"Есімізде отты жылдар белестері" әдебиеттерге шолу
Уақыт зымырап өтіп жатыр. Уақыт өткен сайын заман өзгеруде, бірақ өткен өмір тарихы мәңгі есте сақталуда. Неше алуан соғыс дүниені дүр сілкіндірді, бірақ екінші дүние жүзілік соғыс, қаншама адамзатын қисапсыз қасіретке ұшыратқан өлімімен мәңгілік есте қалды.
Біздің еліміз адамзат баласы басынан өткізбеген зұлматты өткерді. Соғыс арифметикасы - қаралы арифметика. Әрбір секунд сайын бір адам, әрбір минут сайын он адам оққа ұшып жатты. Ал соғыс 1418 күнге созылды.
Жеңіс елімізге оңай келген жоқ. Ұлы Жеңіс бабаларымыздың биік патриотизм сезімі мен рух мықтылығымен келді.
Біз, қазіргі заман түлектері дүниені дүр сілкіндірген Ұлы Отан соғысын мәңгілік есте сақтауға міндеттіміз. Еліміздің басынын кешкен қайғылы, зұлматты жылдар тарихын мәңгі есте сақтауға әр алуан кітаптар көмектеседі.
Боздақтар. 1941-45 ж.: Ұлы Отан соғысы жеңiсiнiң 50 жылдығына арналады / Бас ред. Р.Н.Нұрғалиев. - Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 1994. - 496 б.
Сіздердің қолдарыңызда Ұлы Отан соғысының ұрыс даласында қаза болғандардың, гитлершілердің қасап лагерлерінде азаппен жан қиғандардың, соғыстың алғашқы айларында фашистердің айбарлы танктерімен құр қол алысқандардың қанымен жазылған қастерлі 3-томдық "Боздақтар" кітабы.
Кітап Ұлы Жеңістің 50 жылдық мерекесіне арналады. Бұл кітапқа Отан үшін жан пида болған қарағандылық жауынгерлер есімдері жазылған.
Кітапты даярлау жұмысы КОКП Орталық Комитеті секретариатының 1989 жылғы 17 қаңтардағы қаулысына сәйкес басталды. Қарағанды облыстық "Боздақтар" кітабын жасауға Ұлы Отан соғысының ардагері - И.Е.Грунской жетекшілік етті. Ынтагер жұмыс тобы құрылып, ол кітапты даярлау жөніндегі барлық қиындық пен қамқорлықты өз мойнына алды.
Соғыстан оралмаған жауынгерлердің аты-жөнін қалпына келтіру, хабар-ошарсыз кеткен дегендердің тағдырын анықтау үшін алда ұлан-ғайыр жұмыс тұрды.
Осы жұмысты орындауға жұртшылық, мектеп оқушылары, студенттер, жастар ұйымдарының мүшелері қатыстырылды.
Дегенмен, барлық жауынгерлердің тағдырын анықтау мүмкін болмады. Соңғы оқ атылғаннан бері өте көп уақыт өтті. Іздестіру жұмыстары жалғасуда.
"Боздақтар" кітабында оқырмандардың жауынгерлер құрбан болған жорықтардың сипаты жөнінде қарапайым болса да түсінік алуы көзделді. Жауынгерлік операциялар туралы қысқаша очерктен кейін осы операцияларда қаза болғандардың тізімі келтірілді. Онда қаза болған жауынгер туралы қысқаша болса да туған жылы, әскерге шақырылған жері, қай күні. қай жерде қаза болып, жерленгені көрсетілген.
Кітап көпшілік жұртшылыққа арналған.
Қаhарман қарағандылықтар [Мәтін] = Герои-карагандинцы / ред. Г.Ж. Бабулова. - Қарағанды : Болашақ-Баспа, 2000. - 146 б.
Кітап 2000 жылы Қарағанды маңызды білім беретін "Болашақ" институты "Болашақ-Баспа" редакциялық-баспа бөлімінен басылып шықты.
Ұлы Жеңістің 55 жылдығы қарсаңында жарық көрген кітап, аты айтып тұрғандай, отты жылдарда Отан үшін қан кешіп, ерлік пен батырлықтың үлгісін көрсеткен ерекше жандар - Кеңес Одағының Батырлары мен Даңқ оденінің толық игерлері өмірбаянынан түзілген. Жалпы, Қарағанды топырағынан түлеген майдангерлер ішінде Кеңес Одағының 32 Батыры, Даңқ орденінің 10 толық иегері болған екен.
Кітапта осынау үркерей топтың өнегеге толы өмір жолы, ерлік істері жан-жақты баян етілген. Соғыс жылдарының сұрапыл суреттерін. Қан құйлы көріністерін көз алдыңызға әкеледі. Сол кезеңге ойша оралғандай, сонарлағандай әсер береді. Жинақ сирек, тарихи фотосуреттермен, ескерткіштермен безендірілген.
Кітаптың өн бойынан ел басына күн туған зауал заманда құзғын жауға тайсалмай қарсы тұрып, ынтымақ пен бірліктің үлгісін танытқан, бейбіт өмірді жанқиярлықпен қорғап қалған ардақты азаматтарға, ардагерлерге деген Құрмет. Тағзым лебі еседі.
Кітап көпшілік қауымға арналған.
Совет Одағының Қазақстандық батырлары [Мәтін] Т.1.- Алматы: Қазақстан, 1969. - 476 б. : портр. - (мұқ.)
Бұл кітапта Қазақстанда туып-өскен жөне басқа жақтан келіп, әскерге Қазақстаннан шақырылған Совет Одағының Батырлары туралы әңгімеленеді. Осынау қаһарман адамдардың тағдырлары әр алуан. Олардың қай-қайсы да Отан алдындағы өз парыздарын қалтқысыз өтеу мақсатымен әр қилы жолдан өтті. Біреулер соғыс аяқталғанша майдан төрінде тар жол, тайғақ кешті, атажаумен аяусыз арпалысты. Енді біреулер қайталанбас қаһармандық жасап, Отан бақыты үшін жан қиды. Олардың бәр-бәрін де бір мақсат — ел бақытын қорғау мақсаты біріктірді.
Лұқпанов, Е. От кешу [Мәтін] / Е. Лұқпанов. - Қарағанды : Болашақ-Баспа, 2005. - 164 б.
Бұл шағын еңбек Ұлы Отан соғысының жеңіспен аяқталғанына 60 жыл толуына арналып отыр. Жинақта Орталық Қазақстан өңірінен жинақталған әскери құрамалардың, жеке жауынгерлердің ерлік істері суреттеледі. Сонымен қатар Қарқаралы, Балқантау аймағындағы тыл еңбеккерлерінің сұрапыл соғыс жылдарындағы жанқиярлық еңбегіне де біршама орын берілген. Кітаптан облыстың басқа да аудандарынан шыққан жауынгерлердің ерлігі жайлы деректер алуға болады.
Жеңіс күні қарсаңында шығарылып отырған жинақ аға ұрпақ дәстурін қастер тұтатын қалың кәпшілікке арналған.
Лұқпанов, Е. Жауынгер қыздар [Мәтін] = Боевые подруги / ред. Қ.Ә. Аманбаев. - Қарағанды : [б. и.], 1995. - 138 б.
Е.Лұқпанов пен Мағауия Сембаевтың "Жауынгер қыздар" атты очерктер жинағы (Қарағанды, 1995) Батыстан тиген жауға қарсы тұрып, перзенттік парыздарын адал атқарған қарағандылық жауынгер қыздардың майдандағы және бейбіт еңбектегі кейінгі ұрпаққа үлгі болар ұлағатты өмір жолдары нақты деректерге сүйене отырып баяндалған шығарма. Бұл кітап соғысқа қатысушылардың ерлік істері жайынан нақты деректер беруімен құнды.
Көзге елестетіп көріңізші: 17-ден жаңа ғана асқан, шағын бойлы, салмағы 50 кило да тартпайтын мектеп шәкірті анасын, әпке-сіңілілерін, бауырларын үйде қалдырып, әскер қызметіне кетіп барады. Отанды қорғауға жеке үлесімді қосам дейтін жастық жалын осы болар, сірә! Әскери комиссариаттан майданға жіберуді талап еткен 50 ерікті қыздарымыздың бәрі де осынау ғажайып қасиеттің иесі.
Осынау құнды да сирек кітап авторлары біздің тамаша жерлестеріміздің соғыстан кейінгі тағдырларын зерттеуге де айтарлықтай еңбек сіңірген. Олардың біразы қазір де Қарағандыда тұрып жатыр, тамаша еңбек жолдарынан өткен, өз ортасында зор құрмет-беделге ие болған жандар шетінен.
Осы қарағандылық жауынгер қыздар туралы очерктер циклін жазуға мұрындық болған облыстық "Орталық Қазақстан" газетінің редакторы, марқұм Тілеухан Жүсіпов.
Бұл кітап жастарға және көпшілік оқырман қауымға арналған.
Ақпанбаева, Т. Өшпес ерлік, өлмес мұра [Мәтін] / Т. Ақпанбаева. - Қарағанды : Болашақ-Баспа, 2005. - 358 б.
Кітапқа Ақтоғай өңірінінде бұрын-соңды өмір сүрген соғыс және тыл ардагерлеріне, Ұлы Отан соғысында қаза тапқан қайран боздақтарға қатысты өмірбаян деректері дестесі, оларды мәңгі есте қалдыру, құрметтеу бағытында аудан көлемінде атқарылып келе жатқан іс-шаралардан сыр шертетін материалдар шоғыры, мұрағат құжаттары, фотошежіре, т.б. топтастырылған. Аға буын өкілдерінің өнегелі өмір жолдарын өскелең ұрпақ жадына зерделеудің абзал борышын абыроймен атқарып тұрған толымды туынды қалың бұқара тарапынан лайықты бағасын алған.
Жинақтың еліміз өміріндегі елеулі оқиға Ұлы Жеңістің 60 жылдығына орай жарық көруі еңбектің мән-маңызын тіптен арттырып тұр.
Кітап көпшілік оқырман қауымға арналған.
Ғаббас Жұматов: өмір және тағдыр [Мәтін] = Ғаббас Жуматов: жизнь и судьба / құраст. С. Мәдиев. - Алматы : Қазақ университеті, 2008. - 278 б.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, Брест қамалының өңтүстік бекінісін қорғаушылардың бірі, қарт ұстаз Ғ.Ж. Жұматовтың "Өмір және тағдыр", "Жизнь и судьба" кітабы қаһармандыққа толы. Кітапта майдангер ұстаздың туып өскен ортасы, отбасы, ерлікке толы жауынгерлік жолы, ұстаздық қызметі туралы баяндалады. Халқымыздың тарихын ерлік істерімен даңққа бөлеген қаһарман, ұстаз-ғалымның өмір жолы кез келген адамды бей-жай қалдырмасы анық. Жас ұрпақты рухта тәрбиелеуде бұл кітаптың қосар үлесі зор.
Якимов, Г. Өшпес ерлік [Мәтін] / Г. Якимов ; ауд. О. Ыдырысов. - Алматы : Жалын баспасы, 1980.-192 б.
Бұл кітапта ер жүрек ұшқыштар Совет Одағының Батырлары қарағандылық Нүркен Әбдіров пен Фарид Фаткуллиндердің. сондай-ақ екі мәрте Совет Одағының Батыры космонавт-ұшқыш Б. А. Шаталов пен Лениндік сыйлықтың лауреаты М. П. Давыдовтың ерлікке толы өмір жолдары туралы баяндалады.
Исабаев, Қ. Өсиет [Мәтін] : романдар / Қ. Исабаев. - Астана : Астана-Полиграфия, 2008. - 608 б. - (Уақыт және қаламгер).
Қалың қауымға кең танымал белгілі қаламгер, Ұлы Отан соғысының ардагері Қ.Исабаев көптеген әңгімелер мен хикаяттардың, романдардың авторы. Жазушы шығармалары көптеген тілдерге аударылған.
"Өсиет" атты кітап екі романнан тұрады. "Өрде" романында еліміздегі үлкен ендіріс орындарының бірінен саналатын Қарағанды қаласы еңбекшілерінің Ұлы Отан соғысы кезіндегі ерлік істері баяндалады. Сол сияқты халықтар достығы, жаңадан өсіп келе жатқан интеллигенция өкілдерінің бейнесі шығармада жақсы көрінген.
Ал "Арна" романында Ертіс - Қарағанды каналының құрылысын салуға қатысқан жұмысшылардың, инженерлер мен су мамандарының ерлікке толы еңбегі, олардың адамгершілік қасиеттері мен достық қарым-қатынастары шынайы суреттелген.
Бекенов, Қ. Тағдырымның жазғаны [Мәтін] / Қ. Бекенов. - Қарағанды : Арко, 2002. – 237 б.
Бұл кітаптың авторы Қарағанды облысына белгілі соғыс және еңбек ардагері, полковник Қабеш Бекенұлы Бекенов. Ол естеліктеріне өзінің өмір жолында кездескен қиындықтар мен сан түрлі оқиғаларды арқау еткен. Бірнеше такырыпқа бөлініп баяндалған қиын-кыстау әскери өмір жолы кызғылықты оқылады. Қ.Бекенов өзі айтқандай облыстық ДОСААФ ұйымын он сегіз жыл басқарған екен. Сондықтан да кітапта осы кезеңге көбірек орын берілген. Бір ескеретін жай — автор осы кезенді сол Кеңестік дәуір көзімен әңгімелейді.
Қасым Аманжоловтың 90 жылдығына орай шығарылып отырған екі томдық жинақ Алматы қаласынан 2001 жылы жарық көрді. Бұл жинаққа ақынның таңдамалы өлеңдері, поэмаларымен бірге кезінде мерзімді баспасөз беттерінде жарық көргенімен бұрынғы кітаптарына енбей қалған бірсыпыра өлеңдері енгізілген.
Ақын таланты Ұлы Отан соғысы майданында толысты. Ол қазақ әдебиетіндегі әскери лириканы туғызып, қалыптастырып, жетілдіру жолында үлкен мектептен өтті. Оның өлеңдерінің лирикалық кейіпкері - қан кешіп, қыршын жастарды асап жатқан соғыс-аждаһаның аузында жүрген солдат.
Ақын оның басынан кешкендері, сезімі, ойы, арқылы адамға тән төзімділікті, қайсарлықты, ерлікті паш етеді.
Солдат бойындағы қайсарлық, қажыр, төзімділік сыры оның елге хат түрінде жазған өлеңдерінің ("Елге хат", "Ғалияға", "Қалмақанға" т.б.) бәрінде де бар. От шайнаған ақын-солдаттың ішінде жанар таудай жыр жатқанын да осы хаттар жеткізеді.
Бұл тұстағы эпикалық поэзияда аса биік бағаланатын шығарма – Қасымның "Ақын өлімі туралы аңыз" атты поэмасы.
Бұл - соғыстың қызу кезінде, майдан даласында туған шығарма. Оған Қасымның ақын жолдасы А.Жұмағалиевтің ерлік өлімі оқиғалары себеп болған. Қасым кейіпкерінің ерлік ісін лирикалық-романтикалық сарында, жалынды ақындық пафоспен, үлкен сезімталдықпен жырлайды.
Әбішев, Ә. Замана перзенттері [Мәтін] : таңдамалы шығармалар / Ә. Әбішев. - Алматы : Қазақ Мемлекеттік көркем әдебиет баспасы, 1961. - 507 б. - (мұқ.) : 1 с.
Кітап 1961 жылы Алматы қаласында қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет баспасынан шықты.
Бұл кітапқа драматург жазушының белгілі "Жас түлек" романы, "Саржан" повесі енді.
Соғыс жылдары оқырмандарға жол тапқан романдардың бірі - "Жас түлектер" романы. Мұнда Қарағанды шахтерлерінің ерен еңбегі әңгіме арқауына айналған. Жас кен инженерлері Сәуле, Нұрлан, қарт шахтерлер Мирон, Тайман, Қазыбек т.б. кейіпкерлер арқылы жазушы кезең шындығын көрсетуге ұмтылады. Яғни тылдағы еңбек адамдарының ерлігін бейнелейтін материалдарды өзіне таныс Қарағанды шахтерлерінің ортасынан іздеді. "Саржан" повесінде кеңес жауынгерлерінің жеңіске деген нық сенімі мен патриоттық рухы шынайы бейнеленеді.
Бұл кітап соғысқа қатысушылар мен тыл еңбеккерлерінің ерлік істері жайынан нақты деректер беруімен құнды.
"Замана перзенттері" кітабы барлық оқырман қауымға арналған.
Бұлқышев, Б. Адамзатқа хат [Мәтін] / Б. Бұлқышев ; құраст.: Р. Рүстембекова, Р. Ыдырысов. - Алматы : Санат, 2005. - 208 б. - (Ұлы Отан соғысы Жеңісіне 60 жыл)
Баубек Бұлқышевтың бұл кітабы 1977 жылы жарық көрген болатын .
Оның сол жинағына енген шығармаларымен қатар газет-журнал беттерінде жазушының көзі тірі кезінде жарияланған публицистикалық туындылары топтастырылған.
Бұл кітаптан "Заман біздікі", "Өмір мен өлім туралы", "Тыңда, Кавказ", "Өмір сүргім келеді", "Шығыс ұлына хат", "Жауыздық пен махаббат" сияқты мақалалары енгізілген.
Б.Бұлқышевтың отты толғамдарын оқығанда, өрімдей жас жігіттің парасаттылығына, туған ел мен жерге деген соншалық құштарлығына, ерен махаббатына тәнті боласыз. Баубектің туған елі мен жерінің тағдырын ойлап тебіренген телегей сезімі, ертеңді ойлап аласапыран күй кешуі оның алдымен ойлылығын, сосын батылдығын көрсетеді. Жазбаларынан оқып көрейік.
"Менің жастығым адам баласының қызметіне берілді. Мүмкін, мен жастығымды қайыра алмаспын. Бірақ ол босқа кетпейді, менен кіші інілерімнің еншісіне тиеді. Кейінгі жастар, жас інілерім, сендер бақытты жансыңдар. Сендер соғыс дегенді білмей өтетін боласыңдар. Біз жастығымызды сендердің бақыттарыңның жолына құрбан еттік. Сендер өмірде бақытты жасайтын боласыңдар". Бұл жолдарды Баубектің 1942 жылы сәуірдегі толғанысы деп білеміз.
Жинақтан отан үшін кеудесін оққа тосқан батырларымыз, қыршынынан қиылған қаншама боздақтарымыз туралы оқи аламыз. Алдыңғы толқын аталарымыз бен әжелеріміздің асқан ерлікке толы жолы кейінгі ұрпаққа үлгі өнеге. Бостандық жолында шейіт болғандарға тағзым ету тірілердің борышы.
Кітап көпшілік оқырман қауымға арналған.