Әлиева Н.
Баекенов Ж.
Балабаева А.
Бекжанов А.
Кеңесбеков Е.
Медеубаев К.
Мирзахметов А.

 

Басты бет
Ақпарат
Халық ақындары
Аңыздар
Ақындар
Жазушылар
"Жыр жауһар" клубы
Байланыс

Алиева Назерке Сакенқызы

Қыс суреті

Ақ киімді, денелі, ақ сақалды,
Соқыр, мылқау, танымас тірі жанды.
Үсті-басы ақ қырау, түсі суық
Басқан жері сықырлап келіп қалды,

- деп Абай атамыз айтқандай, қылышын сүйретіп қыс та келді. Алғашқы қар еркелей жапалақтап жауып, айналаны ақ мамыққа жұрттың көбі далада жүр. Ал, мектептің маңы тіптен қызық. Балалар бірін-бір қуысып, қар атысып, мәз-мәйрам. Айналаңа қарасаң, барша дүние ақ көрпеге көміліп жатқандай. Қар басқан қыбырсыз даланы тек суыққа тоңған торғайлар ғана тіршілікке шақырады. Мұржадан шыққан түтін көзге жылы ұшырып, көңіліңді ашады. Ал қыстың саф ауасына не жетсін! Үйлердің терезелеріне үңілсең, қырау салған суреттер қыстың небір ою-нақыштарын бейнелейді. Кенет мектептен қайтқан балалардың шуы мүлгіп тұрған даланы селт еткізеді. Олар да тыныш жүрмей Табиғат-Ананың сәндеп қойған қарын бір-біріне атып, сырғанап қызыққа батуда.
Күн батты. Үйлердің терезелерінен түскен шам жарығы қарға түсіп жалт-жұлт етеді.

Көктем келді күлімдеп

Міне, қаһарлықыспен ұзақ күресіп, ақырында  жеңіскңе жеткен шуақты көктем де келді. Күн арайланып шуағын төккен сайын жер де түксиген қабағын еріне жібітіп жатыр. Жыл құстары алыс жатқан шаршап келсе де, өз туған жеріне мақтанғандай. Әсем дауыстарымен шықылықтап көктемнің сәнін келтіруде. Жібіген қар арық-жылғалардан ағып, жолындағы күзден қалған жапырақ, қоқыстарды өзімен бірге алып бара жатыр.
Үлкен сайға жиналған қар суы бейне бір айдын көл секілді. Оның маңына құстар балапан басып, мекен  етуге дайындалуда. Адамдар да үлкен әбігерде. Төлдеген малдарды әлпештеп, төлдерін күндіз күннің шуағына шығарып, енелерімен бірге қуануда.
Көктемнің тағы бір көркі, қуанышы – бәйшешек. Бәйшешек сұп-суық, қатты қарды нәзік болса да бұза-жара өсіп шығады.  Ал ағаштар бүршік жарып, қылтиған жапырақтардың төбесі көрінуде.
Көктем өзінің мерекелерінің көптігімен де көзге түседі. Көктемнің осы ерекшеліктерінен-ақ оны сүймейтін адам кемде-кем шығар.

 

Кері қайту


Баекенов Жанат Рүстемұлы

"Болмасаң да ұқсап бақ…"
Абай қарасөздері білгіштер байқауына ұсынылған шығармашылық жұмыс

Біздің мына тірлігімізге қарай-қарай қарным ашып, бірішек болғаны қашан ...Сол баяғы жұмыстан келеміз - жауды жеңгендей; "жын суды" тартып,әйелімізді бала-шағамен қоса ұрып қол жұмсаймыз;айқайлаймыз кеңірдегіміз жұлынғанша,олсыз болмайды,әрине;ертеңінде өліп бара жатсақта істеген ісімізді мойындамаймыз; не керек бұл жағынан "кереметпіз".Қай жерде жүрсекте "жын суды" ішпей,іс тыңбайды. Кез-келген қуыс-бұрышқа отыра қала сол судан жанталаса тартамыз; ол су қай жерде бар,сол жерде бізге мереке.Осы біз кейде тым алысқа кетіп қаламыз; жын ойнаған ақ иттің ішімізге кіргені соншалық,не алдында әкең,анаң тұр демейді, керісінше онан бетер құтырынып,әкіреңдеп сала беретініміз бар-ау...Біз әкемізді де, анамызды да, жұбайымызды да, баламызды да сатып болдық, енді өзімізді-өзіміз бөлшектеп сату ғана қалды ...Осы бізге не жетпейді ...

***

Осы өз-өзімізді алдағанды қашан қоямыз? ...Келеді неше түрлі саны бар, сапасы жоқ шетелдің әншілері;соларды өмірі көрмегендей мәз боламыз, олардың әрбір түшкіріп-жөтелгеніне тағы да мәз боламыз ...Құдағидай қарсы алып бар ақшаны, бар дүниені солардың аяқ астарына шашамыз кеп-ау; ал өзіміздің қарагөз әншілерімізге ол түгіл өз жеріміздегі сахнадан орын беруге қашқақтаймыз; жалға беретін болсақта, оның бағасын әкеміздің құны қалғандай қымбаттатып қоятынымыз тағы бар. Біздің әншілердің түшкіріп-жөтелгені былай тұрсын, суық тиіп ауырып жатса да міз бақпаймыз ғой ...

***

Бізде ұлттық рух бар ма, жоқ па? Бар болса неге Абай, Ахметі бар дүйім елдің тілі мүсәпір күй кешіп, көрінгеннің қас-қабағына қарап жалтаңдайды; арамыздағы қазақтардан шала қазақ көбейгені былай тұрсын, мәңгүрттер қаптағанын қайтесің ... Жоқ болса неменеге кеудемізді керіп, "бізде рух бар" деген бос сөздерді қашан қоямыз осы ...

***

Біреу – қай салада болсын өз мандай еңбегімен, істеген ісімен үлкен жетістікке жетіп, абыройы асқақтап, зор құрметке бөленіп, өз айналасындағы туған бауырларын бір қуантып, көңілдеріне қуаныш сыйлаған адамның бақытқа кенелген сол бір сәтті кезенің бұзатынымыз-ай ... Түк білмегендей аяғынан ақырындап тартамыз, артынан сөз ерітеміз, жала жабамыз, жәбірлейміз, қысым көрсетеміз; жылдар бойы істеген ісін бір күнде жоқ қыламыз ...Осыдан амалы құрған қарапайым жандар бәрінен қол үзіп, бұрыңғы тірлігіне қайта оралуды мәжбүр көреді ... Осы біз көреалмаушылықты, бір-бірімізге ор қазғанды қашан қоямыз ...

***

Жұрт әдейі істейді ме, әлде бір нәрсені көздейді ме? Түсінбедім? Егер адам баласы бос уақытында кітап оқып, өзіне керек өмірлік білім алып, ізденіп, рухани жетіліп жатса – біз оны неге аңдайсың, мындайсың деп, кітап оқи бересің деп,біздің "ақылды" адамымыз келе жатыр деп бір емес бірнеше рет кекелетеміз; жаңалық ашқандай сыртынан сөз айтып, соны бір қызық көреміз ...Шаруамыз қанша осы біреуде: өзінмен-өзін тірлігінді жасап, істейтін ісінді істеп жүре бер, өзгені қайтеміз босқа әурелеп, бір керемет ақыл айтатын адам құсап ...

***

Егер сенің жүрегіннің төрінде – дінің, ана тілің, бала кезде кіндік қанының иісі сіңген туған жерін болатын болса; егер сен оны қастерлеп, аялай білетін болсаң, онда сенен асқан бақытты адам жоқ ...

***

...Ұлы сезімді бұл дүниеде – қастерлейтіндер бар, жандандыратындар бар, әлпештейтіндер бар,бағалайтындар бар, қорғайтындар бар...
Ұлы сезімді бұл дүниеде – қорлайтындар бар, жек көретіндер бар, тұңшықтыратындар бар, алдайтындар бар, құртатындар бар...

***

Үйдегі ата-анаңды, бауырларынды, іні-қарындастарынды ілтипатпен сүю; өз елінді, жерінді, күллі әлемді, ғаламды сүюмен бірдей.Ал, осындай сүюді; бұл – Алланың адамзат баласына берген үлкен сыйы ...

***

Өмірде білмегеніңді біліп, білгенінді өмірмен ұштастыра білу, біреуді бір нәрсеге уйрету, дағдылау, оған ақыл, кеңес беру; сол бағытта үлкен қамқорлық, қолдау жасай білу – бұл адам бойындағы кездесе бермес ұлы қасиет ...

***

Қашанда, қай жерде жүрсеңде - өз ұстанымын, өз өмірлік принципін, өз жүрер бағытын, өз көзқарасын болуы қажет... Ондай жағдай болмағанда сен – біреуге тәуелдісің; соның айтқанымен, соның істеген ісімен жүресің...

***

Жақсы адамдар – жақсылығын қолынан келгенше жан аямай істейді; жаман адамдар – қолынан кеп тұрса да соны істеуге ерінеді...

***

Шаңырағында ағалары бар інілер бақытты шығар. Әкеден алып жатқан тәлім-тәрбиені үлкен ағалары көбіне бойларына тез сіңіріп, кіші інілеріне үйретіп, ақыл айтып жатады ғой.Әке жоқ кезде ағалары - әкесінің міндетін атқармайма...Бір үйде бірнеше әке жанды кісілер болған қандай жақсы...

***

Егер бір істі қолға алып, соның жемісін көргің келсе; онда ерінбей – сол істі түбіне дейін тыңдыр, сонда сен – жемістің нағыз дәмін көресің...

***

Өмірде жақсы достарын, жақсы таныстарын көп болса; сенің өмірлік сүйенер тіреушілерінде, қолдаушыларында, көмекшілерінде, бағалаушыларында – солар болмақ...

***

Туған елін, жерін, халқын – шынайы жан-тәнімен сүйе білетін тұлға ғана патриот саналмақ; ал құр бос сөзбен делбеңдеп жүріп сүю, бұл – сорақылықтың  асқан сорақысы...

***

Кезінде әке - аталарымыз салған жер - үй айналасындағы бар шаруашылық құрылыстарды жайдан-жай бұзуға, құртуға біздің еш хақымыз жоқ; өйткені қабырғаларында әлі күнге дейін сол кісілердің тепшіген бой терлері мен қолдарының өшпес іздері жатыр...

***

Менің бала кезден қолдарына алып, мәпелеп, аналық құшағын жая қарсы алған барша апа-әжелерімнің мейірімін, жақсылықтарын ұмытпаспын, ұмытпаймын да... Мен оларға мәңгі қарыздармын...

***

Сен қанша жерден білімдімін, ақылдымын дей тұрғанмен жүрегіндегі рухани таза білімін, ақылын жұтандау болса, онда сен білімді де емессің, ақылды да емессің...

***

Адам бірде сенімді ақтап жатады, бірде ақтамай жатады; ақтағанда оны көкке көтеріп, ұлықтаймыз; ақтамай қалғанда оны көктен түсіріп қайтадан бұрынғы жеріне лақтыра саламыз... Адам баласы өзіне артылған сенімді мәңгі бақи ақтай беру мүмкін емес... Осыны ойлайтын адам бар ма?...

Кері қайту


Балабаева Айнагүл Таупыққызы

Арнадым

Махаббаттың  нұрлы әнін,
Ғашықтардың  сырларын,
Арнадым  ақ  сезімге
Пәк жүректің жырларын .

Махаббат

Махаббат сезімнің жылылығы,
Өмірдің таусылмайтын сұлулығы.
Ғашық жандар аялаған
Қиялдың армандағы тұнық үні .

Алғашқы ғашық жаным,
Жүректе мәңгі қалдың.
Махаббат айдынына
Сезіммен өрнек салдың.

Сүйемін неге?

Сүйемін сені, сүйемін неге?
Сағынып сені, күтемін неге?
Білемін бәрін сезеді жүрек
Өмірдің жолы, болмайды бірге.

Жылап жатыр жүрегің
Шын сүйесің білемін.
Бар жазығым алдыңда
Сүйе алмаймын дегенім.

Жазғаны осы

Қарадым күнге,
Айға да түнде.
Жұлдыз боп жандың ,
Жаным сен сөнбе.

Қиналды жүрек,
Айтарсың кімге?
Тағдырдың осы,
Жазғаны бізге.

Сақта мәңгі жадында

Сақта мәңгі жадында,
Қамалы махаббат алынба.
Кетсе де алыстап сол күндер
Айналмас мүлдем сағымға.

Сезімнің кілті қолыңда,
Махаббат жатыр жолыңда.
Өзіңді сүйген екенмін,
Ғашықтық жүрек жалында.

Қайтерсің тоқтаусыз ағымға,
Таңбадай жазылған тағдырға.
Кездеспей келеді бүгінде
Күнменен анау  айыңда.

Өмір деген

Өмір деген – ағымы ғой тағдырдың,
Не себепті сен өзіңді жазғырдың?
Жалғыз ғана күтуменен сол жанды
Батқан түн мен талай таңды атырдың

 

Ғашықпын

Ғашықпын сенің көзіңе,
"Сүйемін" деген сөзіңе.
Тағдырға бір ризамын,
Жолықтырған өзіңе.

Махаббат таусылмайтын,
Мөлдір тұнық теңіз бе?
Жүрегім жыр жазатын
Бір өзіңмен егіз бе.

Кешір

Кешірші жүрек жылуын,
Қаламап едің сууын.
Күтпеген еді-ау толқын да,
Кенеттен желдің соғуын.

Соққанда жел жайықтан,
Жасайды толқын таңдауын.
Соққанда сезім ғайыптан,
Жасайды жүрек қалауын.

Ғашық жүрек

Тағдырыма сенемін,
Жазуына көнермін.
Ғашық жүрек жырлаумен,
Аңсап сені келемін.

Сырға толы жүрегім,
Мен өзіңді сүйемін.
Тербеп жанды тулайсың,
Толғауындай күйлердің.

Өтті түстей күндерім,
Жаным күйді бір менің.
Сезім тулап барады,
Қайдасың деп сүйгенім.

Сүйгенімнің есімі

М-Махаббат бесігі,
Болашақтың есігі.
Ай нұрына айналған,
М-Сүйгенімнің есімі.

Тербейді күйге малып,
Махаббаттың кйесі.
Алфаббиттағы алты әріп,
Жүрегімнің иесі. 

Егемен елге шашу

Қазақстан-егемен елім менің,
Кең байлығы сарқылмас жерім менің.
Жүрегіммен айтамын "құтты болсын",
Мемлекет Тәуелсіз-делінгенің.

Қазақстан-егемен елім менің,
Көз алдыма көркейді жерің сенің.
Ұзақ болсын қазағым қуанышың,
Біз жастармыз артыңда жұбанышың.

 

 

Тәуелсіздік елімнің қара жолы,
Сағындырып оралған дара жолы.
Әйтеке би, Төле мен Қазыбектің,
Салып өткен сарқылмас сара жолы.

Тіл тағдыры

Тұр ғой байлық қолыңда,
Шебер тілді қазағым.
Жаңғырған мәңгі жадында,
Шешен тілді қазағым.

Ел тағдыры тіліңнің,
Сөйлей білсең ұшында.
Сол тіліңді бабамыз,
Сақтаған өз тұсында.

Өз тілін өзі ұмытып,
Өзге тілде сөйлеген.
Басқа тілді білем деп,
Тіл алауын сөндірген.

Тілін алаш әспеттеп,
Аялар ұрпақ мәңгілік.
"Қалдырған баба тілім"-деп,
Айтпасқа неге ән қылып.

Бабалар жолы

Қалың қайнар самғарым-ай!
Өмірдің тым-ақ жалғаның-ай!
Азаппен өткен күндердің,
Бәрі де бекер болғаным-ай.

Батыр болған бабалар-ай,
Ұлан-байтақ кең даламдай.
Жасындаған-ұлы күннен,
Мен жас өрен бір тамшыдай!

***

Ақындар жазған өлеңде
Жаратылған пенде бар,
Бұл өмірде
Аспандап ұшқан қыран бар,
Асқақтаған көгінде.
Қанат қаққан аққу бар,
Айдын шалқар көлімде.
Айтылмаған сырлар бар,
Тұңғиық бір тереңде.
Арман, қиял, ойлар бар,
Ұйықтамаған түндерде.
Ғашықтықта махаббат бар,
Табынған бір сезімге.
Мұның бәрі тоғысқан бір арна бар,
Ақындар жазған өлеңде.

 

 

 

 

 

Кері қайту


Бекжанов Айбек
"Нұқсан мен құстар" немесе Тұрсынбай мен Таранино

Кино әлемінде ең танымал да дарынды тұлғалардың бірі Квентин Таранино. Біреулер оны пір тұтып, туындыларын адамзат мәдениетінің баға жетпес қазынасы деп біледі. Басқалары мойындамақ түгел атын естісе шошиды. Бірақ қайткенде де оның картиналарымен таныс пенденің мүлдем әсерсіз қалуын елестету мүмкін емес.
Квентинтің кереметтігі де сол, ол жай ғана қатардағы режисер, кино түсіретін біреу емес, ол – феномен, гений, бұрын соңды болмаған һәм қайталанбайтын құбылыс.
Әрине Джеки Чанның арзанқол төбелесті комедиялары мен Оңтүтік Амерекандың бырқырақ сериялдардың шырмауынан шығалмай жүрген пенде баласына Квентиннің ұшқыр қиялын ұғыну қиын.
Біздің елде кино мәдениеті кенжелеп қалған мен өнердің сан алуан өзге де салаларында өздерін тауып жүрген Квентиндеріміз кездеседі. Мысалға дәл Квентиндей атақты болмаса да, қазақ әдебиетіне бұрын соңды кездеспеген құбылыс ретінде өзінің ойымен де стилімен де ерекшеленіп тұрған кейінгі жазушыларымыздың арасынан қаламгер Тұрсынбай Жандәулетті айтуға болады. Тұрысынбай Жандәулет - әдебиеттегі Тарантино, деген қаншалықты қиялилау естілсе де солай.
Оның "Нұқсан мен құстар" деген кітабын оқып отырған кезде, мен Тарантиноның киносын көргендей әсерде болдым. Бір ғажабы шығармаларында мылжың классиктердің ешкімге керегі жоқ отыз – қырық бетке созылып, кісіні жалықтыратын езбе суреттеулер жоқ. Шеберлігіде сонда, аз сөзбен әдемілеп әсерлеп жеткізеді. Әңгімелеріндегі оқиғалар да күрделі, жанды баурап аларлықтай болмағанымен, үлкен философиялық ойларға жетелейді. Әсіресе әңгімелерінде пәлсафалық түйіндеулерді үйлесімді қолданады. Тарантино кино арасында үзіп жіберіп, экранға жазу шығаратын әдісті пайдаланады, Тұрсынбайдың да көркем шығарманың ішіне енгізетін ой қортулары сол масштабтағы дүние іспетті.
Өкініштісі де көркем шығармадан оқиға қуатын адамдарға түсініксіздеу, олар түпкілікті идеяға жете алмай жатады. Класикалық әдебиеттің догмаларын құрандай көретін білгіштерге де "Нұқсан мен құстар" ешқандай құндылық болып табылмауы мүмкін. Шын мәнісінде ол кітаптың құндылығы өте жоғары. Автор бұл еңбегінде бұрын соңды айтылып жазылған, зұлымдық пен ізгілік, ақыл мен ақымақтық, махабат пен жалғыздық, тағдыр, құдай жайында бұрын соңды болмаған жаңа бір көз қараспен тақалады.
"Әдебиет заманның психалогиясы" деген тұжырымдамаға салсақ та, қаламгердің адамның жан дүниесін ашып ақтара суреттеудегі ерекшеліктерін бірден байқауға болады. Кейіпкерлерінің ой әрекеттері арқылы бейнелентін психалогиялық портреттер  оқырманды бей – жай қалдырмайды. Олардың сезімдері, мінездері, имоциялар тетіктеліп баяндалған. "Нұқсан мен құстардың" филасофиялық құндылығы қандай жоғары болса, көркемдік жағыда жүдеу жадау емес нәрлі де сіңімді. Кітап бойы бас кейіпкер ақын Нұқсанның поэзиясы әңгіменің арасынан жылап тұрғандай.
"Әдебиетке өзіндік қол таңбасы бар адамдар ғана еніп, беки алады" деген қағиданы ұстансақ, онда қазақ әдебиетіне тың мазмұн ғана емес сонымен қатар тың стиль мен жаңа серпіліс әкелген, прозада ертелі – кеш кездеспеген құбылыс ретінде көрінетін Тұрсынбай Жандәулет өзінің "Нұқсан мен құстарының" арқасында-ақ қазақ әдебиетінің қақ төрінде қасқайып отыруына қақы бар дегенді мойындауымыз тиіс.
Ойымды, Тұрысынбай Жандәулет - әдебиеттегі Тарантино, "Нұқсан мен құстар" жанрдағы баға жетпес шедевр деген нотада қортындылағым келеді.

Кері қайту


Ерқанат Кеңесбеков

Қазақ тарихында ұялатын ештеңе жоқ!
Қазақ радиосынан

Арланды естідім ұлыған,
Тұмсығын қаратып нұр айға.
Бұл күнде бөрі де бұзылған,
Мұң зарын жеткізер Ұмайға!

Не керек жүрегің құр налып,
Ел үшін, жер үшін еңіреу.
Онсыз да "наз" айтып жүр халық,
Құдайдың құлағы – меңіреу!

Шығайбай досынан аяған
Пейілін тығуға оқталды.
Кең пейіл шер далам баябан,
Әп-сәтте ұлтарақ боп қалды.

Қуатым бойымды кернеген
Жүректе жазылмас жара бар.
Қолымды жайғанмен көрге мен
Базынам жетер ме бабалар!

Көлеңке тасалап қалды арың
Надандық жұдырық түйіпті.
Түленді алдаған Алдарың
Нарықтың шидемін киіпті.

Ұрпағын бағуға ерініп
Заманға сілтей сап наласын.
Қос ғашық Кебек пен Еңлік
Шетелге сыйлапты баласын!..

Жібекке телміріп Қыз Жібек
Бақырға көздерін сатыпты.
Адамның қалтасын сүзгілеп
Ақшадан тауып жүр бақытты.

***

Бәдіктің күлкісі бағалы
Ел жайын ойлаған қай кісі?
Қорқыттың мұңлы ғой жанары
Қобызда Асанның қайғысы.

Бір өзі бар елді қыратын,
Мерезді қабағы қас көрген
Жетелей алмаған мұратын
Ер Төстік қашып жүр әскерден.

Аспаным ұлудан жаңғырса,
Бар шығар оның да себебі.
Дүрегей арланнан артылса
Иттер де біреуге сенеді.

Төрттаған

Бүрсеңдетіп ырқымды желкелеген,
Тыншымды ала береді баяғы мұң!
Бұл әлемді бір теуіп төңкерер ем,
Құдіреті жетпейді аяғымның!!!

АЛХОРЫ ҚЫЗ

Сен бүгін түсіме еніп мына менің,
Еркелеп кеп халімді сұрап едің.
Үш бағыма жеткендей қуаныппын,
Болмысыңды көргенде бұла керім.

Неге екені белгісіз...
Жылап тағы
Жанардағы күйіңнің ұнапты әні.
Ал соңында ғайып боп кетіпсің сен
Алхорыға айналып жұмақтағы.

Сұлулықтан түңілгем баяғыда
Қарсыласып көріп ем, аяды ма?!
Шырмап алып, шідерлеп бұғауына
Қайта жықты басымды аяғына.

Неге сонша жанымды азаптадың!
Тек түсіме енеді ғажап таңым.
Құшағыма құндақтап өтер едім...
...Сүйгеніне жетуші ед қазақта кім?!

Сынағына алғанда өмір мені
Тыным таппай сезімім көз ілмеді.
Іщің түгіл түсіңді бермейтұғын
Ділің неткен, әйбәтім, төзімді еді.


Сәбисің бе, періштем, баласың ба?
Табиғатпен бөленген жарасымға.
Көз жасыма гүлдеген алхоры қыз
Нөсер ұлды ұмытып барасың ба?!

Ыза кекке булыққан кезде есер қыз
Бірімізді біріміз ез десерміз.
Алхоры гүл түсіме жиі еніп тұр
Гүлбағында жұмақтың кездесерміз.

***

Сұрама хал-жайымды. Керегі не?!
"Саулығыңның" жаныма берері не?!
Халімді білгің келсе сұрағайсың
Көз тастап өлеңіме.

Қарама жүдедің деп түр-өңіме.
Ақындар жүдеп өмір сүреді ме.
Сырымды білгің келсе үңілерсің,
Сәл ғана жүрегіме.

Өзіме кештім бәрін оқ атқанның
АҚЫНДАР-БАУЫР ЕТІ ЖАРАТҚАННЫҢ!
"Достарың көп шығар-ау"- дейсіңдер ме
Оларды жоғалтқанмын!

Мұң сыйлап, тағдыр маған, шер тұндыртты.
Қырсықпын, ақ көңілмін еркім мықты.
Қоғамның шылауына байлансам да,
МЕН СҮЙЕМ ЕРКІНДІКТІ!!!

АҚЫНДАР РУХЫНА БАҒЫШТАУ

Түн көлеңкесінің ұйыған кезі.
Үстел үстінде қағаз, қалам, жанып тұрған шам...

Жанымда шырақ, сәулесін сыйлап жарық қылатын.
Жадымда  сұрақ әуресі қинап қамықтыратын.
Қараңғы төрді бөлеген нұрға шамшырақ көзі
Кеудемді жырға, шабытты шыңға қарық қылатын.

Шалқысын сезім! Тасысын сия! Толғасын қалам!
Кірбің көңілім жабырқамасын болмасын алаң.
Өшпесін шырақ қуатты сыйлап асыл жандарға,
Қылса екен тағдыр ақын халықтың ордасын аман!!!

18.02.2003 жыл.

"Отан от басынан басталады"
Б.Момышұлы
"Ел боламын десең, бесігіңді түзе"
М.Әуезов

О, Отан, атамекен, асқаралым,
Айбарым, асыл ұран, асқақ әнім.
Өмірлік қағидасы еткен бабам,
Отанның отбасынан басталарын.

О, Отан, туған елім, туған жерім,
Ес біліп, асыл арман қуған жерім.
Жауына сынық сүйем жер басқызбай,
Ел үшін батырларым бұған белін.

Есіме қиналғанда түсетұғын,
Отаным, атың - айбын, күш - есімің,
Өзіңді құрайтұғын жанұядай –
Мен шағын мемлекеттің мүшесімін!

Әкем бар сөз бастайтын адамдықтан,
Үлгі алсын деп өсірген адалдықтан.
Тәрбие, білім, өнер қару деген,
Қашанда кек алатын надандықтан.

Әке көрген оқ жануды етеді арман,
Кезі жоқ әкелердің қате болған.
Қазыбек,Төле, Әйтеке бабаларым,
Тұтастай бір халықка әке болған.

Дана хан Абылайдай ел бастаған,
Қабанбай, Бөгенбайлар қол бастаған.
Әкелік сыншылдықпен парасатпен
Отанын аман сақтап қорғап қалған.

Әкелер сүй деп өткен Отанды аса,
Кім оңар Отанынан от алмаса.
Абай, Абай болар ма бұл қазаққа,
Аруақты Қүнекеңнен бата алмаса.

Анам бар үндейтұғын ізгілікті,
Ардақты мейірімді, ізгі үмітті.
Әдетте аналар ғой аңсайтұғын,
Болса деп ұл намысты, қыз қылықты.

Өсірер Отан-ана жетелі ұл,
Ерліксіз егескен жау етеді құл.
Қомағай Кирдің басын қанға тыққан,
Тұмардай патшайымның мекені бұл.

Анадай батырлықты бағалар кім?
Оларды ұлылыққа балағанмын.
Есімін ұран етіп жауға шапқан,
Домалақ, Қарқабаттай аналардың.

Анасы мәз мінсе егер баласы атқа,
Ұлы Абай қолын созған парасатқа.
Сіңіріп Ұлжан, Зере ұлағатын,
Аттанған балашақтан болашаққа.

Ағам бар бастайтұғын ірілікке,
Жатқанмен жығылып та, сүрініп те.
Күш алып ағалардың жігерінен
Ұмтылам адастырмас мың үмітке.

Төгілер Отан десе саз жүректен,
Емеспіз бұл ұғымды аз жыр еткен.
Осы ұғым Баян сынды хас батырға,
Ноянды өлтіруге мәжбүр еткен.

Ағаны іні самғар қанаты ұққан
Отанын сол арқылы дара тұтқан.
Жалынды жаужүрек ер Махамбет те,
Ардақтап Исатайды аға тұтқан.

Ініге бас боп талай ұлдар өткен,
Танбаған інілер де сырлы әдептен.
Қасымдай ағасынан қуат алып,
Отанын Мұқағали жырлап өткен.

Бар менің сылқым сұлу жеңгелерім,
Келінін ардақ тұтып келген елім.
Керемет тәрбиені отбасында
Мен осы жеңгелерден көрген едім.

Жеңгелер біздің салтта ардақты еді,
Ананың ізгі жолын жалғап келді.
Жастарға теңін тапсын деп тілейтін,
"Жеңгелер институты" болмап па еді.

Жастарым сол жарасым сәнді білсе,
Бабалар жүріп өткен жолға үңілсе.
Салтымның ғажаптығы біздің елде
Болмаған жесір жетім. Ал бүгін ше?

Бар менің аяулы бір қарындасым,
Тағдыры етсе екен бағын басым.
Мен алдым үлкендерден өнегені,
Ол менің өнегемді қабылдасын.

Білеміз қарындастың біз бағасын,
Түсірген ізгілікке ізгі анашым.
Үлгілі жолға салып біздің қазақ,
Үкідей үлбіреткен қыз баласын.

Көңілі дүйім елдің хош болады,
Қызының ашық болса қас-қабағы.
Отанды шын қастерлеу - қарындасты
Мәпелеп, аялаудан басталады.

Әкеден ел қорғайтын ерлікті алам,
Анадан ізгілік пен кеңдікті алам.
Ағадан асқақ жігер, намысты алып,
Барымды Отаныма беріп бағам.

Жеңгелер мейірімін саялаймын,
Қамқор боп қарындасты аялаймын.
Жасымнан жарқын өнер, білім жиып,
Отаннан бар күшімді аямаймын.

Отан деп асау жүрек туламай ма?
Табынам Махамбет пен Ұлы Абайға.
Тарихсыз ел - тамырсыз бәйтерек қой,
Ал тамырсыз бәйтерек қурамай ма?




Кері қайту


Қуаныш Абдоллаұлы Медеубаев

Безгелдек би

Зікір салып шаршаған шаман құсап,
Ақылынан адасқан адам құсап,
Дискобарда билейді жастар бүгін,
Таптап, аяқ астына санамды сап!

Қамажайдың қимылы ширақ бүгін,
Селкілдейді халыққа сыйлап жынын.
Шара апамның жасаған би үлгісін,
Дірілдетіп жамбасын қиратты кім?!

Өрімдей қыз өнері желкілдеген,
Арбалғанын айтшы сен, еркің немен?!
Хас өнердің шыңы ма, қалқам сенің,
Қос анарың жындана селкілдеген!

Бұтын ұстап билеген өлерменді,
Сахнаға шығарған өнер – кем-ді!
Биің құрсын, қалқажан, елпілдеген
кіндігіңмен арбаған көрерменді!

P.S. Мейлі, қалқам, сен мені "езген" деп түй!
(Елдің шерін осы күн сезген тек күй!)
... Боз даламның бақыты бола алмайды,
Бойыңды ботқа қылған безгелдек би !

Арқаның алтын тәжі – Қарқаралы

Арқаның алтын тәжі – Қарқаралы,
Арайлы асқақ өлке Арқадағы.
Өзен-көлі өлкенің сәні болып,
Жаныңа жұпар себер аршалары.

Сай-салаң көкпек-көде,бетегелі,
Жемісіңе уылжыған не жетеді?!
Толқыны төңкерілген Шайтанкөлдің,
Жанымды самал болып тербетеді.

Ғанибет, ғажап бейне күлімдейді,
Сұлушаш – ол!
                      Әркімге  білінбейді.
Сырбаздың сәмбі талдай ажарынан,
Айнасы Шайтанкөлдің дірілдейді.

Тарихым тау басында түйіскендей,
Ақындар шабыттанар сый ішкендей –

Шайтанкөлдің ай қонған айдынында,
Құмарлана қос аққу сүйіскендей!

Құнанбай мешіт салып бегім елден,
Дін жолын жалғағанды  меңіреуден.
Мәдидей марқасқалар туып, мұнда –
Қасымдай ақын бабам тебіренген!

Сазымен самал болып сай-саланы,
Мәди әні мамырлай аймалады.
Жұтқанда дертке дауа самалыңды,
Жаным сергіп, көңілім жай табады!

Сен деген шөлім қашан қанады екен?
Бүгінің базыналы дана мекен.
Жылаған Сұлушаштың жасы бүгін,
Протонның уы боп тамады екен!

У шайған болсада мен, бірақ-тағы,
Суыңды бал деп ішем бұлақтағы.
Сен менің жүрегімнің мекенісің –
Арқаның төріндегі жұмақ бағы!

Бұқардың бүгінгі әні...

(өз тілімізді өзімізге насихаттайтын
жиындарды көргенде туған жыр)

Ұлытаудың басында күйім қалды...

Тілім бар-ды тоқтатқан құйындарды!
Көргенде бір күлемін, бір жылаймын,
Тілі үшін жанталасқан ұйымдарды!

Бақ тайған заманым тұр, жанарымда-ай!
Семей мен Балқаш...
                                 шіркін, Аралымды-ай!
Қызыл тіл...
            Сенің-дағы тозғаның ба?
Қытайдың өтпей қалған тауарындай!

Еңіреп, егіліп құр жылай берем...
Сан секталар тілдесіп құдайменен,
Аллаға сан дұғамен ұнайды екен!
 ... Апырмай, Абылай-ай!
                                Қалай көрем?!
(Жанымды жабыққанда жамайды өлең.)
... Ертең бәлкім, таңдағы аласұрып,
Атпай ма екен, сан түрлі арайменен?!

... Әнім тоз-тоз ...
                           Орнында құйын қалды!
Ұлытаудың басында күйім қалды!

...Жылап тұрған сахнада – қазақ тілі,
Кезіп жүрмін, жарымжан жиындарды!

Бойдақтық жыры

Тоқтарымды қай күні біле алмадым,
Сезіммен көп сенделдім біле алғаным.
Махаббат майданының батырындай,
Семсеріммен сан қызға жыр арнадым.
... Сан сертімді айтсам да, ару қыздар,
Кешіріңдер, сөзімде тұра алмадым!

Өздеріңмен бақытты құра алмадым!

Күй-күмбірдей төгіліп жатса жаным,
Сезім болды кештерде аңсар әнім.
Өзгелердей ойлаған жоқпын қыздар,
Атыруды сендермен таң шапағын.
... Иманды жан болмасам да тірлікте,
Имандай шын!
                Тек сезім аңсағаным!

(ЖОҚ БҮГІН СОЛ СЕРГЕЛДЕҢ, АРСАЛАҢЫМ !)

Өздеріңмен өмірім өтсе дедім,
(Ит боп кетсін, жүрегім бүксе менің!)
Барлығыңнан тағдырым алыстатты,
Өзім әлі білмеймін көп себебін.
... Арбаса да көзімді бөкселерің,
Махаббаттын!
                  Бар менің көксегенім.

МЕН ӘЛІ КҮН СЕНДЕРГЕ КӨП СЕНЕМІН!

Кешіріңдер, арулар, ай мүсінді,
Барлығың да әдемі ең, Ләйлі сынды!
Кешіріңдер, арулар, көздеріңде
Мұң қалса егер, бәлкім, зор қайғы сынды!
... Шерте бермей шерімді, қыл қобыздай,
Тоқтатайын бойдақтық жайлы сырды...

ЭХ, АРУЛАР ...
               АРУЛАР, АЙ МҮСІНДІ!







Байқоңыр базынасы

Байқоңырдан ұшып шыққан қырандар,
Сарыарқадан аса алмай құлап жатты!
Бұлақтардан бар шындықты сұраңдар!
(Керең әлем естімей құлақ жапты?!)...

Неге айға ұлиды әр кез Көкбөрі?
Қорқытыңның қобыз зары төккені.
Протондарға толды дала бөктері,
...Елдің мұңын кім айтады, өкпелі?...

Не жазады дала тарих дәптері,
Түрік те жоқ! Ту талақай тектері!
... Гептилден бе? Ұша алмай жүр Арқаның,
Үш қанатты мутант болған кептері!

Сөздерінен көрінбейтін қайыр тұл,
Бұл заманда өлеңшілер – шайыр кіл!
Протонның әсері ме, білмеймін,
Мутант болдық, аузымызда айыр тіл!

Ұмыт болған өз бабасы сақтары,
Өзге тілде қасарысқан жақтары,
Бес әріппен шешілетін бақтары,
Өзі – шатыс!
                Ойы – батыс шатпағы,
Гептилден-ау?!
               Мутант ұрпақ қаптады!

Туған жердің азап мұңы елге сын!
Ұрпағымыз ұсақталып жерде шын,
Бақа, шаян, құмырсқаға айналып,
Абылайдың көрген түсі келмесін?!

Әлем бізді барысқа әр кез теңейді!
Ол да тәуба...
                  Тышқансыңдар демейді?!
Байқоңырды елу жылға беріпті...
Оттап қалғыр мына жәшік не дейді?!

Қоштасу

Тағдырым жазып, өмірден ертең өтсем де,
Болмайды саған ренішім,
                                        тіпті өкпем де.
Қабіріме бір кеп тұрсаң, болғаны
Сезім қосқан сыңарым, деп, көктемде.

Кешіргін мені!
                   Санасаң қате көп менде,
Өтінем бірақ, сол үшін мені жек көрме.
Өкпелеп маған, теріс пиғылда болсаң да,
Тілеуің тілеп жүремін әр кез көктерде!

Өтермін жаным, амалым болмай тағдырға,
Аларсың еске нөсерлеп жауған жаңбырда.
Періштем менің!
                      Өкпеңді айтпа өмірге,
Жүрген де жақсы, Алланың бір сәт алдында.

Ақыр ет соғып, тоқтайды ғашық  жүрегім,
Оңай болмасын,
                             қиын соғарын білемін.
Жүрегімдегі сезімнің туын түсіңде,
Жан-жүрегіңе аманат етіп тігемін!

Бір күндей біткен, көкжиек асып батайын,
Қол бұлғап мені шығарып салшы, ақ айым!
... Қабіріме суретіңді тасташы!
Тым болмаса, соны көріп жатайын.

P.S. Мұңға батпа, жүрегіңді жылатпа,
Сезім туын өтінемін, құлатпа.
Шын ғашықтар қосылмаса өмірде,
Қосылады, деуші еді ғой, жұмақта!

Табыну

Еркін кезген жанымды киікпісің?
Басын саған табиғат иіпті шын.
Ақ қайыңның сұлулығы керемет!
Бірақта сен одан да сүйіктісің!

Құпиясы не деген сиқырлы шын,
Гүл-табиғат тербетсе күй-күлкісін.
Мөлдіреген ақ бұлақ та әдемі,
Бірақта сен одан да сүйкімдісің!

Аққудайын аяулым аппақ мүсін,
Таңым болып әрқашан атпақпысың?
Жан қысылса өмір  дәмді көрінер,
Бірақта сен одан да тәп-тәттісің!

Ақ айдынның үстінде жұмақ бағы.
Аққулардың ішінде шын аппағы,
Көрінер-ау үлбіреген мамық боп,
Сен одан да жұмсақсың бірақтағы!

Саған басын иіп ерлер еңселі,
Алақанда әлдилейді жер сені.
... Аяулым-ау, айтайын ба шынымды,
- Бұл өмірден артық сүйем мен сені

Зар заман
Арда мұңның арқасына өрмеледім,
Босағада - өзіммін. Төрде - өлеңім.
Өмір – биік,
              етегінде – жүрегім,
Ал бастағы ақылым - өрде менің.
Адастырмай шындық пен жалғанымды,
Тұңғиықтан іздеймін арманымды.
Мен бүгін қызыл тілге тиек салып,
Елге жаям, зар заман зардабыңды...
Қайдан ғана құрымас ұрпағымыз!
Бізді құрту соқпаса еш қиынға.
... Бөгей алмай бүгінде еш тиым да,
Қыздың ары сатылды бес тиынға!
Жоқ бүгін бұрынғының Баяны да,
Бар кінә бұл заманға саяды да.
Қариясы жоқ бүгін қазағымның
Ақыл айтар сүйеніп таяғына.
Ақша қуған алақан аялы ма?
Ақ аналар жоғалды баяғыда.
Қазақ тілі жатыр – ол, тапталынып,
Өзге емес қазақтың аяғына!
Жоқ Қозы! Жүретұғын жау тылында,
Зар жылайды беріліп жалқы мұңға.
Көздері жігіттердің осы күні,
Қыздардың жүрегі емес, балтырында.
Бұл көмір маңдайдағы алтыным ба?
Бір апта жылынасың алты мыңға!
Алтында емес қазақтың қолы бүгін,
Сол баяғы өзінің алқымында!
Терезесін темір тормен көмкере,
"Қарттар үйі", тұр түрмедей өң бере.

Өгейсіген өз ұлының кінәсін,
Әкесі отыр иығына өңгере!
Бастарын айналдырған секталары,
Кей қазақ өз досынан кек табады.
Дастарханы төрінде бұл қазақтың,
Бір жүреді арақ пен ет-табағы!
Дәретіңді сатқан мына қалада,
Отыз теңге әудем жерге баруың!
Жамиғатым қол салмассың жағаға,
Бұл да менің шын өмірді тануым!

Білмеймін. Жұмақпенен тозақ қайда?
Тозақ өмір бізді әлі азаптай ма?
Білмеймін мен. Күдік пен күмән басым,
Барасың, бұл түріңмен қазақ қайда?!

Еркіндік жыры

(Тұрсын Жұмаш ағамның аруағына бағыштадым)

Қырандар ғана ұшатын биік бар,
Қарғалар ұшады төменде!
Таңдайда-шөл, кеудемде-күйік бар,
Әйтпесе, нем бар өлеңде?!
Тұрсын ЖҰМАШ

Біз қайда бара аламыз бұ халықсыз?!
Әйтсе де, тарландармыз бұғалықсыз!
Шер даланың даттарын айтуға біз –
халықтың көз-жасынан құралыппыз!

Аспандай ақшаңқан кетсем иіп,
Көңілімнің төрінде желсе киік,
Қасқайып тұрам, мәңгі!
Еңсе биік!

Еңсесі еңкеймейтін, хас сақтың ұрпағымын!
Етегінде – мен,
төрінде – Мұқағали жыр тағының!
... Даламды Шәмші әні тербетеді.
Керегі не,
               Джексонның  қырт әнінің!
... Төбемнен нұрын төгіп тұр, тәңірім!

Тәңірім – барыс емес, жүнін жыққан!
Көк Бөрінің аузынан үнім шыққан!
Түнімен хауызына гүл сіңіріп,
Тамады таңға жақын жырым шықтан!

Болатын дертінен күз!
Домбыраның күйінде шертілер, біз,
Көшпелі хас сақтардай,
АҚЫНДАР – ЕРКІН ЕЛМІЗ!

Еркін жырды жүректерден ұшырып,
Жүргендерміз елге нәсіп ұсынып.

... Миссиямыз біткен кезде Тұрсынның,
әкетеді, жіберген бір құсы іліп!

Менің түсінігімше!

"Махаббат та шың сияқты,
Қыран тектес жандар ғана
шыға алатын басына! "
М.Шаханов

Біз айтамыз ғашық болсақ,
Бір сұлуға асық болсақ,
" Сезімнің шапағаты
жанымызға түсті " деп.
... Негізінде –
аққуменен киттердің махаббаты
адамдардың сезімінен күштірек!
Айдындағы аққудың
                 жоғалса бір сыңары,
Өмірі әлгі аққудың бір сынады.
... Ғашығы өлсе, өмір сүре беретін,
Тірлігі адамдардың құрсын әрі!
Мұхиттағы бір киттің,
өлтірсе ел серігін,
бұзбай сертін, һәм сенімін,
Ол да өледі!
         Шығарып соңғы ер үнін.
... Адамдардың сезімінен түңілем,
Ғашығы өлсе, араққа берер ерігін!
    Адамдардың махаббаты жауапсыз,
күтуден де жалығады, тағатсыз.
Шын махаббат сүйе білер мәңгілік,
Шын махаббат сүреді өмір сағатсыз!
Қораз-сезім қоқиланған айдарлы,
Бұл заманда жігіт те аз айбарлы!
... Жарық қылар ажарымен түнекті,
    Табу қиын осы күні Жібекті!
Содан бәлкім,
                 махаббаттар тұрақсыз,
жүректері қуатсыз,
жанарлары шырақсыз!
Ондайлардан салқын қалар ызғырық,
Келсе-кетсе жүрегіңе ысқырып!

P.S. Алла жар боп айрылмасын сүйгендер,
Ей, шайтандар! Пәк сезімге тимеңдер!
Шын ғашық деп айтылуға құқы жоқ, -
Сүйгені өлсе бірге өлетін,
ерліктің де сиқы жоқ,
Өлімге емес, өмірге бас игендер!
Ондайларды адам деме, дию де,
Татымайды ол! Ар отына күюге!
Жүрегінде жалыны жоқ адамның,
ЕШ ҚҰҚЫ ЖОҚ СҮЮГЕ !




 

Кері қайту


Мирзахметов Алмаз

Неге?

Қараңғы түнде,
Дүрсілдеп кеуде,
Бір соқыр сезім жетектеп бейне.
Ерніңді сенің,
Іздеген едім,
Таптым да сүйдім жұмаққа ендім!
Бал-шырын сордым,
Бір ысып, тоңдым,
Құс болып жәннәт бағына қондым.
Махабат жалын,
Күйдірді,жандым,
Тіліңнен сорып сезімнің балын.
Жүрегім сәл-ақ
Қалардай тоқтап,
Көркіңе сенің қарадым көз сап,
Сүйікті жаным,
Мынаған таңмын,
Неге жай үнсіз сен жылап жаттың ?

Сүйем сені...

Сүйем сені, дауа бар ма жүрекке,
Жыртылардай соғып жатыр құр текке.
Жөтелгенде от шығады аузымнан,
Ауа жетпей тұншығады өкпе де.

Сүйем сені, басқа менде жоқ амал,
Арбап алды жаутаңдаған қос жанар.
Қылығыңнан айналайын, сүйіктім.
Ал көркіңе әр бір пенде таңқалар.
Махаббаттың күпісі-ау кигенім,
Арманым да, талғамым да сен едің.
Қайта-қайта айта бергім келеді
Сүйем сені, сүйем сені, сүйемін!

***

Қайран басым, сол бір сөзден әлі үміт күтетін,
Қырық жамау жүрегімнің сүйетіннін білесің.
Неге онда қатігез боп, Қасарысып кеткенсің,
Әдейі кеп жігітіңмен көз алдымда жүресің.

Жүрегімді қанжарменен тілгілейсің, кесесің,
Қан жұтамын, тұншығамын,  онымды да сезесің.
Бұның үшін кешірмеймін, жек көремін, бірақ та...
Амал бар ма...      баяғыдай...     мен өзіңді сүйемін...

***

Сеніп қалдым сол алдамшы сезімге,
Тастадыңда кете бардың өзгеге.
Білесің ба?
Жек көремін мен сені,
Бірақ...
бірақ...
әлі дағы...
сүйем бе?

***

Есінде жоқ сүйіктісі кешегі,
Қол ұстасып бүгінгімен келеді.
Бұл дегенің «ОПАСЫЗДЫҚ» жаным-ау,
«Опасыздың» жоқ болады —ЖҮРЕГІ!

***

Мен отырмын бөлмеде,
Қайғының қара шапанын жауып алып үстіме.
Сенесің бе?
...тонамын
Терезеден көктемнің алтын нұры төксе де.
Неге тоңдым соншама?
Суық тиді,
жоқ, әлде-
аяқсыз қалған сезім бе?
Бейне...
самырқау күйде бар дене.
Жүрегіме «тұр» деймін,
«сілкін»,
«оян»,
«егілме»!
Жауабы жоқ махаббатқа еш кінәң жоқ...
...өкінбе!
Кірпігім-ау,
ашылсаңшы,
қарашы
көктем келді, дала жақсы
Қарашы
көзіңді ашшы!
Құлағым-ау,
естисің бе, құстарды
Мың құбылған дыбыстар
Сүюшең-ғой,
сүюшең-ғой осы әнді.
Ояншы,
Ояңындаршы!
Сүймейді деп сол бір қызды
тоңбашы!
Жүр, кетік, аспанға ұш
самғашы,
Мына ӘЛЕМ қандай сұлу
Қарашы...
тоңбашы...
ояншы...

Сенің көзің...

Сенің көзің мен оны ұмытпаймын,
Ол бейне бір мөп-мөлдір бұлақтайтын.
Ол тіпті тұңғиық кеңістіктейтін,
қарап тұрсаң құдай-ау тереңдейтін.
Ол мені шақырып тұратындайтын.
Ол менің көз алдымда ұмытпаймын.

Мейлің мен сенен қашықта  болсамда,
Көзімді жұмсам болғаны сенің көзің тұратын.

 мен сені сағындым
                         мен сені сүйем...
Астана 2006 ж

Жұлдыз

Отырдым да үйде жалғыз,
Не істерімді білмедім.
Көргім келіп жұлдыздарды,
Көзімді еш ілмедім.

Көк майсаға жатып алып,
Жұлдыздарға үңілдім.
Бір жұлдыздың ағып түсіп,
Жоқ болғанын мен көрдім.

О, құдай-ай, бір адамның,
Үзілді ме ғұмыры?
Тұрды менің құлағымда,
Әлде кімнің сыбыры.

Әр бір жұлдыз бір адам ба?
Бәсе жұлдыз неге көп?!
Осы ойым ойландырып,
Қойды мені шегелеп.

Өз-өзіме сөйледім мен:
-Ал менікі қайда? - деп.

Іздедім мен жұлдызымды,
Бірақ оны таппадым.
Дәптеріме түсірдім мен,
Қиялымды шап-шағын.

Ерке қызға!

Ой, Ерке қыз қандайсың,
Ағарып атқан таңдайсың. 
Білімің мен көркіңмен,  
Жігіттің көңлін жаулайсың.

Көрсең де мені көрмейсің,
Ақынға көңіл бөлмейсің.
Жақсылап өлең шығарып,
Маған әкеп бер!- дейсің.

Өлеңім саған ұнай ма?
Жаз деп өлең сұрай ма?
Еркелеген,ерке қыз!
Құшағыма құлайма?

Күлімдейді күн көзің,
Ұнай ма саған бұл сөзім?
Өлеңім жазған ұнар-ау,
Ұнаймын ба мен өзім?!

Көктем

Көктем келіп,
Қарлар еріп,
Аспан шайдай ашылды.
Жылғалармен 
Сулар ағып,      
Алтын шуақ шашылды.
Бәйшешектер
Гүлін ашып,
Дала жайнап түрленді.
Ағаштар да
Жасыл тартып,
Бұтақтары бүрленді.
Мейрамымыз
Наурыз келіп,
Барлық ауыл тойлады.
Алыс жақтан
Құстар жетіп,
Торғай ұшып қонады.
Қой да қоздап,
Түйе боздап

Жаз

Жаз келді
Жайраңдап.
Біздерді қуантып.
Үш айдық
Демалыс,
Келгенде қуандық.
Дала да,
Қала да,
Бәрі де тамаша.
Тауларға,
Бауларға         
Судан да
Шықпадық,
Демалыс келгелі.
Жаз деген
Керемет
Жаз деген – көңілді!

Жан ана

Көкрегімде жұдырықтай жүрегім соғып тұрғанда,
Болып өтем мен өзіңе қарыздар боп жан ана.
Күн көзіндей мейірімді жанарыңа табына
Борышымды өтемесем баламсың деп санама!

Мен өзіңді өмірден де артық жақсы көремін.
Алақаның аялаған өмір көзі дер едім.
Бар дүние кереметі асыл ана тек сізде,
Керек десең жүрегімді суырып-ақ берейін.

Анама

Өмірге өмір жалғадың,
Көтеріп барлық салмағын.
Бес балаңды өсіріп,
Бақытты қылу арманың.

Құрсағыңда жаралдым,
Ақ сүтіңнен нәр алдым.
Әр бір айтқан сөзіңнен,
Жылу алып жандандым.

Өмірдің көріп пәктігін,
Қойныңда өтті әр күнім.
Мектепті енді бітірем,
Қатады ана қанатым.

Бұл заман қатал байқадым,
Нарық боп кетті әр адым.
Қиында болса қамықпа,
Әлі-ақ атар ақ таңын.

P.S.Тағдырдың тартып салмағын,
уайымдап ана солмағың!
«өмірден өкпек шаршадым»
- деп ана тоқтап қалмағың!

бір жолын бұл тағдырдың,
әлі-ақ іздеп табармын!

***

Тағдыр бізге сұмдырын аямады,
Кең құшағын қымтады, жаялмады.
Кедергісі көбейіп күннен күнге,
Көңілімді уайымға көп бояды.

Жолымды да бөгеді, елеңдетті,
Қара бұлтын төндірді, себелетті.
Түзде қалған баладай сезіндірмей,
Бақытыңнан бір үзім берсең нетті?!

Күздің сиқы

Жапырақсыз ағаш,түсі қашқан,
Жылауық бұлтпен, тұнжырап аспан.
Суық боп жел де, сүйектен өтіп,
дегендей: «күздің құдіреті асқан»

Құстар да ренжіп алысқа ұшты,
Жапырақ заты қара жер құшты.
Көңілде қылау, көзімде ұйқы,
Мінекей осы бұл күздің сиқы.

***

Міне жаным күз келді,
Күңіреніп құлазиды түз енді.
Жыламсырап жауын да тұр сіркіреп,
Жағаңнан кеп жылан жел де үреді.

Киімінен айырылып жалаңаш,
Тоңғандай бір бүрсиіп-ап тұр ағаш.
Уайымдайды, толқындайды қара көл
Қайтсін енді халін ешкім сұрамас.

Табиғат

Аспан мен жер,
Бұлт пен жел,
Су мен құм,
Тау мен бел.

Жұлдыз бен күн,
Қараңғы түн,
Ағаштар бәрі,
Ауа, түтін.

Қоршаған бізді,
Қыс, жаз бен күзді,
Барлығын бәрін,
Табиғат дейді.

 

 

 

 

Кері қайту


© Н.В.Гоголь атындағы Қарағанды ОҒӘК