А.Байжанов туралы аңыз
Әулие Атабек туралы аңыз
Балқаш көлі туралы аңыз
Жиренсақал әулие туралы аңыз
Қарқаралы атауы туралы аңыз
Қызыл кеніш сарайы туралы аңыз
Шайтанкөл туралы аңыз

 

Басты бет
Ақпарат
Халық ақындары
Аңыздар
Ақындар
Жазушылар
"Жыр жауһар" клубы
Байланыс

Аппақ Байжанов туралы аңыз
Қарағанды көмір кенішін алғаш ашушы Аппақ Байжанов, ол 1833 жылы Нұра өзенінен оңтүстікке қарай Қарағандыбасы деген жерде тас көмір кесектерін табады. Ел ауызындағы аңызға қарағанда, Қазіргі Қарағандыдағы Ескі қаланың орнында қалы қараған өседі екен. Сол қарағанның ішінде соңында екі тазысы бар Аппақ деген бір байдың қойшысы қой жайып жүреді. Бір кезде қойдың бір шеті дүр ете қалады. Жалт қараса бір суыр қашып бара жатыр екен. Тазылар тұра бастыртады, бірақ, суырдың іні таяу екен, ініне қояды да кетеді. Ол күні–күн кешкіріп қалғандықтан Аппақ суырдың інінің аузын таспен бекітіп кетеді. Келесі күні ерте келіп, суырды інінен қазып алады.

Сол күні ін түбінен көмір шыққан екен дейді. Әуелде Аппақ оның не екенін білмейді… Қара бояу ма деп ойлайды. Бірсыпырасын үйіне алып келіп жүн бояп көреді. Жүнді тек кірлеткені болмаса жүнге бояу болып қаппайды. Содан ауыл ақсақалдарына көрсетеді. Олар да шеше алмайды. Бір күні кешкілікте тезектің маздап жанған отын айнала қоршап отырғандар тағы да сарапқа салады. – Бірақ бұл алтын да емес, күміс те емес, жез де емес, ал жәй тас та емес. Не екенін "бір Алла"өзі білсін, - деп отырғанда, бір тас отқа түсіп кетеді. Ол жана бастайды. Отырғандар: – Тас жанып жатыр, тас жанып жатыр!- деп шу ете калысады. Басқалар қолындағы тастарын отқа салады, әлгі тас онан сайын қыза жанады. Сол жерде "бұл жәй тас емес", "Жанатын тас"болды деседі. Ертеңінде-ақ сол "Жанатын тас"туралы хабар жоғарғы жерге жеткен екен. Сол тасты тапқан Аппақты бір төре іздеп келген дейді. Аппақ әлгі төреге тасты тапқан жерін көрсетеді. Ол үшін Аппаққа ат тұяғындай алтын, қой тұяғындай күміс берген екен. Карағандыдағы тұңғыш рет ашылған "Қаразабой"деген шахта сол Аппақтың көмірін тапқан жерінен ашылған дейді.

Кері қайту


Әулие Атабек туралы аңыз
Балқаш қаласының оңтүстік шығысында 60 шақырым жерде Әулиетау деп аталатын тау бар, жергілікті халық оны Бектауата деп атайды.
Халық аңызы бойынша: Қасиетті Атабек өткен ғасырларда өмір сүріпті. Ол бірде шапқыншылық кезінде жаудан қашып келіп, осындағы ең үлкен үңгірге тығылады. Сол кезде Алланың әмірімен үңгір ішінде су қайнары пайда болыпты. Таудың 80 метр биіктігі үңгірінде тығылып жатқан Атабекті шапқыншылар таба алмапты. Содан бұл жерді Әулие деп атайды. Әулиетау деп аталуы – тауға сыйыну, табынумен байланысты қойылса керек. Әулиенің басына келіп, тәуіп етіп, түнейтіндер көп. Оның суы көптеген ауруларға ем. Келгендер ақтық байлайды, басына мал шалады. Шипалы суынан ішеді. Әсіресе, бала көтермеген әйелдер жиі келіп түнейді. Бектауата "қасиетті", "әулие", "киелі Бектау"деген мәнді аңғартады.

Кері қайту


Балқаш көлі туралы аңыз
Көлдің қазіргі атауына байланысты халық ішінде бұрыннан айтылып келе жатқан аңыз бар. Бұдан көп ғасырлар бұрын көлдің батыс жағалауын бір бай мекендеген екен. Оның Балқия атты аса көрікті қызы болыпты. Ол тек көркімен ғана емес, ақылымен де, адамгершілігімен де ел ауызына ілігіпті. Сүйікті қызды әкесі ғана емес, бүкіл жұрт еркелетіп Балқаш деп атайтын болыпты.
Жасы он жетіге толғанда Балқия алыс елден келген Ерден атты бір жас жігітке ғашық болады. Алайда қазақтың көне әдет-ғұрпы бойынша ата-анасы қызды бала күнінде атастырып, қалың мал алып қойған екен. Мұны естіп-білген қыз бен жігіт жасырын қашпақ болып келіседі де, бір ыңғайлы келген түнде екеуі екі атқа мініп тайып отырады. Ертесіне екі ғашық бір қалың қамыстың ішіне келіп дем алуға тоқтайды. Мұнда олар ойламаған жерден қырсыққа тап болады. Тал түсте аттарына қамыс ішіндегі қабандар тап береді. Ерден аттарды құтқарам деп жүргенде, қабанның азу тісі денесіне оңдырмай ауыр жарақат салады. Балқияның сүйікті жігітін өлімнен арашалап қалуға шамасы келмейді де асыл жарын жерлеп, өзіде сол жерде өлмек болады. Ал бұл кезде қабаннан үркіп қашқан екі ат қыз бен жігіттің туған ауылына келіп бір-ақ тоқтайды. Ыза болған қыздың әкесі жігіттерге қашқындарды ұстап әкелуге әмір береді және оларды халық алдында қарабет қылып жазаламақ болады. Қашқындарды іздеп шыққан жігіттер ат тұяғының ізімен жүріп отырып, қыздың тығылған жерін табады. Қуғыншыларды көрген соң, әкесінің қатал мінезін жақсы білетін Балқия, қолға түскеннен өлімді артық көріп, биік жардан көлге бір-ақ секіреді де су түбіне кетеді.
Бұл ауыр оқиға, трагедия сол маңдағы елге түгел жайылып, бұдан былайға жерде көлді өздері еркелетіп айтатын, сүйікті жас арудың атымен халық Балқаш деп атап кеткен екен.

Кері қайту


Жиренсақал әулие туралы аңыз.
Қарқаралы орманында елсіз кезде оңтүстік жақтан келген Жиренсақал мен Шәймерден деген кезбе әулиелер болған екен. Олар жазда осында келіп, орман ішін аралаған.
Қазір "Комсомол шыңы"деп аталатын биік тау бұрын "Жиренсақал"деп аталатын. Бұл кісілер садақты мерген болған, ол кезде орман ішінде аңның неше түрі болған. Тамақтанарда арқардың марқасын не тоқтысын, немесе киік, қарақұйрықтың марқа төлдерін атып алатын. Аңды сойған соң қарнына толтырып тау пиязы, шалғын жуа мен тұзды қоса салып. жайдақ жақпар тастардың қазан сияқты шұңқыр жерін тауып, үстіне от жағып пісіргенде қазанға пісіргеннен анағұрлым дәмді болады екен. Тойғанынша тамақтанып, қалған етін қыш құмырасына салып, тастай суық бұлақтардың.суына салып, бірнеше күн азықтанатын болса керек. Сол тауда әулиенің үңгірі бар екен, соған бала көтермеген әйелдер түнеп шықса, жүкті болады деген аңыз бар. Бертінде Күлқатыш деген әйел барып түнеп, бала көтеріп ұл тапқан. Бірақ әйел нанымын сақтамай, арақ ішіп, баласын шетінетіп алған, қайтіп бала көтерген емес.

Кері қайту


Әулие туралы екінші аңыз.
Бір күні кешке қарай тау басындағы көлге барса, дыбыс шығады, ағаш арасынан бақылап тұрса, адам бейнелі біреулер суға шомылып жүр екен. Егделеу еркек бейнелісіне барлығы: "Әплит, әплит"деп бәйек болып жүрген сияқты. Әлгілерге білгізбей, шегініп кетіп қалады. Ертесіне елең-алаңда тағы келеді, сөйтсе әлгі ібілістер тағы шомылып жүр екен. Әйел бейнелі егделеу біреуіне: "Жәплит жәплит"деп бәйек болып жүр екен. Сонда Жиренсақал әулие: "бұл өсіп-өнетін ібіліс екен ғой, Әплиті - әкесі, Жәплиті - шешесі болған ғой"деп шыдай алмай дұға оқып, айқайлап жіберіпті. "Малғұндар! Енді кездессеңдер маймылға айналдырып жіберем!"деп ақырған. Әулие одан кейін де көлге бірнеше рет барған және түнеген, бірақ шайтандарды қайтып кездестірмеген. Содан кейін ол, шағын көл "Шайтанкөл"атанып кеткен. Теке ақсақал бұл әңгімені ұлғайған кезде әкемнен естіп едім дейтін.

Кері қайту


Қарқаралы атауы туралы аңыз
1727 жылы жоңғарлар шабуылы кезінде жаудың бір түмен сарбазы қазіргі қаланың батыс жағында қорған салып, бекінеді. Олардың мақсаты - өздерінің, Ертіс бойындағы қолы әлсірей ме, жоқ Қызылжар жағы әлсірей ме, соған қолғабысқа аттану болса керек.
Бұл кезде қазақ сарбаздары орталық терістік жақтан жоңғарлар қолын әлсірете бастаған және 1739-1740 жылдары Абылай қалмақтың ханы Қалден Цереннің қолына түсіп, кейіннен достасып.соғыспау туралы келісімге келген. Осы кезде пайдаланып Шаншар абыздың екінші әйелі Нұрбикеден туған Тілеуке, Бертіс хан кол жинап, түстік Сыр бойынан келіп Қарқаралыға бекініп жатқан жоңғарларды жойып, елді осы жаққа орналастыруды қолға алып, бекіністі тазартудың қамына кіріскен. Жер жағдайын жетік білмегендіктен жоңғарлар жау алдымыздан келеді, артымыз биік тау, артымыздан қауіп жоқ деп ойлаған. Жағдай ойлағаннан басқаша болып шықты.
Бертіс қолы Қарқаралының батыс жағындағы Шоқпартас маңындағы орманға орналасып, жауды сезіктендірмей, желке жағынан шабуыл жасау үшін тауға барлау жұмысын жүргізіп, Шоқпартастан суық бұлаққа қарай асатын шұбырынды жол тапқан. Осының нәтижесінде жаудыңжелке жағынан шабуылдауға толық мүмкіндік туған. Күтпеген жерден қалың қолдан үрейі ұшып, берекесі кеткен жоңғарлар қаша жөнелген. Жоңғар қолын көп шығынға ұшыратып, жаудың ізіне түсіп, түстікке қарай қуып жіберген, Сөйтіп, Қаракесек руын осы маңға, Балқантауға дейін орналастыруды жоспарлап, өзі оңтүстікке - елге қарай қайтып, елді көшіруді ұйымдастырған. Бұл кезде Қарқаралы деген атау жоқ. Бертіс бұл мекенді жоңғарлардан тазартқан соң, қазан айының соңына қарай көшпенді Қоңырат деген тайпа келеді. Бұл тайпа сан жағынан көп, Арғынмен туыс ел. Жоңғарлар жорық жасауға мүмкін деген маңайдан қашқақтап жүретін болса керек. Қысқа аяқты мал деп сиыр, қой асырап бақпайды, өйткені ол елге жау бет алып келе жатқанда бұл екі түлік бөгет болады және жау қолында қалып қояды деген есебі көрінеді. Жаудан жалтарып кету үшін жылқы, түйе малын көптеп өсірген. Қоңыраттықтар "ұзынқұлақ"арқылы Арқаның шұрайлы жері жаудан тазартылды дегенді естіп, қыстап шығу үшін таудың күншығыс жағына көптеген киіз үй тігіп, өздерінен өсіп-өрген рулар ауыл-ауыл болып отырған. Сол жылы қар өте қалың түскен, қар түсе тауда қаптап жұрген арқар, елік бұғыларды көргенде көздері тұнған. Садақпен аң аулауға барайын десе бара алмайды.Тау басы мен биік жондар қара болып жатқанмен, тау етегі өте қалың оспақ көбік қар болған. Тауға шықпақ болғанда аттары қарға көміліп, жаяу шығайын десе өздері де қарға бойламаған. Сол кезде көктем де өте кеш шыққан, жаз шыға ол кезде аң ауланбайды. Дала тағысы киелі болады, төлі жетім қалса қырсық болады деген ұғым қалыптасқан. Сөйтіп, бұл тау ды "Басы қара, етегі қарлы, Қаратау қарлы - Қарқаралы"деген атау пайда болған. Арғындар ішіндегі Қарақожа әулетінен тараған Қаракесек руы келе бастағанда алдымен "Қарақарлы"тауына Әлтөбет руы келіп қоныстаған. Бұлар келе бастаған соң, қоңыраттықтар Есіл бойын; қарай Балталы-Бағаналы елімен сүйек шатыстығы болғандықтан көшіп кеткен. Мен осы жағдайлар жөнінде үлкен адамдардан 50-60 жыл бұрын сұрастырып, жазбаша ештеңе таба алмадым. Мұражайлардан да дерек кездеспеген соң, нанымсыздау бола ма деген оймен баспасөз бетінде жарияламаған едім.

Кері қайту


Қарқаралыға байланысты үшінші аңыз
Қазіргі туристік базаның орны ерте заманда "Қайыңсай", кейінне "Жауыр тоғайы"аталған ну орман алаңы болыпты, жан-жағына бойлап өскен қайыңнан алаң көрінбеген.
Ортасынан мол бұлақ ағып, Үлкен көлге құйылып жатады екен. Осы алаңға 1753 жылдары Абылай жазғы ордасын тігіпті деген аңыз бар. Ұлы жүз халқы 1723 жылдан 1753 жылғ дейін жоңғарлар қарамағында болған. Ал Батыс Қазақстан халқы Кіші орда Әбілқайыр ханның қарамағын да болып, ханмен араздық туып, елден бөлініп, өз алдына хандық құрып кеткен. Сондықтан әлі де жаудың беті қайтып талқандалмаған кез болса керек. Бірақ осы кезең жоңғар халқы бақталас болып, өзара бірнешеге бөлінген.
Абылайхан осы кезеңді пайдаланып жоңғарларды бұдан былай бас көтерместей қылып талқандап, олардың қарамағында бағынышты болып отырған Ұлы жүз және Қарақалпақ жерін тазартуды мақсат тұтқан. Күш сол кезде тек қана Орта жүзде қалған (Арғын, Найман, Қоңырат, Қыпшақ, Уақ. Керей). Со-лармен қатар Әбілқайырға бағынбай бер жақта Кіші жүзден Алшын, Жаппас, Шөмекей, Шекті аталарының басын қосып, хан кеңесін өткізуге тура келген. Ол кеңесті өткізген ел орталығын Қарқаралы деп үйғарған. Май айының басында жоғарыда айтылған жерге хан ордасын тіккен. Бұған Алтай, Тарбағатай жақтан Қабанбай батыр бастаған, солтүстіктен Бөгенбай бастаған қалың қол және Ұлы жүз, Кіші жүз, қарақалпақтардан мүмкіндігінше ел жиналған. Орта жүз кемеңгері Қаздауысты Қазыбек және Бекболат та осы топта болып, үш түмен қол жауды оңтүстіктен тазартуды жоспарлап, мақсаттарын қазан айының аяғына дейін жүзеге асырып, толық нәтижеге жеткен (Қабдеш Жұмаділовтің "Дарабоз"атты романы бойынша). Төле би екі-үш ай бойы Қабанбай батырмен бірге болып, жоңғарлардан елді, жерді тазарту үшін ақылшы болған. Хабарласып отыратын ел орталығы Абылайдың жазғы ордасы Қарқаралыда қазан айының аяғында қол басшылар қай-та жиналмақ болған. Бұларды қозыкөш жерден хабарын біліп отырып "Найза"деген кезеңнен тосып, Абылайхан бас болып, жеңіспен қайтқан бұл жер "Найза"кезеңі атанып қалған. Қол басшылар алаңға тігілген хан ордасына жиналып отырғанда бабамыз Қазыбек би Қабанбай батырдан екі-үш ай ат үстінен түспесе, Төле ағам (Төле би) халы әлі жақсы екен ғой дегенде, сізге айтқан сәлемі бар еді, сол естеріңде бар ма деп Қабанбай батыр жан-жағына қарағанда, менің есімде бар деген бір сарбаз:

Қақ жарған қара қылды Қазыбегім!
Сен бүкіл қазағыма азық едің,
Ағаңды жау қолына тастап,
Сен жатып Сарыарқада қазы жедің!

Мен дағы қазағыма қазық едім.
Сен аспанда қаңқылдаған қазым едің,
Еліңді жау қолына көп жыл тастап,
Мен неден ағайынға жазып едім? -
дегенде Қазыбек бабамыз қатты тебіренсе керек.

Кері қайту


Қызыл кеніш сарайы туралы аңыз
Бағзы бір заманда Әуке және Қонтажы деген екі хан өмір сүріпті. Әукенің Нежде деген сұлу қызы болған. Қонтажы болса соған ғашық.
Көп кешікпей олар құда түсуге қам жасайды. Базарлықтарын артып алып, керуен жолға шығады. Қонтажы өте бай болған. Әуке хан онымен құда болатынына өте қуанады. Көп кешікпей Нежде өзінің туған үйінен бірінші рет алыс сапарға шықты. Бас аяғы елу түйеге жүк артылып, сексен адам керуен құрамына енді. Олармен қоса бір қазақ, бір қалмақ батырын жібереді.
Олар Кент тауының бауырына келгенде күн суытып, боран соғады. Батырлар тоңғаннан кейін бір-бірімен күресуге бел байлайды. Олар ұзақ алысып, ақырында қазақ батыры қалмақтың белін сындырады. Мұны көрген хан қызы ашуға мінеді. Бірақ ол көп кешікпей, қазақ батырына көңілін білдірді.
Одан соң хан қызы бұдан әрі бармаймыз, осы жерде қыстаймыз дейді. Оның сөзін екі етпейтін керуен мүшелері сарай салу қамына кірісті. Сарай құрылысы басталып оны қызыл граниттен салған. Сондықтан, оны қызыл - Кеніш деп атау ұйғарылды. Қызыл кеніш туралы аңыздың бірнеше түрлері бар.

Кері қайту


Шайтанкөл туралы аңыз
Бұл көл алғашқы кезде "Әулие көл"атанған. Баяғыда бұл көлді әулие мекендеген, суына беті-қолын жуған деп жұрт киелі су санапты.
Жұма сайын қожа-молдалар бастаған байлар келген екен. Жағасында құдайға арнап мал сойып, құран оқысады. Шаншар ішінде Торсықбай дейтін қу болған. Бірде сол әлгіндей топтық үстінен шығады, құрбанға шалынған малдың мол етінен қарбыта асап, сары қымыздан сылқыта жұтармын деп жұтынады. Бірақ жуандар жыртық шапанды кедейді табаққа жолатпайды. Бұған қорланған қу ішінен "тұра тұрыңдар, бәлем!"деп кете барады.
Бір күні әлгілер көлдің басына тағы жиналады. Шартық қарын шүй желкелер мол табақты алдарына енді ала бергенде жақын жерден үрейлі үн шығады. Артынша тастардың бірінен сақалы сала құлаш, шашы жалбыраған бір мақұлық селтиіп шыға келеді.
Үрейі ұшқан қожа-молдалар күбірлеп дұға оқиды, бірақ әлгі пәле тайсалмайды, дауысын құбылтып, құтырынып жақындай береді. Сол кезде қатты үрейі ұшқан бір бай орнынан ұшып тұрып, көзі алақтап:
–Ойбай, шайтан!– деп төмен қарай зыта жөнеледі. Қорқып отырған жұрт орындарынан қопарыла тұрып, тым-тырақай қашады. Оларды шайтан боп үркітіп жүрген Торсықбай ешкі терісінен жасаған кепті шешіп тастап, "пісмілда" деп, жайрап қалған асты қолға алады. Содан бері Әулиекөл осылай Шайтанкөл болып аталып кетіпті.

Кері қайту


© Н.В.Гоголь атындағы Қарағанды ОҒӘК