Олар Отан үшін шайқасты

Облыс еңбекшілерінің Отанды қорғауға өз еріктерімен жаппай өтініш беруі олардың нағыз отансүйгіштік, патриоттық сезімінен туындады. Соғыс басталысымен мыңдаған қарағандылықтар әскери комиссариаттарға келіп, өздерін Қызыл Армия қатарына алуға өтініш білдірді. 1941 жылдың соңына қарай облыстың әскери комиссариаттарына 25 мыңнан астам өтініш түсті, оның 10 мыңын қарағандылық қыздар жазған еді.
Соғыс жылдары майданға барлығы 45 мыңға жуық адам жіберілді. Қарағандылықтар Отан үшін өшпес ерлік көрсетіп, жан қиярлықпен айқасты, Олар Ленинградты, Сталинградты қорғады, Курск шайқасына қатысты. Украинаны, Молдавияны, Румынияны, Венгрияны неміс-фашист басқыншыларынан азат етті.
Орталық Қазақстанда Қызыл Тулы 72-гвардиялық Красноград атқыштар дивизиясы, 387- Перекоп атқыштар дивизиясы және Ленин орденді 310-Новгород Қызыл Тулы атқыштар дивизиясы жасақталды.
72-атқыштар дивизиясы Сталинград бағытында шайқасып, Қырым мойнағына дейін ұрыспен жүріп өтті, Перекоп бекінісін алуға қатысып, Севастопольды, Бухаресті азат етті.
310-дивизия Ленинград түбіндегі, Тихвин маңындағы, Волхов майданындағы ұрыстарға, Ленинград қоршауын бұзуға қатысты, Новгород пен Карелияның оңтүстік аудандарын жаудан азат етті, Шығыс Померанияны және Берлин операцияларына да қатысты. Сонымен қатар қарағандылықтар партизандар қозғалысына да белсене араласып, өз жерін қорғауғада теңдесі жоқ ерлік көрсетті.
Ортақ Отанды қорғаушылардың сапына тұрған қарағандылықтар арасынан облыста туып өскен немесе еңбек еткен 18 адам Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды, бұлардың ішінде Н.Әбдіров, М.Мамыраев, Қ.Нұржанов А.Дәулетбеков және тағы басқалары. 3 адам Даңқ орденінің үш дәрежесіне бірдей ие болды.
Фашизмге қарсы күресте көрсеткен батырлығы мен ерлігі үшін 6587 қарағандылық Кеңес Одағының ордендерімен және медальдарымен марапатталды.

Қарғандылықтар Ұлы Отан соғысы майдандарында ерлікпен шайқасты.

Әдебиеттер