Петр Иосифович Теряев
(1922-1945)
Петр Иосифович Теряев 1922 жылы Қарқаралыда туды. 1940 жылдың желтоқсанында Армия қатарына шақырылып, Орынбор әскери ұшқыштар училищесіне қабыланды. Петр 1943 жылдан бастап соғысқа қатысты. Ержүрек ұшқыш Донбасты, Қырымды, Севастопольді, Белоруссияны, Балтық бойын азат ету соғыстарына қатысып, сан рет ерлік көрсетті. Ол тек Донбасс пен Қырым аспанында ғана жаудың тоғыз самолетін атып түсірді. Әуеден шабуылдап 14 танк, 19 зеңбірек, 23 бронетранспортертер, 43 автомашина, басқа да толып жатқан жау қауын қатардан шығарды. Ол 154 рет жауынгерлік тапсырмамен аспанға көтеріліп, дұшпанға соққы берді.
Майдандағы алғашқы екі жылдың өзінде ол төрт мәрте жауынгерлік Қызыл Ту, Александр Невский, I дәрежелі Отан соғысы ордендерімен марапатталды.
1945 жылғы ақпанның 15-де Кенигсбергке жойқын шабуыл басталады. Жиырма үш жастар командир, гвардия майоры Петр Теряевтің эскадрильясына ерекше тапсырма жүктелді. Осы жолы гитлершілер атқан оқ қаңғып келіп Петр Теряевтің самолетіне тиді. Ол өзінің даңқты әріптесі Николай Гастелло және жерлесі Нұркен Әбдіровтің ерлігін қайталап, фашист танктері иіріліп тұрған алаңға қарай жанған самолетін бұрып әкелді. Сөйтіп, қаза болса да өшпес даңққа бөленді.
КСРО Жоғары Кеңесі Төралқасы 1945 жылғы сәуірдің 19-да III Белорус майданы 1-әуе Армиясы, 1-гвардиялық әуе шабуылы дивизиясының 76–шабуыл полкіне қарасты звено командирі, гвардия майоры Петр Иосифович Теряевке қаза болғаннан кейін Кеңес Одағының Батыры атағын беру туралы Жарлық шығарды.
Батыр жерлесіміздің мүрдесі қазіргі Калининград қаласы ірегесінде «Жеңіс» деп аталатын ескерткіш кешенінде жерленген. 2-ші гвардиялық армияның 1200 солдаты мен офицері жерленген бұл бауырластар зиратының тақтасында Петр Теряевтің де есімі бар.
Герман жауынгерлерінің ұясы Кенигсбергті алуда көрсеткен жанқиярлық ерлігі үшін Петр Теряев тарихта мәңгі қалды. Оның есімі туған Қарқаралысының бір көшесіне берілген. Семей облысындағы Жарма ауылында Петрге мүсін тұрғызылған. Ол мұнда бозбала шағын өткізген еді. Литвадағы №97 мектепте қазақстандық Петр Иосифович Теряевтің мұражайы бар. Семейдегі автомеханика техникумы үйіне Батырдың есімі жазылған ескерткіш тақта қойылған.