарманы аудару тәсілдері мен машығы" жөнінде дәріс жүргізген ұстаз. Қазақ радиосында балаларға арналған "Жазира" журналын он жыл бойы жүргізіп келді, негізінен табиғат сырларына байланысты әңгімелер ұйымдастырған.
Ж.Өмірбек аспирантурада жүргенде, әдеби ғылыми-зерттеулермен де айналысқан, "Айқап" журналын, М.Сералиннің журналистік қызметін алғаш зерттеуші, Абайдың сыншылығы хақында және С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин, Ғ.Орманов, Т.Жароков, Б.Момышұлы, Д.Әбілов, С.Омаров, Ж.Молдағалиев, Ғ.Ахмедов, Қ.Сатыбалдин, М.Хакімжанова туралы сыни әрі танымдық-зерттеу мақалалардың, көркем очерктердің, көптеген энциклопедиялық, публицистикалық мақалалар мен очерктердің авторы, кейбір шығармалары орыс, украин, белорус, армян, грузин, лытыш, өзбек т.б. тілдерге аударылған.
Ж.Өмірбек республика мәдениет қызметкерлерінің пленум мүшесі, әрі Президиум мүшелігіне сайланған, ССРО мәдениет қызметкерлері кәсіподағының Бірінші съезінің делегаты. ССРО теле-радио Комитетінің 60 жылғы конкурсында бірінші сыйлық алған лауреат. Қазақстан Жазушылар одағының бесінші және жетінші съездерінде Басқарма мүшелігіне сайланған. Көп жыл бойы Жазушылар одағы жергілікті комитетінің мүшесі әрі төрағасы болып келді. Қазір 1994 жылдан бері, Қазақстан Жазушылар одағының ардагерлер кеңесін басқарады. Қарқаралы қаласының құрметті азаматы. Қазақ әдебиетін дамытуға сіңірген еңбегі үшін екі мәрте Қазақ ССР-нің Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған.

Кері қайту


Сауғабай К.Ж.Ақын, жерлесіміз, қаламы жүйрік журналист Кәрім Сауғабай Жұмабекұлы 1941 жылы 20 қазанда Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданының Едірей аулында туған. 1964 жылы Қарағанды педагогикалық институтын, 1972 жылы сырттай оқып С.М.Киров атындағы қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірді.
Ол 1965-72 жылдары Егіндібұлақ аудандық "Ленин туы" газетінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, редактордың орынбасары, 1972-85 жылдары редактор болып қызмет атқарған.
1985 жылдан "Білім" қоғамының аудандық бөлімшесінің хатшысы, "Орталық Қазақстан" газетінің меншікті тілшісі болған. Тұңғыш жыр жинағы "Мойындау" 1972 жылы жарық көрді. Әр жылдарда "Жазушы" және "Жалын" баспаларынан жарық көрген "Алақай көктем келеді", "Күдеріңді үзбе", "Балқантаудың басында", "Ақша қар", "Үлгі", "Ұшқараның оттары" және "Сылдырмақ" жинақтары бүгінде үлкен кішінің сүйіп оқитын кітаптарына айналған. Сол сияқты "Көктем тынысы", "Шабыт", "Балалар поэзиясының антологиясы" жинақтарына енген топтама өлеңдері де жыр сүйер қауымға жақсы таныс. Көптеген шығармалары орыс, қырғыз, түркімен тілдеріне аударылып, бір қатарына белгілі композиторлар ән жазып, ауыздан ауызға таралып, шырқалып жүр. Сондай-ақ ол өмірдің ұңғыл-шұңғылына терең зор сала жүріп, мәні үлкен толғақты мәселелерге тайсалмай қалам тартатын шебер журналист, ақиқатты бүкпесіз ашық айтатын азамат.
Оның қарымды қаламынан туған ойлы да отты мақалалары, публицистикалық толғамды туындылары, көркем очерктері республикалық, облыстық мерзімді басылымдарда үзбей жарық көріп келеді. Әсіресе К.Сауғабаевтың елі мен жұртының тағдыры, атом сынағынан азап шеккен Егіндібұлақ пен Қарқаралы өңірінің бүгінгі қасіреті туралы жанайқаймен жазған дүниелері қалың оқырман қауымының жүрегін тебірентіп, олардың көшеметіне ие болуда.
К.Сауғабай халық алдындағы еңбегі ескеріліп, 1991 жылы 50 жасқа толуына орай Қазақстан Республикасының құрмет грамотасымен марапатталып, А.Құнанбаевтың 150 жылдығына байланысты өткізген мүшәйрада жүлдеге ие болған.

Кері қайту


Тойбек Ж.Жұлдыз Тойбекова 1967 жылы 19 ақпанда Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданының (бұрынғы Егіндібұлақ ауданы) Н.Нұрмақов ауылында дүниеге келген. 1984 жылы осындағы Алғабас орта мектебін тәмамдап, сол кездегі бастамамен комсомол – жастар шопандар бригадасында бір жыл еңбек еткен№ 1985 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне түсіп, оны 1990 жылы бітірген№
1986-87 жылдары астанада өткен Республикалық студент-жастар арасындағы ақындар айтысының, 1990 жылы Атырау қаласында Махамбет Өтемісұлының құрметіне және республикалық “Лениншіл жас” газетінің 70 жылдық мерейтойына арнайы өткен республикалық ақындар айтысының жүлдегері.
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. 1990 жылдан газеттің әлеуметтік мәселелер бөлімінің қызметкері.

 

 

Кері қайту


Ысқақов Б.Қатал тағдырға мойымаған ақын – жерлесіміз, ғалым, филология ғылымының кандидаты Бүркіт Ысқақов 1924 жылы 4 қарашада Қарағанды облысының, Нұра ауданына қарасты "Көкмөлдір" деген жерде туған. Ол жастайынан қиялшыл, арманшыл болған екен. Зерек жас ел аузындағы қисса дастандарды зейін қоя тыңдап, жаттап алып жүреді. Соның әсері болса керек, кейін өзі де өлең шығара бастайды. Оның ең алғашқы өлеңі "Ана туралы жыр" деп аталады. Одан соң "Қарағанды комсомолы" газетінде әр түрлі тақырыпқа жазған өлеңдері жарық көре бастайды. Сондай өлеңдерінің бірі ақынның туған жерге арнаған "Көкмөлдір" деген жыры.
Б.Ысқақовтың шығармашылық өмірге кең құлаш ұруы 1940 жылы Қарағанды мұғалімдер институтына түсуінен басталады. Сол жылдары жазған өлеңдері "Советтік Қарағанды", "Қарағанды комсомолы" газеттерінде үзбей жарияланып тұрады да, оқуын бітірген соң 1942 жылы "Советтік Карағанды" газетіне қызметке келеді. Сол жылы әскерге алынып, соғысқа аттанады.
1946 жылы еліне жеңіспен оралған жауынгер ақын еңбек жолын бұрынғы өзі істеген газетте жалғастырады да, көп ұзамай, Алматыға барып, "Пионер", "Білім және еңбек" журналында, "Лениншіл жас" газетінде тілші, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы қызметтерін атқарады.
1948 жылы Қазақ мемлекеттік университетін бітіріп, Ғылым Академиясының аспиратурасына түседі.
Бүркіт Ысқақов саяси көзқарасы үшін қудалауға ұшырады. Айыптау үкіметінде Б.Ысқақовтың ертеректе "Жас қалам" үйірмесі мен "ЕСЕП-ке" (елін сүйген ерлер партиясы) қатысына қосымша, "Үндістан" деген өлеңді С.Сейфуллиннің "Азия", І.Жансүгіровтың "Гималай" өлеңдеріне еліктеп жазғансың деп кінәлаған. Содан 1951 жылы жаппай қуғын-сүргін тұсында "Үкіметке қарсы үгіт жүргізіп жүр" деген жаламен жазықсыз жазаланып, 25 жылға бас еркінен айырылады. Сөйтіп 27 жасар жігіт 30 жылдық жазаны арқалап кете барады.
Лагерьде, тозақ отының төрінде жер қазып, шаң жұтып, шаршап–шалдығып, титықтап жүрсе де өлеңді қоймайды, өлең-жыр өңешінен түйдік-түйдік құйылды. Ол қазақ поэзиясында "Тұтқын жыры", "Лагерьдегі өлеңдер" деп аталатын поэзияның жаңа түрін бастады. Ұлы соғыстың оты мен суығынан аман оралған ақын қапаста көрген қайғы-қасіретін бүркемей, бүкіл үнімен шырқап жүрді. "Тас өзеннің ызғары" өлеңдер циклі оқырманның ойынан шыққан дүние. Ақылды ағамыз, академик М.Қаратаевтың "Ақындарымыздың абақтыда отырып жазған өлеңдері бізге жеткен жоқ, сол олқылықтың орнын олардың ақын ұрпағы – Б.Ысқақовтың жырлары торлтырғандай. Оның бұл өлеңдерінен Сәкеннің сыры, Бейімбеттің мұңы, Ілиястың үні естілгендей болады" деуі тегін емес.
Қапаста бес жыл қасірет шеккен Б.Ысқақов КСРО Жоғарғы сотының 1956 жылы 20 қарашадағы қаулысы бойынша толық ақталып, еркін өмірге оралды да, сүйікті кәсібін жалғастырды. Журналистика, әдебиет, ғылым саласында жемісті қызмет атқарды. Қазақ СССР Ғылым Академиясының М.О.Ауезов атындағы әдебиет және өнер институтында аға ғылыми қызметкер болып, 1991 жылы дүниеден өткенге шейін ұзақ жылдар еңбек етті.
Ақынның шығармалары 1938 жылдан бастады. Тұңғыш өлеңдер жинағы – "Сенің Отаның" 1958 жылы шықты. Қарағандылықтардың еңбектегі ерлігі жырланатын "Москваны тыңдаймын", "Жылдар жырлайды", "Шабыт шуағы", "Әлемнің әлегі", "Өлеңді жылдар", "Шындық дауысы" атты поэзиялық жинақтардың, "Қазыналы Қарағанды", "Арқаның алып жүрегі", "Нұрлы Нұра бойында" көркем очерктердің авторы Б.Ысқақов аудармашы ретінде де белгілі. Ол А.С.Пушкин, М.Ю.Лермонтов, В.В.Маяковский, И.Франко, Н.Хикмет, С.Вургун тағы да басқа авторлардың шығармаларын қазақ тіліне аудыруға қатысқан.
Ал, әдеби зерттеу саласында "Қазақ–татар әдеби байланысы", "Қазақ-башқұрт әдебиет қатынастары тарихынан" атты монографиялардың авторы. Оның құрастыруымен "Орта Азия Қазақстанның ұлы ғалымдары" атты көлемді кітап жарық көрді.
Бүркіт Ысқақов Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Ұлы Отан соғысы орденінің, көптеген жауынгерлік медальдардың иегері болып, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған.

Кері қайту


© Н.В.Гоголь атындағы Қарағанды ОҒӘК