Жүсіп Алтайбаев
(1911-1987)
Ж.Алтайбаев 1911 жылы 5 қаңтарда Жезқазған облысы Шет ауданының 10 ауылында дүниеге келген. 1928 жылдан 1932 жылға дейін Қарқаралы педтехникумында оқып, 1934 жылы Қазақ мемлекеттік университетіне түскен. 1960 жылы КОКП ОК жанындағы Жоғары партия мектебін бітірген. 1933-1971 жылдары "Лениншіл жас" (қазіргі "Жас Алаш") газетінің Қарағанды облысындағы тілшісі, жауапты хатшысы, редакторы, "Қазақстан пионері" (қазіргі "Ұлан") газетінің жауапты хатшысы, "Вожатый" журналының редакторы, "Комсомол" баспасының Бас редакторы, "Социалистік Қазақстан" (қазіргі "Егемен Қазақстан") газетінің жауапты хатшысы, Талдықорған облысы "Сталиншіл" (кейін "Жерұйық"), Семей облысы "Екпінді" (қазіргі "Семей таңы") газеттерінің редакторы, ҚазТАГ-тың директоры, Қазақстан Журналистер одағының жауапты хатшысы, ҚР Телевизия және радиохабары жөніндегі мемлекеттік комитеті төрағасының орынбасары, сатиралық "Ара" - "Шмель" журналының Бас редакторы болды (1961-1971).
Баспасөзде 1938 жылдан көріне бастады. 1965 жылы алғашқы сатиралық жинағы "Нақ-нақ" жарық көрді. Кейін "Сыпырғыш" (1969), "Ұя-тай" (1973), "Түлек" (1977), "Бұзаулы сиырға арзан домбыра" (1978), т.б. фельетон, сықақ, әңгіме, повестер жинақтары басылды.
Аударма саласында: Н.Гогольдің "Диканька хуторы маңындағы кештер", И.Тургеневтің "Қарсаңда", М.Горькийдің "Фома Гордеев", Р.Джованьолидің "Спартак", И.Ильф пен Е.Петровтың "Алтын баспақ", "Он екі орындық" романдарын аударды.
3 мәрте "Құрмет Белгісі" орденімен және медальдарымен марапатталған.
***
Журналист-сатирик туындыларын оқып отырып, оның сатиралық творчествосының бірсыпыра белгілерін аңғаруға болады. Ең алдымен, автор фельетондарын үнемі дерлік шартты етіп жазады. Фактілердің болған жері, мерзімі дәл көрсетілмейді, кінәлі адамдар аты-жөні ойдан қойылады. Бірақ, фельетондарда өмірден, жеке адамдар тірлігінен жинақталып, қортындалып алынған іс-қылықтар сөз етіледі. Көз көріп, құлақ естіп жүрген өмір шындығы қозғалады. Ел оларды оқығанда-ақ "мынау пәлен жерде болған оқиға сияқты екен", "мынау біздің Түгенбаевтың дәл өзі екен" деп, ұқсас фактілерді айтып, ұқсас адамдарды атап жатады. Көп "сабаздар" "осы мені айтып отырған жоқ па?" деп, селк етіп, секем алып, іш жиып қалады. Аяғын андап басып, жөнімен жүруге мәжбүр болады. Демек, шартты фельетондардың да әшкерелеушілік, тәрбиелік мәні зор.
Жүсіптің шартты фельетондармен жиі әуестенуі тегін емес. Ол көбіне "Ара" журналы үшін жазды. Кезекті номері үш ай бұрын дайындалып қоятын саяси сатиралық журналға жанрдың осы түрі тиімді еді.
Ж. Алтайбаевтың сатиралық шығармалары келелі, салмақты мәселелерді қозғайды, көптің көңіліндегі проблемаларды көтереді. Мысалы, ел ішіндегі бақталастық ("Онда не тұр"), кейбір заң орындарындағы ымырашылдық, тамыр-таныстық ("Келіңіздер, танысалық", "Құнан дауы"), тәжірибе алмасуға келуді мейрамға айналдыру ("Желке неге қышыды"), елуде еңбегіміз еленбеді, алпыста атаусыз қалдық, шапан жамылмадық, орден тағынбадық деп өкпелеу ("Көсеге кұрмет"), жиылыс-мәжілістерді өткізудегі бос даурық, көзбояу ("Сіздерді сендіремін"), адам, қанаты – жылқы парқын білместік ("Еске алынды"), дүмше ғалымдық ("Диссертация"), тіл құралдарын қолданудағы парықсыздық ("Шын сырым"), қулар арасындағы құраншылдық, діншілдік ("Байтал түгіл бас қайғы", "Мүтәуалли") сияқты толып жатқан "шылық" бір қаулы қабылдап, бір фельетон жазумен құри қалатын дерттер емес. Олар көптен құрымай келе жатқан, көп жерге-ақ, көп елге тән, әлі де ұзақ өмір сүретін жаны сірі дерттер. Журналист сатира найзасын қолға алып, соларға атой салады. Оның сықақтары осысымен құнды. Шартты фельетон біткеннің бәрі бірдей мұндай көкейтесті жайларды көтере бермейді.
Жүсіп фельетондары проблемалы етіліп шартты түрде жазылатындықтан, беллетристикалык шығармалар деңгейіне көтеріліп, ара-жігі сықақ әңгімелермен астасып, соған ұқсап кетіп жатады. Бір ескертер нәрсе: тәжірибеде фельетон-әңгіме және сатиралық әңгіме дегендер бар. Соңғысы, алдыңғысына қарағанда, оқиғаны қамтуы, қарпуы жағынан сыйымдылау келеді, онда оқиға шиеленісі тығыздау, кейіпкерлер қақтырысы күрделірек болады. Оның оқушыға әсер ету күші де басым. Өйткені, онда фантазияға еркінірек жол беріледі, көркемдік құралдар молырақ, бейнелі баяндаулар кеңірек колданылады. Осы белгілер тұрғысынан қарасақ, Жүсіптің жазғандарының көбісі фельетон-әңгіме.
Ж. Алтайбаев өз фельетондарында оқушысын еріксіз езу тартқызып, жымита, күлдіре отырады. Ол көптің көңілін ашар, сүрінгенге демеу болар ақ пейілден туған ақ мылтық күлкісін алуан-алуан амалмен, түрлі-түрлі тәсілмен шақырып отырады.
Бірде оның қуақы күлкісі сөз күшімен тудырылса, бірде іс-әрекет арқылы, енді бірде тапқыр пікір, тағы бірде сұмпайы сурет-портрет арқылы тудырылады.
Жүсіптің жай әңгімелері де сыршылдығымен, шыншылдығымен, иі қанған елес, суреттерімен тартымды. "Шиті", "Ұзынақ" әңгімелерінде аңшылық сырлары, тұзақ салу, қақпан құру, кұс ату тәсілдері, ат сыны, киік қасқыр әдеттері, "Айқас" әңгімесінде коллективтендіру кезіндегі атыс-шабыс елестері нанымды суреттелген. "Қаратөбел" әңгімесінде бәйгеге ат қосып, Ақан сері сияқты қиянат көрген Сақауқара тағдыры, Кұлагер кұсап қолды болған қаратөбел ат жайы егілте баяндалған. Бұл әңгімелер оқу-шыны шым-шытырық, қызықты оқиғасымен, риясыз сендіретін күшті-күшті мотивировка, шебер тіл, жатық стилімен баурап отырады.
Ж. Алтайбаев - үлкен аудармашы да. Н. В. Гогольдің "Диканька маңындағы хутор кештері", И. С. Тургеневтің "Қарсаңда", Максим Горькийдің "Фома Гордеев", И. Ильф пен Е. Петровтың "Алтын баспақ", "Он екі орындық" романдарын қазақша сәтті сөйлеткен - осы Жүсекең. Оның •аудармасы ой-пікір дәлдігімен, тіл, стиль жатықтығымен ерекшеленеді. (Темірбек Қожакеев)