Алғы сөз

Сіздердің назарларыңызға Ұлы Жеңістің 65 жылдығына арналған
"Қарағанды қаһармандары" атты виртуалды кітап көрмесін ұсынамыз!

Отан үшін от кешкен,
Денелерін оқ тескен.
Ұмытпайық бұларды
Ұрпағы үшін жан кешкен...

Адамзат тарихында дүниені дүр сілкіндірген, әлемді таң қалдырған талай оқиғалар өтті. Бірақ солардың ішінде қайғы мен қуаныш жасын қоса жұтқызған Ұлы Отан соғысындағы теңдесі жоқ жеңістің орны да, сәні де бөлек.
Ұлы Отан соғысының шежіресі мыңдаған ұлдар мен қыздардың қанымен жазылған қасиетті тарих. Бұл шежіре аласұрған фашизмнің ашкөз қорқаулығы, қандыбалақ қиянаты, адамдарының баға жетпес қажыры мен қайраты, ерлігі, елдік намысы жыр болған өшпес тарих.
Халық ерлігі өлмейді, ол жылдар өткен сайын қайта жаңғырып, адамзат зердесіне орала береді. Жаулап алушылық соғыстың арсыз мақсат-мұратының ешқандай келешегі жоқ екенін есімізге қайта-қайта салып отырады.
Азаттық жолындағы ел азаматтарының ерлік тарихы кешегіден бүгінгіге жалғасып, келер ұрпақтың санасына сіңіп жатады. Бұл ерлік адамдарды сергектікке, сақтыққа, ерлікке үндейді.
Отан шежіресінде, біздің жүрегімізде батырлар есімі мәңгі жасай береді. Ұрыс даласында қан жұтып, қыршыны қиылған боздақтар да, жеңіс жалауын жер үстінде желбіреткен жауынгерлер де, бізге бірдей қымбат.
Ерліктің ғұмыры өлшеусіз ұзақ. Ел ардақтаған ерлер есімі бізбен бірге. Олар отансүйгіштіктің, туған жерге, ата анаға деген адалдықтың шамшырағы.
Жеңіс жолында төгілген қан біздің санамызға бейбітшілік үшін күрес ниетін ұялатып, қаза болғандар өсиетін ақтауға бастайды.
"Қарағанды қаһармандары" атты кітап көрмесінің негізгі мақсаты болашақ ұрпақтың Ұлы Отан соғысы жылдары қарағандылықтардың асқан ерліктерін, қажымас еңбектерін ұмытпай, олардан үлгі алып, өз еліне, өлкесіне деген сүйіспеншілігін, махаббатын, патриоттық сезімін ояту.
Ұлы Отан соғысы кезеңіндегі жеке тұлғалар тарихын ашу. Бұны жасап отырған себебіміз, сіздер, біздің кітапхана пайдаланушыларымыз, Ұлы Отан соғысы тақырыбын түсіну үшін жазылған тарихи кітаптар арқылы ғана емес, соғысқа қатысқан жеке тұлғалар тұрғысынан ашып отырмыз.
Біз бұл виртуалды кітап көрмесінде Қарағанды топырағын басқан, Сарыарқа самалын жұтқан, Қарағандылық жауынгерлер, Ұлы Отан соғысындағы тылдағы еңбеккерлер, Кеңес Одағының Батырлары жәйлі біраз сыр шертпекпіз. Сонымен қатар, "Есімізде отты жылдар белестері" атты әдебиеттерге шолу ұсынылған.
Виртуалды кітап көрмесінде кітапхананың өлкетану бөліміндегі кітап қорындағы жинақталған Ұлы Отан соғысы жылдардағы өлке тарихының сырын ашатын кітаптар, электрондық құжаттар, журналдар көрсетілген.
Сіздерге "Қарағанды қаһармандары" атты виртуалды кітап көрмесін тамашалап көрулеріңізге тілектеспіз!