Қарағанды облысы
Ұлы Отан соғысы жылдарында
Соғыс басталысымен мыңдаған Қарағандылықтар әскери комиссариаттарға келіп, өздерін Қызыл Армия қатарына алуға өтініш білдірді. 1941 жылдың соңына қарай облыстың әскери комиссариаттарына 25 мыңнан астам өтініш түсті, оның 10 мыңын қарағандылық қыздар жазған еді.
Соғыс жылдары майданға барлығы 59935 адам жіберілді.
Қарағандылықтар Отан үшін өшпес ерлік көрсетіп, жан қиярлықпен айқасты, Олар Ленинградты, Сталинградты қорғады, Курск шайқасына қатысты. Украинаны, Молдавияны, Румынияны, Венгрияны неміс-фашист басқыншыларынан азат етті.
Орталық Қазақстанда Қызыл Тулы 72-гвардиялық Красноград атқыштар дивизиясы, 387-Перекоп атқыштар дивизиясы және Ленин орденді 310-Новгород Қызыл Тулы атқыштар дивизиясы жасақталды.
72-атқыштар дивизиясы Сталинград бағытында шайқасып, Қырым мойнағына дейін ұрыспен жүріп өтті, Перекоп бекінісін алуға қатысып, Севастопольді, Бухаресті азат етті.
Қарағандылықтардың 33-і Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды, бұлардың ішінде Н.Әбдіров, М.Мамыраев, Қ.Нұржанов А.Дәулетбеков және тағы басқалары. 7 адам Даңқ орденінің толық иегері болды. Олардың ішінде М.Сүлейменов, И.Карабанов, Н.Покатиловтар 1945 ж. 24 маусымда Мәскеудегі Қызыл алаңдағы Жеңіс парадына қатысты.
Фашизмге қарсы күресте көрсеткен батырлығы мен ерлігі үшін 6600 қарағандылық Кеңес Одағының ордендерімен және медальдарымен марапатталды.
Қатары күн санап сиреп келе жатқан жеңімпаздар бүгінде санаулы. Қазір Қарағанды облысында Ұлы Отан соғысының 1345 ардагері және 21830 тыл еңбеккерлері тұрып жатыр.