Тылда да тынымсыз еңбек етті
Соғыстың қиын қыстау кезеңінде елдің тылында аса маңызды өнеркәсіптік база болған Қазақстанның индустриалды жүрегі - Қарағанды облысына үлкен маңыз берілді.
Ортақ Отанды қорғаушылар қатарына алынған кеншілердің лавадағы орнын әкелері, ұлдары мен қыздары басты. Зейнеткерлер забойға қайтып оралды, шахтада жұмыс істеуді жастар мен әйелдер жедел үйрене бастады.
10 мыңнан аса білікті жұмысшылар мен мамандар Донбастан Қарағандыға көшті, стахановшылар қозғалысының бастаушысы А.Г.Стаханов №31 шахтаның бастығы болды.
Соғыс жылдары астық және басқа негізгі ауылшаруашылық өнімдерін тапсыру жоспары толық орындалды. Егіс алқаптары 28 процент артты.
Соғыстың алғашқы 5 айында Қараған-ды қаласы бойынша 1904955 сом қаржы жиналды және майдан үшін жылы киім жинауға зор ынтамен қатынасты.
37 мың шолақ тон, күрте, бөкебайлар, 24 мың пима, 10543 дана іш киім, 100 мыңға жуық құлақшын, биялай, шұлық даярланды.
Ленинград майданы мен Нева бойындағы қаланың жауынгерлері үшін азық-түлік жинау айлығы кезінде (1942 жылғы мамыр-маусым) 20 вагон азық-түлік жөнелтілді.
1942-1943 жылдары аралығында майданға сыйлық тиелген 94 вагон жөнелтілді.
1944 жылы 10 вагон азық-түлік пен сыйлық жіберілді.
Облыстың әр кәсіпорындарында, барлық ұйымдарында майдан сұраныстарын мүлтіксіз орындау жолындағы ерлік күрес өріс алды
Ұлы Отан соғысы қарсаңында Балқаш мыс қорыту зауыты салынып болды. Соғыс кезінде өндірістік алаңдарынан Кольчугин түсті металдар прокаты зауытының жабдықтары осында орналастырылды. Молибден рудасын өндіру басталды.
Жезқазған өнеркәсібі қағаз, жарылғыш заттар, сұйық шыны, карбид өндірісін, күрделі қосалқы бөлшектер мен жабдық шығаруды игерді, руда шығару үш есе өсті.
1944 жылы желтоқсанда Самарқан поселкесінде (қазіргі Теміртау) Қазақ металлургия зауыты іске қосылып, Қазақстанда тұңғыш болат балқытылды.
Азат етілген Донбассқа 1943-44 жылдары шахта жабдықтары, техника және 17 вагон азық-түлік, 3 млн. 307 мың сом ақша жинап, жөнелтілді.
Госпитальдарда, әскерге шақыру пункттерінде, дала қостары мен шахталарда өнер көрсететін концерттік бригадалар құрылды.
Жау басып алған аймақтан көшіп келгендерді қамқорлыққа алды. Жалпы эвакуациямен 22600 адам келді.
Жаралы жауынгерлерді емдеу үшін қалада 6 әскери госпиталь ашылды.
1943 жылғы 13-шілде мен 14-тамызда Қарағандыда ақындар айтысы болып өтті, онда Доскей Әлімбаев, Шашубай Қошқарбаев, Қайып Айнабеков сынды бүкіл республикаға аттары мәшһүр халық ақындары мен композиторлары өнер көрсетті. Еңбекшілерді тылдағы ерлік еңбекке жігерлендіруде айтыстың үлкен маңызы болды.
Көшіп келген халықты орналастыру үшін Қарағандыда 272 мың м баспана (барактар) және 7300 жеке үй салынды.
Қарағандылықтардың соғыс кезіндегі ерен еңбегі лайықты бағаланды:
31 адам Ленин орденімен, 17 адам Еңбек Қызыл Ту орденімен, 116 адам “Құрмет Белгісі” орденімен, ондаған мың адам – “1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы ерлік еңбегі үшін” медалімен марапатталды.
Қарағанды көмір бассейннің тресттері Мемлекеттік Қорғаныс комитетінің ауыспалы Қызыл Туын 6 рет жеңіп алды.
Ауыл шаруашылық өнімдерін өндіруде облыс шаруашылықтары үлкен үлес қосты. Мал шаруашылығын дамытқаны, сондай-ақ жоспардан тыс астық өнімдерін қамтамасыз еткені үшін Қарағанды облысы және оның Осакаров ауданы Мемлекеттік Қорғаныс комитетінің ауыспалы Қызыл Туымен марапатталды.