Амантай Дәулетбеков
(1917-1943)
Амантай Дәулетбеков Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданыны Түгіскен ауылының күн шығыс жағындағы "Ақкеңсе" деп аталатын жерде 1917 жылы туды. Кеңес Армиясы қатарына 1939 жылы шақырылып, әскери қызметті Шығыста бастады.
А.Дәулетбеков 1942 жылғы жазда өзінің көптеген қызметтес жолдастарымен бірге Брянск майданына жіберілді. Ол 13-ші Армияға қарасты танктерді бұзып-жоятын 1180-ші полктің артиллериялық расчет командирі болды. А.Дәулетбеков өзінің жауға қарсы алғашқы шайқасын сол 1942 жылғы жазда Орлов облысындағы байырғы орыс қаласы Ливының оңтүстігінде бастады. Фашистер ол кезде Воронеж және Сталинград бағыттырында шабуылға шыққан болатын. Ливны түбінде бүкіл жаз бойы кескілескен ұрыс жүрді. Амантай осы ұрысқа қатысушылардың бірі болды.
1943 жылдың қанқұйлы жазы еді. 6 шілдеде Орел мен Курск темір жолдары арасындағы Поныри қалашығы түбінде кескілескен ұрыс басталды. Поныри түбінде 13-ші армияның 307-ші дивизиясы полктары қорғаныста тұрды. Өлермен жаудың қарқыны бір толастамады. Қаншама танктері от құшағына оранғанымен оның орнына жаңалары келіп, өршелене алға ұмтылды. Амантайлар жау әскерінің қоршауында қалды. Осы қысыл-таяң шақта зеңбірекшілер командирі қоршауды бұзып шығуға әрекет жасайды. Амантай зеңбірек жанына 2 адамнан қалдырып, жауынгерлерді бастап танкілерге ілескен жаудың жаяу әскерлерімен қоян-қолтық ұрысқа шығады.
Осы оқиғаны толығымен сипаттаған мәлімет архивте сақталған. 1080 артиллерия полкінің командирі, подполковник Мац қол қойған осы бір құжатта Амантай басқарған расчеттің жаумен шайқастағы ерлік қимылы былайша баяндалады: "…ұрыс екі сағатқа созылды. Жау 13-ші рет шабуылға шықты, бар ойы өз жолына кедергі болып тұрған Дәулетбеков расчетін құрту болатын. Бірақ Дәулетбеков жолдас жаудың бұл ойын жүзеге асырмады. Осы уақыт ішінде жаудың "Су-7" маркалы 10 танкі, бір ротадай жаяу әскері құртылды. Жау одан бетер ызаланып, батырдың зеңбірегін таптап кетпекші болды. Небәрі 4-ақ адамы қалған зеңбірек пен оның расчетін құртуға жау 14 рет оқталды. Біздің жауынгерлердің снарядтары бітуге айналды. Танктер мен автоматшылар зеңбірекке 150 метрдей жақын келді. Жаудың дәл тиген снарядынан Дәулетбековтің зеңбірегі мүлде істен шықты. Осындай қысыл-таяң шақта Дәулетбеков табандылық танытты. Тірі қалған 4 жауынгер оның командасы бойынша орындарынан тұрып, жаудың жаяу әскеріне қарсы ұмтылды. Оқтары әбден біткен жауынгерлер қоян- қолтық ұрысқа көшті. Осы жағдайдың өзінде Амантай 4 фашисті мұрттай ұшырды. Бірақ оның өзіне оқ тиді…"
Әскери командование 1943 жылдың 9 шілдесінде жаумен арыстанша алысып ерлікпен қаза тапқан жерлесіміздің ерлігін лайықты бағалады. КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумінің 1943 жылғы 24 желтоқсанындағы Жарлығы бойынша Амантай Дәулетбековке Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.