Жыр арқауы – Қарағанды
Өткен
ғасырдың 30-жылдарында қазақ-кеңес әдебиетінде алғашқы өндіріс орындарындағы
жұмысшы табының пайда болуы мен шахта-зауыттардың қалыптасуы кезеңдерін
мүсіндеген повесть-романдар, өлең-дастандар көптеп туындай бастады.
Осы жылдарда қазан төңкерісіне дейін орыс, ағылшын, француз алпауыттарының
иелігінде болып, шетелдік қалталылардың аяусыз тонауына ұшыраған
еңбегі еш, тұзы сор тұңғыш қазақ кеншілерінің тауқыметті тұрмысы
Сакен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин, Ғабит Мүсірепов,
Ғабиден Мұстафин, Саттар Ерубаев, Әлжаппар Әбішев, Зейін Шашкин
шығармаларында кеңінен көрініс тапты. Сөйтіп, қазақ жерінің қазыналы
аймағының шежіресі іспеттес, “Оянған өлке”, “Жат қолында”, “Менің
құрдастарым”, “Қарағанды”, “Жас түлектер”, “Теміртау” тәрізді романдар
жазылып, әдебиетіміздің алтын қорынан орын алды.
Солардың арасынан “мәңгілік өмір жырын” жазуды ұлы мұрат тұтқан
ақын, жазушы, журналист Саттар Ерубаевтың есімін Қарағанды қаламгерлері
тізімінің басына қоюға болады. Шығармашылық жолын өлең өруден бастаған
Саттар болашақ қаланың ірге тасын алғаш қалаушылар ретінде 1934-1935
жылдары “Қарағанды пролетариаты” (қазіргі “Орталық Қазақстан”) газетінде
комсомол бетінің редакторы болып жемісті еңбек етті. Жалғанның жарық
сәулесін 23 ғана көру бақытына ие болған арымды қаламгер артында
мол әдеби мұра қалдырып үлгерді. Ленинградтағы әдебиет институтын
үздік тәмадап келген жас қаламгер енді ғана салынып жатқан шахталарда,
құрылыс кешендерінде жиі болып, көміршілер өмірінен ондаған өлеңдер
мен мақалалар, шағын сахналық туындылар жазды.
Ол Қарағандыда болған шағында кенді өңірдегі әдебиеттің дамуына
зор үлес қосып, “Менің құрдастарым” тәрізді кесек прозаның көптеген
тарауларын киносценарий үлгісінде жазып, қазақкөркемойын жаңа биікке
көтерді.
Қарағанды тәрізді аса ірі отын ошағының қарышты қадамын, алып адымдарын
жырға қоспаған қазақтың көрнекті ақындары кемде-кем.
О, туған жер, тулап аққан қанымсың,
Кеудемдегі маздап жанған жалынсың.
Кір шалмаған, дақ түспеген өмірге,
Менің мөлдір махаббат пен арымсың,
- деп балқантаулық ақын А.Нұрбеков жырлағандай “қазақ өлеңінің жасына”
Қасым Аманжолов бастаған Қарағандылық қаламгерлер жайлы әңгіме етпекпіз.
Кіндік қаны Қарақаралы өңірінде тамған Қасым Қазақстанның қай қырында
жүрмесін, самалды Сарыарқасын, қазыналы қарағандысын, оның айтулы
азаматтарын бір сәтке де жадынан шығармай, көңіл бесігінде тербеп
өтті.
Сарыарқа, туған жерім, алтын аймақ,
Бақытты нұрға жүзіп, тұрсың жайнап.
Орнағана дәл ортада Қарағанды,
Халқымның қазанындай жатыр қайнап,
- деп тебірене жырлаған ақын 1944 жылы қан майданда жүріп, Қарағандының
бұрынғы шахтері, бала күнгі досы, Кеңестер Ожағының Батыры Мартбек
Мамыраев жайлы “Мартбек” жайлы дастанын жазды.
Қарағандылық ақын Мақсұт Байсейітов ұзақ жылдар бойы “Советтік Қарағанды”
газетінде еңбек етіп бүкіл саналы ғұмырын кенші қауымының қуаныш-ренішін
жырлауға арнады. Бұл жөнінде арқалы ақын ағынан жарыла былай дейді:
Қарағандым, бесігім боп тербеттің,
Бауырында бұла болып ер жеттім.
Өлең дейтін өнер құйдың кеудеме,
Сол сыйыңды енді өзіңе бермекпін.
Жырға айналды көміріңнің жалыны,
Әлдиледі, еркелетті жанымды,
Көкірегімде құс болып ол сайрайды,
Содан таптым сарқылмайтын бағымды.
Газеттің әдебиет және өнер бөлімінде ұзақ жылдар бойы еңбек етіп,
шығармашылығын өндірістің қара қазанында шыңдаған сыршыл ақын осы
жылдарда облыстың әрқиырында қаалмының желі бар жастарды іздеп тауып,
тырнақалды туындыларының баспа бетін көруіне ағалық қамқорлық жасағанын
сарғайған басылым беттерінен табуға болады. Соның бір дәлелі ретінде
1968 жылдың сәуір айының 28 жұлдызынд бүгінде республикаға танымал
ақын, айтыс өнерінің айтулы насихатшысы, әрі талмас ұйымдастырушысы
Жүрсін Ермановтың бір топ өлеңіне ақжол тілеп, жарық көруіне мұрындық
болуына дер едік. Бұл күнде кемеліне көлген Жүрсін ақын “Нұркен
ескерткішіне” атты балауса жырын:
Ер болып жаралыпсың,
Сен – нағыз нар алыпсың.
Мұзбалақ қыран болып,
Еліңе оралыпсың – деп сәтті аяқтапты.
Мақсұт – дәуірдің өзі тудырған ақын. Оның барлық жырлары көмірлі
қаланың бой көтеруі, жайнап-жасаруымен тығыз байланысты болды. Ол
осы қалада өмірге келді. Осы қалада тұңғыш өлеңін жазды. Ол осы
қалада қағажу көріп, отты жырларының тиегін толық ағытып үлгермей
өмірден өтті. Әйтсе де тарлан талант:
Алдымнан, міне, қарсы алып,
Баяғы балдыр жас шағым,
Барады жүйткіп жар салып,
Жастықтың жазып дастанын,
немесе:
Зәулім үйлер көк бұлтымен таласқан,
Асфальт көше, балапан тал жарасқан.
Өсе берсін, қала болып алаңдар,
Қартайғанын білмесін тек адамдар.
– деп ақжарма жырларымен кеншілер қаласының көгінде жұлдыз ойларының
жарығын әлі де жағып тұрғандай әсерде қаласың.
Қарағанды топырағынан өткен ғасырдың 50-жылдарында Кәкімбек Салықов,
Жаппар Өмірбеков, Бүркіт Ысқақов, Қабыл Боранбаев, Әуезхан Көшімов,
Саттар Сейітқазин. Айтқазы Нұрбеков тәрізді қазақ поэзиясына әр
дәрежеде өлең өрнегін қалдырған ақындар шықты. Ондаған жыр жинақтармен
оқырман жүрегіне жол тапқан Жаппар Өмірбеков “Туған қала туралы
өлеңінде”:
Аяңда құрыш күшің шымырлаған,
Жұлдыздай түнгі оттар жымыңдаған.
Көмірлі, қасиетті Қарағандым,
Өзіммен бірге оралды жырым саған,
сыршыл
ақын Саттар Сейітқазин “Жаңа қала” атты жырында:
Жаңа үйлер, жаңа жолдар, Жаңа қала,
Сағынып келіп түстім жаңа ғана.
Сен сүйдің, мен де сені сүйе аламын,
Табынып тасыңа да күйе аламын.
Дем берген бала кезден Жаңа қалам,
Жыр болып жүрегіме ұяладың,
– деп балалық базарын тарқанқан өңірге сағыныш саздарын мөлдір өлең
жолдарымен білдіреді.
Көмірлі Қарағандыны соңғы демі таусылғанша жырлап өткен ақынның
бірі – Айтқазы Нұрбеков. Өкінішке орай күні бүгінге дейін бұл ақынның
жырлары көзден таса, көңілден жырақ қалып келеді. Алғашқы тырнақалды
жырлары Қу аудандық “Большевиктік жол”, облыстық “Советтік Қарағанды”
газеттерінде үзбей жарияланып, ерте танылған ақынның бір топ өлеңдері,
1949 жылы көркем әдебиет баспасынан шыққан “Жастар дауысы” жинағында
жарық көрді. Университеттің журналистика факультетін бітіргеннен
кейін Шыыс Қазақстанның облыстық газетінде, Қарағандының теледидарында
еңбек етті. Өмірінің соңғы жылдарында туған ауылына біржола оралап,
Егіндібұлақ аудандық “Ленин туы” газетінде қызмет жасады. Тағдыр-талайы
тасқа ұрылған талант иесі елеусіз ғұмыр кешіп, 80-жылдардың басында
өмірден өтті. 1958 жылы жазылған “Қарағанды” атты өлеңігде Айтқазы
ақын:
Анадай жарқын жүзді мейірбанды,
Қарсы алып құшағына келген жанды
Шыңдайсың шынықтырып сом болаттай,
Бесігі - даңқты еңбекҚарағанды.
От берген туған елдің өміріне,
Ғажайып бір күш бар ғой көмірінде.
Көргенде кен қопарған ұл-қызыңды,
Толқиды жыр теңізі көңілімде,
- деп, кенші қауымның ерен еңбегін мақтана жырға қосады.
Кенді өңірден шыққан көркемсөз шеберлері жайлы әңгіме қозғағанда
халық ақындарының тұтас бір жұлдыздар шоғыры ойға оралады. Олар
отты жырларында кеңестік шаруашылықтарды, өндіріс ошақтарын, еңбек
тарландарын өлеңіне өзек етіп, облыс өмірінің айшықты шежіресін
жасады. Олардың арасында Семей губерниялық комитетінің мүшесі болған
Жақсылық Төленов, от тілді, орақ ауызды ақындарҚайып Айнабеков,
Маясар Жапақов, Доскей Әлімбаев, Көшен Елеуов, Нұрқайдар Жылқыбаев,
Ілияс Манкин, Ғабдиман Игенсартовтар қара алтында Қарағандының айбынын
асырып соңдарында өлмес жырларын қалдырды. Айтыс өнерінің дүлдүлдері
аранған олар талай рет республикада облыс намысын қорғап, жыр жүлделерін
жамбастарына басып оралды. Мәселен, суырып салма жырдың жампозы
Шет ауданынан шыққан Маясар Жапақов 1943 жылы семейлік жыр сүлейі
Нұрлыбек Баймұратовпен сайысқа түсіп, Қарағанды облысының мерейін
үстем етсе, 1947 жылы өткен бір жыр додасында:
Қойнынан алтын атқан орда сәнді,
Күші сай атағына ісі мәнді.
Жетіқат жердің болат тұтқасындай,
Алыпты әлем біледі Қарағанды,
– деп Ілияс Манкин ақын кенді өңірдің қуат-күшін буырқанған жырына
қосты.
Өндірісті өлкенің сұлу табиғатын, екпінді еңбегін көзі жұмылғанша
сырлы шумақтарына арқау етіп өткен қарт ақын Қайып Айнабеков 1947
жылдың 16 маусымында еңбекшілер депутаттары облыстық кеңесінің кезекті
сессиясының:
Қайып
толғау толғаса,
Кенеп бір алып, көмейін.
Арқадан әнін асырар,
Айға жетет демейін,
- деп толғау жырымен ашуы сол кездегі облыс басшыларының рухани
игіліктерге деген зор құрметінің белгісі тәрізді. Қарағанды шахталарында
еңбек етіп, кейіннен ақындыққа бүтіндей ауысқан Ғабдиман Игенсартов
кеншілер өмірінен бірнеше дастан, жүздеген өлең - жырлар жазып қалдырды.
Жазба және суырып салма ақындықтың тізгінін қатар ұстаған Ғабекең
соғыстан кейінгі жылдарда облыстық газеттің Қарқаралы ауданындағы
меншікті тілшісі болып та жемісті қызмет еткенін аға буын өкілдері
жақсы біледі. Бұдан кейінгі жылдарда өңірдегі айтыс өнерін Кәртай
Ермекбаев, Орынбай Аймағанбетов тәрізді облыстық газеттің қарымды
қаламгерлері сәтті жалғастырса, кейінде Аманжол Әлтаев, Айгүл Түсіпбекова,
Қуаныш Мақсұтов, Қойлыбай Асанов, Айтбай Ботпаев, Мақсат Аханаов
секілді жас толқын өкілдері іліп әкетіп, республикалық додаларда
жарқырай көрінгені мәлім.
Сайып келгенде Сарыарқаның кіндігінен қоныс тепкен Қарағанды облысы
жыл өткен сайын қуаттанып, кескін-келбеті жайнап, жасана түсуде.
Бүгінде 70 жылдық тарихы бар өңірдің рухани көгінде Серік Ақсұңқарұлы,
Ғалым Жайлыбаев, Жүрсін Ерманов, Сәбит Бексейіт, тәрізді ақындардың
жұлдыздары жарқырай жанып, егемен елдің ертеңіне алаңдаған отты
жырларының үні асқақа естіледі. Жеті қат жердің астында кен қазған
қалың қауым, ойдың кенін тынымсыз қопарған талантты буын өкілдерінің
жасын жырларына жігерін жанып, нұрлы болашағына шеру тартып барады.
Лайым, солай болған!
Ғаббас
Смағұлов
Кері қайту
|