Мартбек Мамыраев
(1908-1989)

Мартбек Мамыраев Қарқаралы ауданының қазіргі М.Мамыраев ауылында 1908 жылы туған. Табиғаттың бұла перзенті жасынан еңбекқор да алғыр болып өсті.
1921 жылы жас Мартбек Қарағанды кенішіне келді. Кейінде жер астында көмір шапты. Арнайы оқу бітіріп электрмонтері болды, учаске механигіне дейін өсті. 1936 жылы шахта кәсіподақ комитетіне, кейінде №3-бис шахтасының партия ұйымына жетекшілік етті.
Отанға қауіп төнген шақта ол соғысқа аттанды. 1942 жылдың мамыр айынан бастап майданға кірді. Қазақ жігітінің алғашқы от кешіп, сынға түскен жері Сталинград түбіндегі шайқастар еді. Сол жерде жараланып, 1943 жылдың қыркүйігіне дейін емделді. Қайтадан қатарға қосылып, 12-гвардиялық атқыштар дивизиясы сапында Димитров қаласын азат ету шайқасына қатысты. Мартбектің атқыштар ротасы әрқашан алдыңғы шептен көрінді. Бірде қалың оқтан жараланған рота командирі қансырап жатып, басшылықты Мартбекке тапсырды. Осы ұрыста көрсеткен ерлігі үшін М.Мамыраев Қызыл Ту орденімен марапатталды.
Беті қайтқан жауды түре қуған Мартбектер Батысқа бет алды. 1943 жылғы күзде олар Днепрді бетке алып, ұлы өзеннен өтуге тиіс болды. Немістер төсеген шағын көпірдің көмегімен Мамыраевтардың расчеті қарсы жағаға ілікті. Сол жерде үш түн бойы атысқан жауынгерлер берілмеді. Ұрыс кезінде жараланған Мартбек қатардан қалған жоқ. Ержүрек жігіттер бірінен соң бірі жараланды, көбі қаза да болды. Бірақ қару күшін іскер пайдаланған Мамыраев кеңес әскерлерінің өзеннен жүзіп өтуіне жағдай жасады. Осылайша үлкен операция сәтімен аяқталды.
Днепрден ұрыспен өту кезінде көрсеткен жанқиярлық ерлігі үшін гвардия аға сержанты, 61-ші Армияның 12-ші гвардия атқыштар дивизиясының 32-ші гвардиялық аткыштар полкінің пулемет расчетінің командирі М.Мамыраевқа КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен 1944 жылғы ақпанның 15 жұлдызында Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Ол Ленин орденімен, I дәрежелі Отан соғысы орденімен, медальдармен марапатталған.
Соғыстан кейін Мартбек Мамыраев Киров атындағы шахта партия ұйымын басқарды. Ленин аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болды, кеншілер астанасы атқару комитетінің орынбасарлығына сайланды. Соңғы кезде ол химия-метеллургия институтында еңбек етті.
Мартбек ағамыздың бейбіт өмірдегі еңбегі де лайықты бағаланып, оған Құрмет белгісі ордені, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Грамотасы берілді.
Мартбек Мамыраев 1989 жылдың қараша айының 22 жұлдызында дүниеден өтті.