Прокопий Прокопьевич Корниенко

Корниенко Прокопий Прокопьевич

1911 жылы қазіргі Тельман ауданы Ростов ауылында туған. Заты шаруанын баласы болғандықтан да соғыста тапқырлық әрі төзімділік танытты. Сол үшін жолдастарының құрметіне бөленді. Оның соғыстағы талай ерлігін әңгіме етуге болады.
Бір жолы бастықтары оған фашист офицерлерінің біреуін "тірідей тіл" ретінде алып келуді тапсырды.
Прокопий Прокопьевич барлаушыларды ертіп алып, неміс полкі тұрған жерге таяп келді. Сезіп қалған жау қарсы оқ атты. Осы ұрыста жау штабының адамдары түгелге жуық қырылды. Тек штаб бастығы болып істейтін полковник қана аман еді. Батыр барлаушылар штабтың бүкіл іс қағаздарын жиып алды, бөлімнің туын алып кетті. Зілмауыр полковникті Корниенко арқалап алып, өз дивизиясының штабына жеткізді.
Прокопий Прокопьевичтің тағы бір ғажап ерлігі 1943 жылғы қыркүйектің 26-нан 27-не қараған түні көрінген еді. Корниенконың барлаушылар взводы Днепрден жүзіп өтіп, полктің әскерлеріне табан тірейтін орын дайындауға тиісті болды. Корниенко екі бөренені жарыстыра байлап, жау оғының астымен Днепрді көлденең жүзіп өтті. Арғы жағада еңбектеп жьілжып, пулемет тұрған жерге жетті де, оны құртып жіберді. Соңынан жетіп үлгерген автоматшылармен тізе қосып, жаумен шайқасты. Осы жерде ол қарсы жақтың тағы бір пулемет ошағын талқандады.
Аяқ астынан соққы берген барлаушылардың көзсіз ерлігі жаудың қүтын қашырды. Бір топ автоматшының ортасында барлаушы Корниенко де алға жылжып, Днепрден іле жүзіп өткен батальон әскерлеріне тұрақ тауып берді. Осы ұрыста барлаушылар отряды немістің ротаға таяу әскерінің көзін жойды.
1943 жылғы қазанның 20-да КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен қатардағы жауынгер, Солтүстік майданның 57-ші армиясының 303-ші атқыштар дивизиясы 847-ші атқыштар полкінің барлаушысы П.П. Корниенкоға Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Ол сондай-ақ, Ленин орденімен, көптеген медальдармен марапатталды.
Бұдан кейінгі ұрыстарда Прокопий Прокопьевич Молдаван жерін азат етуге қатысты.
Соғыстан кейін ол Токаревкада аудандық атқару комитетінде, әскери комиссариатта қызмет қылды. 1972 жылғы маусымның 10-да дүниеден қайтты. Қазір Токаревка мен Ростов ауылының бір-бір көшелеріне Батыр есімі берілген.

Әдебиеттер:

Батыр жерлесіміз [Мәтін] // Орталық Қазақстан. - 2006. - 18 мамыр. - 7 б.

Кері қайту